Адам бойындағы кез келген асыл қасиет пен мақтаулы мінездің ең биік үлгісі әрдайым ардақты Пайғамбарымыздан ﷺ табылады. Оның ﷺ кәміл мінезі мен адам айтқысыз адалдығының (уәпалығының) бір көрінісі – өзіне қолдау көрсеткен немесе титтей де болсын жақсылық жасаған жанды ешқашан ұмытпайтындығы еді.
Пайғамбарымыз ﷺ өзіне жанымен де, малымен де демеу болған сүйікті жары Хадиша (р.а.) анамызды өмір бойы сағынышпен еске алды. Айша анамыз (р.а.) былай дейді: «Алла Елшісі (с.а.у.) үйден шығар алдында көбіне Хадишаны еске алып, оған дұға жасап, мақтамай кетпейтін. Бірде қызғанышым оянып: «Ол бір кәрі әйел емес пе еді, Алла сізге одан да қайырлысын (жасын) берді ғой», — дедім. Сонда ол(с.а.у.) ашуланып: «Жоқ, Алла Тағала маған одан артығын берген емес! Жұрт маған сенбей теріс айналғанда, ол сенді; жұрт мені өтірікшіге шығарғанда, ол мені растады; жұрт менен көмегін аяғанда, ол маған мал-мүлкімен жәрдем берді. Алла маған басқа әйелдерден емес, тек содан перзент сүйгізді», — деді. Сонда мен іштей: «Бұдан былай Хадиша туралы ешқашан жаман сөз айтпаймын», — деп түйдім» (Ахмад риуаят еткен).
Пайғамбарымыз ﷺ Әбу Бәкір Сыддықтың (р.а.) көрсеткен құрметін де еш ұмытқан емесе. Әбу һурайрадан (р.а.) жеткен хадисте Пайғамбарымыз ﷺ: «Әбу Бәкірдің мал-мүлкі бізге пайда бергендей ешкімнің мүлкі пайда берген емес», — деді. Мұны естіген Әбу Бәкір көзіне жас алып: ««Уа, Алланың Елшісі! Алла маған тек сіз арқылы ғана пайда берген жоқ па?» — деп үш рет қайталағна екен. (Тирмизидің риуаяты).
Алла Елшісі ﷺ тіпті кәпір болса да, өзіне жақсылық жасаған жанның еңбегін елейтін. Мәселен, Бәдір шайқасында мүшріктер жағында болған Әбу әл-Бахтариді өлтіруге тыйым салып: «Кімде-кім Әбу әл-Бахтаримен бет-бет келсе, оны өлтірмесін», — деді. Өйткені ол Меккеде мұсылмандар қыспаққа алынғанда Пайғамбарымызға ﷺ еш жамандық жасамаған және оған тіл тигізуден тартынатын еді.
Сондай-ақ, Пайғамбарымыз ﷺ Меккеге Таиф сапарынан оралғанда өзін қорғауына алған Мұтим ибн Адидің де жақсылығын ұмытпады. Мұтим кәпір болып өлсе де, Бәдір шайқасында қолға түскен жетпіс тұтқын туралы Алла Елшісі ﷺ: «Егер бүгін Мұтим ибн Ади тірі болып, мына ласкәпірлер үшін менен араша сұрағанда, мен олардың бәрін соның құрметіне босатып жіберер едім», — деген екен (Бұхари риуаят еткен). Хафиз ибн Хажар мұны «жақсылыққа жақсылықпен жауап беру» деп түсіндіреді.
Түйін: Адамдардың жасаған жақсылығы мен ізгілігіне алғыс айта білу — адалдық пен адамгершіліктен туатын асыл қасиет. Пайғамбарымыз ﷺ бізге мұсылман адам өзіне жақсылық жасаған пендеге алғыс айтпайынша, Алла Тағалаға да шынайы шүкір етуші бола алмайтынын үйреткен. Кімде-кім өзгеден көрген жақсылығын бағалап, рахмет айтпаса, ол іс жүзінде Алланың нығметіне де лайықты түрде шүкір етпеген болып саналады. Өйткені Пайғамбарымыз ﷺ: «Адамдарға алғыс айтпаған адам — Аллаға да шүкір етпейді», — деген.