Намазда имам болудың әдептері
Намазда имам болудың әдептері
1 сағат бұрын 124
Имам Ғазали (рахимаһуллаһ)
  • Білім мен парасат: Имам ең алдымен намаздың үкімдерін, оның парыздары мен сүннеттерін жете білетін сауатты, намаз үстінде кенеттен орын алатын жағдайлар мен оны бұзатын амалдарды ажырата алатындай фиқһ ғылымынан хабары бар маман болуы тиіс.

  • Жамағаттың разылығы: Оны ұнатпайтын, жақтырмайтын қауымға имам болмайды.

  • Сап түзеу және ілім иелері: Намазда өзіне жақын, бірінші сапқа ілімді кісілердің тұруын қадағалайды. Жамағатқа жылы жүзбен, жұмсақ тілмен ишарат етіп, саптардың түзу болуын бұйырады.

  • Намазды созбау: Жамағатты жалықтырып, діңкелетіп алмас үшін өте ұзақ сүрелерді оқымайды. Сол сияқты, рүкүғ пен сәждедегі тәсбихтерді де тым ұзаққа созбайды. Бірақ намаздың кемелдігіне нұқсан келетіндей де өте тез де оқымауы керек. Намазды жамағаттың ішіндегі ең әлсіз, қарт немесе науқас адамдардың халіне қарай лайықтап оқиды. Олар орнығып үлгерсін деп рүкүғ пен сәждеде асықпайды, байсалдылық танытады.

  • Кідірістер: Намаз барысында: «Фатиха» сүресінің алдында, «Фатихадан» кейін (жамағат іштей «Әмин» деп үлгергенше) және сүре біткен кезде аз-кем үнсіздік сақтайды (кідіреді).

  • Жамағатты күту: Рүкүғте тұрғанда артынан біреудің келе жатқанын сезсе, артындағы жамағатқа ауырлық түсірмейтіндей деңгейде оның рүкүғке үлгеруін күте тұрады (алайда, біреу үлгеру үшін рүкүғды соза тұру Ханафи мәзхабында мәкруһ саналады). Сондай-ақ, намазды бастамас бұрын, көрші-қолаңнан немесе тұрақты жамағаттан көрінбей қалғандар болса, намаз уақыты шығып кетпейтіндей мөлшерде оларды тоса тұрады.

  • Сәлем беру мен шүкіршілік: Екі жаққа сәлем бергенде, олардың арасын сәл ғана кідіріспен бөледі. Намазды аяқтаған соң, Алланың өзіне нәсіп еткен бұл ұлы мәртебесі мен күнәларын жасырып, абырой бергеніне іштей үңіліп, Раббысына деген шүкіршілігін еселей түседі. Әрі әрқашан Оны зікір етуін тоқтатпайды1.

1Имам Ғазали (р.а.): «Әдәбуль Имам».

0 пікір