Имам Тахауи: Нақтысын білмей, күмәнданып тұрған нәрсемізге «Аллаһу аъләм» дейміз...
Имам Тахауи: Нақтысын білмей, күмәнданып тұрған нәрсемізге «Аллаһу аъләм» дейміз...
2 жыл бұрын 2856

 Имам Тахауи:

وَنَقُولُ: اللَّهُ أَعْلَمُ فِيمَا اشْتَبَهَ عَلَيْنَا عِلْمُهُ

«Нақтысын білмей, күмәнданып тұрған нәрсемізге «Аллаһу аъләм» дейміз».

 

Ханафи ғұламалардың үйреткен ережесі бойынша: Әлдебір діни мәселенің, әсіресе, сенімге байланысты мәселенің үкімі нақты білінбей, күмән тудырып тұрған болса, ол кісі ең алдымен оның мәнін немесе үкімін Аллаға тапсырып, Алладан болған нәрсенің ақиқат екендігіне сенуі тиіс. Екіншіден, білетін ғалым кісіні тауып, ол үшін түсініксіз болып, көкейінде күмән тудырып тұрған мәселенің анық-қанығын біліп алғаны жөн. Көкейде күмән туындаса, оған жауаптар тауып, оны бірден жоюға тырысып бағуы тиіс, күмәнді сол күйінше қалдырмауы керек.

Адам баласының барлық нәрсені білуі мүмкін емес. Барлық нәрсені жете ұғыну, тек Аллаға ғана тән сипат. «Бәрін біледі» дейтін періштелердің өздері Алла Тағалаға: «Сенің бізге білдіргеніңнен өзгесін біз білмейміз» деген[1]. Басқа бір аятта Алла Тағала: «Сендерге аз ғана ілім берілді» - дейді[2].

Оның үстіне адамның ақылы шектеулі. Көп дүниенің мәнін, оның шынайы келбетін ұғына бермейміз. Сол себепті, әлдебір діни мәселеде, әсіресе ақида тақырыптарында біздер үшін түсініксіз болып тұрған және мәнісін ұғына алмай тұрған тақырыптар кездесіп жатса, бірден күмәнға түспей, «Аллаһу аъләм», яғни, «Алла жақсырақ біледі» деп, ол нәрсенің астарындағы мәнін және анық-қанығын Аллаға тапсырған жөн.

Мысалы, «Рахман Алла аршыға истиуа етті» деген аятты алалық. Бұл аяттың мәні біздер үшін жабық. Оның астарындағы мәнін толықтай ұғынуға ақылымыз жетпейді. Сол себепті, оның ақиқат екендігіне сенеміз, иман етеміз, өйткені Құранда айтылып тұр, бірақ астарындағы шынайы мән-мағынасын Аллаға тапсырамыз. «Астарында Алла Тағала нені мақсат етіп тұрған болса, соған иман етеміз» - дейміз.

Бұнымен қатар, фиқһи мәселелер төңірегінде тұжырым білдіру барысында «Аллаһу аъләм» деу -сонау сахабалардан келе жатқан үрдіс. Олардан кейінгі буын - суннит ғұламалар арасында да әлдебір мәселеге қатысты байлам айтқаннан кейін «Аллаһу аъләм» деп айту әдеті қалыптасқан.

*«Аллаһу аъләм» деген – «Алла жақсырақ біледі», «Ең дұрысы – Аллаға мәлім» деген мағыналарға саяды.

А. Қасым.


[1] Құран Кәрім, «Бақара» сүресі, 32 аят.
[2] Құран Кәрім, «Исра» сүресі, 85 аят.

0 пікір