Сахаба Сәлмән әл-Фәрисидің Құдайды іздеу жолындағы саяхаты
Сахаба Сәлмән әл-Фәрисидің Құдайды іздеу жолындағы саяхаты
2 жыл бұрын 4996
Абдусамат Қасым
«Сәлмән бізден – әһли бәйттан!». Мұхаммед (ғалейһиссәләм) 

Бүгінгі қиссамыз, ақиқаттың ізінен қуып, Жаратушы Құдайын іздеген ардақты Сәлмән әл-Фәрисидің (оған Алла риза болсын) жер-жерді шарлап, ақыр соңында ақиқат діні – Исламды тауып, Мұхаммед пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жақын сахабаларының бірі болғандығы жайында болмақ. Бұл қиссаны оқып отырып, сахабаның хақты іздеу жолындағы саяхатында басынан неше қиындықтар өткеріп, неше жағдайларға куә болғанын сезуге болады. Әңгіменің тізгінін ардақты сахаба Сәлмән әл-Фәрисидің өзіне берелік:

«Исфахан (Иран) халқынан шыққан, ұлты парсы жас жігіт едім. «Жәйян» ауылының тумасымын. Әкем ауылдың басшысы және ауылдың ең бақуаттысы, әрі қадірлісі болды. Дүниеге келгенімнен бері әкем мені құдайдың барлық жаратылысынан қатты жақсы көрді. Әкемнің маған деген сүйіспеншілігі мен қамқорлығы күннен күнге артып, ақырында маған деген қорқынышынан мені бойжеткен қыздар ұқсатып, үйге қамап қойды.

Ол кездері мәжуси дінінде белсенді едім. Белсенді болғандығымнан, өзіміз табынатын оттың (ғибадатханың) шырақшысы қызметіне тағайындалдым. Міндетім – ғибадатханадағы оттың күндіз түні сөнбей жанып тұруын қадағалап тұру болды.

Христиан дінімен танысуы

Әкемнің бізге көп кіріс кіргізіп тұрған үлкен қожалығы болды. Ол өзінің қожалығын жүргізетін. Бір күні әкемнің ісі шығып қалып, өзі басшы болып тұрған ауылға бара алмай, мені жіберетін болды, ол маған: 

«Ұлым, шаруам шығып қалды. Бүгін сен барып, менің орныма шаруаны қарап қайт» деді. Мен қожалыққа қарай жол тарттым. Жолда келе жатып, бір христиан шіркеуіне кезіктім. Ішінен дұға жасап жатқан дауыстарын естідім. Олардың құлшылықтары менің қызығушылығымды оятты. Әкемнің мені адамдармен араласуымды шектеп, үйге ұзақ қамап қоюының салдарынан, Христиан діні жайында және жалпы діндер жайында хабарым болмады.

Құлшылық етушілердің дауыстары шығып жатқан шіркеуге кірдім. Ішіндегілердің не істеп жатқандарын көргім келді. Оларға мұқият қарадым. Олардың құлшылық ету тәріздері маған ұнады: «Біздің ұстанған діннен, мыналардың діндері жақсырақ екен», - дедім өз-өзіме. Осылай күн батқанға шейін қызығып қарап тұрдым. Әкемнің қожалығына бармадым. Шіркеудегілерден: «Бұл діннің шыққан түбі қай жерде?» - деп сұрағанымда, олар маған: «Шам өлкесінде» - деп жауап берді. (Шам, қазіргі Сирия, бұрынғы Византия аймағы).

Үйге түн болғанда қайттым. Әкем алдымнан шығып не істегенімді сұрады. Мен:

- «Әкетай, жолда бір шіркеуде құлшылық қылушы адамдарды кездестірдім. Олардың діндерінен көргендерім маған ұнады. Күн батқанға дейін солардың қастарында болдым» - деп, оның жіберген жеріне бара алмағанымды білдірдім. Менің сол күнгі ісім әкемді қорқытқан еді. Ол маған:

- «Ей, ұлым! Ол дінде ешқандай жақсылық жоқ. Сенің және аталарыңның ұстанған діні олардың діндерінен артық» - деді. Мен болсам әкеме қарсы шығып:

- Жоқ. Құдай куә! Олардың діндері біздің діннен жақсырақ, - дедім. Менің сөздерімнен әкем қауіптенді. Дінімді тастап, христиан дініне өтіп кетеді деп қорықты. Сөйтті де аяғымды кісендеп, үйге қамап қойды.

Күндердің бірінде мұрсат тауып, христиандарға хабаршы жібердім: «Сіздерге Шам өлкесіне сапар шегіп бара жатқан керуен келетін болса, маған білдіріңіздер» - деп, христиандарға сәлемімді жолдадым. Көп ұзамай шіркеулеріне Шам жеріне қарай жол тартып бара жатқан бір керуен аялдады. Оны олар маған білдірді. Мен әйтіп-бүйтіп кісенімді шештім де, керуенге ілесіп, жасырын Шам еліне кеттім.

Шам еліне келгенімізде, мен ордағы христиандардан:

- Бұл діндегі ең абзал дін адамы кім? – деп сұрадым. Маған:

- "Әсқұф" есімді кісі - деп жауап берді. Мен оған (Әсқұфқа) келіп, Христиан дініне өткендігімді және оның қасында жүріп, оған қызмет етіп, одан христиан дінін үйреніп, онымен бірге құлшылық жасағым келетіндігін айттым. Ол: «Кір» деді. Мен оның қарамағына кіріп, оған қызмет ете бастадым.

Алайда, жүре келе әлгі кісінің нашар адам екендігіне көзім жетті. Ол өзінің соңынан ілесушілерге садақа беруді насихаттап, сауап алуға шақыратын да, ал өзі болса «Алла жолына» деп берілген садақалардың бір тиынын да кедей-кепшіктерге берместен, өзінде қалдыратын. Осылайша жеті үлкен құмыра толы алтын жинап алды. Осыны көріп тұрып, оған қатты ашуландым.

Құдай қалаған күннің бірінде әлгі шіркеу әкейі қайтыс болды. Христиандар жаназасына жиналғанда мен оларға:

- «Тақсырларың нашар адам еді. Ол сендерге садақа беруді айтып, соған шабыттандыратын, бірақ қашан садақаларыңды әкеп табыстағандарың да, ол оның ешбірін міскіндерге бермей, өзінде қалдыратын» - деп айттым. Олар:

- «Мұны қайдан білдің?» - деп сұрағанда, мен оларға қазынасының орнын көрсеттім. Олар мен көрсеткен жерден іші алтын мен күміске толы жеті үлкен құмыра шығарды. Бұл қиянатқа ашуланған христиандар оны жерлеуден бас тартып, оны айқышқа керді да таспен атқылап, тас боран етті. Одан кейін олар шіркеу әкейі етіп басқа біреуді тағайындады. Бұл жолғысы тәуір еді. Мен өмірімде одан асқан тақуа, одан асқан діндар, одан асқан ғибадатшыл адамды көрмедім. Оны қатты жақсы көріп кеттім. Біраз уақыт оның қасында жүрдім. Күндердің күнінде оның күні келіп, өлім төсегінде жатқан шағында одан:

- «Уа, Пәленше! Сізден кейін кімге баруымды (шәкірт болуымды) кеңес етер едіңіз?» - деп сұрадым.

- Мен сияқты ешкімді танымаймын. Бірақ "Маусыйль" қаласында (ақиқатты) бұрмаламайтын, (шындықты) өзгертпейтін «Пәлән» деген адам бар. Соған бар, - деді. Діндес жолдасым қайтыс болғаннан кейін, оның айтқан кісіні іздеп Маусыйльға келдім. Іздеген адамымды тауып, оған келген мақсатымды айттым: «Маған пәлен деген кісі өлмей тұрып сізді кеңес етті. Сіздің де Ол сияқты ақиқаттың адамы екеніңізді айтты», - дедім. Әлгі адам: «Менің қасымда қал» деді. Оның қасында жүріп, оны да жақсы адам екендігін байқадым. Кейін оның да уақыты келіп, өлім төсегінде жатқан кезінде одан:

- «Уа, Пәленше! Сізге Алланың әмірі келді. Қалай ойлайсыз? Сіз менің жағдайымды жақсы білесіз. Кімге барып (шәкірт болуымды) өсиет етер едіңіз? Кімге барып, соңынан ілесейін?" – дедім.

Ол:

- "Ей, балам! Аллаға ант етейін, біздің жолымызда жүретін ешкімді білмеймін. Бірақ «Нусайбин» қаласында (қазіргі Түркияның оңтүстік шығысындағы, Сирия жерімен шегералас жерде орналасқан қала) «Пәленше» деген адам бар. Соған барып, соның соңынан ілес", - деді.

Әлгі кісіні жерлеп болғаннан кейін, Нусайбин қаласына қарай жол тарттым. Онда іздеген адамымды тауып, оған діндес жолдасымның жібергенін айттым. Ол «біздің қасымызда қал» деді. Осылайша, оның қасында жүріп, бұрынғы жолдастары сияқты оның да жақсы адам екенін көрдім.

Күндердің күнінде оған да ажал жетіп, өлім төсегінде жатқан шағында, одан да кімге баруымды сұрадым. Ол маған:

-«Балам, уаллаһи, біздің жолды ұстанушылардан қалған ешкімді білмеймін. Бірақ «Аммерия» қаласында (Палестина) «Пәленше» деген адам бар. Соған бар, - деді. Мен оның айтқан адамын іздеп барып, тауып, оған келген мақсатымды айттым. Ол «Менің қасымда қал» деді. Осылайша оның қасында жүрдім. Аллаға ант етейін, алдыңғы жолдастары сияқты бұл да тура жолда еді. Оның қасында жүріп, жұмыс істеп біраз сиыр, қой жинадым.

Медине қаласына келуі

Күндердің күнінде оның алдыңғы жолдастарының басына келген өлім оған да келді. Ол өлім төсегінде жатқан кезінде мен, оған:

- "Менің жағдайымды сіз білесіз. Сізден кейін кімге баруымды кеңес етесіз? Не істеуімді бұйырасыз?" – деп одан да сұрадым. Сонда ол маған:

- "Уа, балам! Аллаға ант етейін, біздің жолымымызбен жүретін жер бетінде ешкім қалмады. Бірақ, араб жерінен пайғамбардың шығатын уақыты жақындады. Ол - Ибраһим пайғамбардың дінімен жіберіледі. Ол өзінің туған жерінен, басқа жерге – екі тастақтың ортасында орналасқан құрмалы мекенге көш ететін болады. Оның бойында ашық белгілері бар (сол арқылы танисың). Белгілері: Сыйлық деп берілгенді жейді. Садақа деп берілгенді жемейді. Және де екі иығының ортасында «пайғамбарлықтың мөрі» бар. Сол жерге бара алсаң, бар! - деп, өсиетін айтты да, көз жұмды.

Діндес жолдасымның өлімінен кейін "Аммерияда" біраз уақыт қалдым. Күндердің бірінде, Аммерия қаласына «Кәлб» тайпасынан болған бір топ араб саудагерлері келді. Мен оларға барып, мені өздерімен бірге "араб жеріне" алып кетулерін айттым, ақысына меншігімдегі сиырларым мен қойларымды берем дедім. Олар келісті. Малдарымды бердім. Олар мені араб жеріне апаратын болды. «Құра аңғарына» келгенде (Мәдина мен Шам арасындағы бір аңғар), олар мені алдап, бір Йәһуди дініндегі адамға сатып жіберді. Солайша оның қызметіне кірдім.

Оған қызмет етіп жүргенде, қожайынның үйіне «Құрайза» (Йәһуди тайпасы) тайпасынан болған немере ағасының баласы келді. Ол мені көкесінен сатып алып, өзімен бірге Йәсриб қаласына (қазіргі Мәдина) алып кетті. Йәсриб қаласына барғанымда онда Аммуриялық жолдасым айтқан құрма ағаштарды көрдім және қаланың ол сипаттап бергендей екенін байқадым. Осылайша Йәсриб қаласында тұрақтадым.

Мен келген кезде Мұхаммед пайғамбар (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) Меккеде өзінің қауымын дінге шақырып жатқан болатын. Алайда құлдың шаруаларын істеп жүріп, пайғамбар жайында еш нәрсе естімедім.

Мұхаммед пайғамбар (с.а.у.) жайында естуі   

Күндердің күнінде Алла елшісі (с.а.у.) де Йәсриб қаласына көшіп келді. Аллаға ант етейін қожайынымның құрма ағашының басына шығып, құрма жинап отырғанмын. Қожайыным құрманың түбінде отырған тұғын. Оның қасына көкесінің баласы келіп:

- «Қайлә» тайпаларына (араб Әус және Хазраж) Алла бәле жаудырсын! Құдайға ант етейін, олар (Мәдинелік Әус пен Хазреж тайпасының арабтары) қазір «Құба» деген жерде, өзін пайғамбармын дейтін Меккелік бір кісінің қасына жиналып алыпты, - деді.

Естіген нәрсемнен есеңгіреп, аяқ-қолым дірілдеп төмендегі қожайынымның үстіне құлап кетуге шақ қалдым. Құрманың төбесінен әупірімдеп түстім де қожайынымның қасындағы адамға тап беріп:

- Не дейсің? Қайталап айтшы! – дей бастадым. Қожайыным ашуланып, маған қатты бір жұдырық жұмсады:

- Сенің шаруаң қанша? Жұмысыңа орал! – деп айқайлады.

Сол күні кешке жинаған құрмамнан біраз алып, пайғамбар тоқтаған жерге бардым. Қасына барып, оған:

- Халық сізді ізгі жан дейді. Айналаңызда өншең ғаріп, мұқтаж адамдар жиналған екен. Мына құрманы менен садақа ретінде қабыл алыңыз. Садақаға сіздің лайықты екеніңізді байқадым, - дедім де, құрмаларымды оған жақындаттым. Ол (с.а.у.) болса қасындағы сахабаларына:

- Жеңдер! – деді, бірақ өзі қолын құрмаға созбады. Өз-өзіме: «Бұл бірінші белгісі» дедім. Кейін ол жерден кетіп, тағы құрма жинадым. Пайғамбар «Құба» деген жерден шығып, Медине қаласына келді. Мен тағыда қасына барып:

-  Мен сіздің садақаны жемегеніңізді көрдім. Мынау менің сізге ұсынған сыйлығым, - деп жинаған құрмамнан ұсындым. Ол құрмаға қолын созып алып жеді және қасындағыларға да жеуді айтты. Олар онымен қосылып жеді. Өз-өзіме «бұл екенші белгісі» дедім.

Кейіннен Алла елшісінің «Ғарфад» мазарында сахабаларының бірін жерлеп жатқан кезінде келдім. Ол отыр екен. Үстінде шапаны бар. Оған сәлем бердім. Кейін бұрылып, оның арқасына қарадым. Ондағы ойым – Аммуриялық досым айтқан мөрді көрсем дегендік.

Алла елшісі (с.а.у.) менің оның арқасына қарағанымды көріп қалып, ниетімді түсінді де, арқасындағы жамылып отырған шапанын түсірді. Арқасынан «пайғамбарлық мөрін» көрдім. Мөрді тани кеттім. Сосын еңкейіп ол мөрді сүйдім де, жыладым. Алла елшісі (с.а.у.) менен не болғанын сұрады. Мен басымнан өткеннің бәрін әңгімелеп бердім. Басымнан өткен оқиғаларға таң қалды. Оны сахабаларының да естігенін қалайтындығын білдірді. Мен әңгімемді оларға да айтып бердім. Әңгімемді естіген сахабалар таңқалысып, өте қатты қуанысты» - деп ардақты сахаба Сәлмән әл-Фәриси ізденіс жолындағы бастан өткерген жайттарын аяқтапты[1]. Алла одан разы болсын!  


[1] Абдуррахман Рафат Паша: "Суарун мин хаятис сахабәти" - Сәлмән әл-Фәриси (радияллаһу анһ). Араб тілінде.

 

0 пікір