Мұхаррам айының қадір-қасиеті
Мұхаррам айының қадір-қасиеті
2 сағат бұрын 117 islam.kz/
Мұхаммед Нәжди

Жаратушы Хақ Тағаланың құлдарына деген шексіз мейірімінің бір көрінісі – сауаптан құр қалмасын деп, берекелі де игілікті уақыттарды бірінен соң бірін кезекті қылып қойғанында. Міне, қасиетті Қажылық маусымы аяқталысымен, артынша Алланың айы атанған қадірлі Мұхаррам айы да табалдырығымыздан аттады. Ендеше, бұл айдың қадір-қасиеті мен оған қатысты үкімдерге тоқталып өтсек дейміщ.

Алла Тағала Құран Кәрімде былай дейді:

«Ақиқатында, Алланың құзырында айлардың саны – көктер мен жерді жаратқан күннен бастап Алланың Кітабында он екі ай деп бекітілді. Олардың төртеуі – соғысуға тыйым салынған қасиетті айлар. Міне, осы – тура дін. Ендеше, бұл айларда өз-өздеріңізге зұлымдық жасамаңдар...» («Тәубе» сүресі, 36-аят).

Алла Тағала бұл айларда зұлымдық жасауға ерекше тыйым салған. Негізінде, күнә мен зұлымдық атаулы әрдайым харам, алайда осы қасиетті айларда жасалған қиянаттың салмағы мен күнәсі басқа уақыттардан әлдеқайда ауыр болады.

Әбу Бәкірден (радияллаһу әнһу) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) қоштасу қажылығында құтпа оқып, былай деген:

«Шын мәнінде, уақыт (айлардың айналымы) Алла көктер мен жерді жаратқан күндегідей қалпына келді. Бір жылда он екі ай бар, оның төртеуі қасиетті. Үшеуі бірінен соң бірі келеді: Зұлқағда, Зұлхижжа және Мұхаррам, ал төртіншісі – Жұмадә мен Шағбан айларының арасындағы Мұдарлық Ережеп айы» (Бухари мен Муслим риуаяты).

Имам әл-Құртуби былай дейді: «Алла Тағала қасиетті айларды ерекше атап, бұл уақытта зұлымдық жасауға тыйым салуы – осы айлардың артықшылығы мен мәртебесін ұлықтағаны. Тәпсірші ғалымдардың көбі: «Осы төрт қасиетті айда өздеріңізге күнә жасау арқылы зұлымдық қылмаңыздар» деген тұжырымға тоқтаған». Сонымен қатар, бұл айларда соғыс ашудың харамдығы күшін жойған жоқ (мәнсүх болмады) деп есептейтін ғалымдардың уәжі бойынша, Мұхаррамда қантөгіс жасауға қатаң тыйым салынады.

Мұхаррам айының қандай артықшылықтары бар?

Бұл айдың қадірін сипаттайтын ең басты дәлел – Имам Муслимнің жинағындағы Әбу Һурайрадан (радияллаһу әнһу) жеткен мына хадис. Онда Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм):

«Рамазаннан кейінгі ең абзал ораза ұстау – Алланың айы Мұхаррам айында ұстаған ораза, ал парыз намаздан кейінгі ең абзал намаз – түнде тұрып оқыған намаз (тәһәжжүд)» – деген.

Яғни, Рамазаннан кейін нәпіл ораза ұстауға ең лайықты уақыт – осы Мұхаррам айы екен. Әрине, Арапа күні немесе Зұлхижжаның алғашқы он күні сияқты белгілі бір күндердің нәпіл оразасының сауабы бөлек, ал жалпылай алғанда айлардың ішіндегі ең берекелі нәпіл ораза айы – Мұхаррам.

Имам ән-Нәуәуи бұл ретте туындайтын бір сұраққа былай жауап береді: «Егер «Ең абзал ораза Мұхаррам айында» деп айтылса, неліктен Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Мұхаррамнан көрі Шағбан айында көбірек ораза ұстаған?» деген сауал тууы мүмкін. Оның жауабы мынау: «Мұхаррамның бұл артықшылығы Пайғамбарымызға (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) өмірінің соңында ғана аян болуы мүмкін, содан бұл айда толық ораза тұтып үлгермеген. Немесе бұл айда сапар, ауру сияқты оразаны үзбей ұстауға кедергі болатын жағдайлар тап келген болуы ықтимал».

Ибн Рәжәб былай дейді: «Ғалымдар қасиетті төрт айдың қайсысы ең абзал екендігінде әртүрлі пікір айтқан. Хасан әл-Басри және басқа да ғалымдар: «Ең абзалы – Алланың айы Мұхаррам» деген және кейінгі ғалымдардың бір тобы осы пікірді құптаған. Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бұл айды «Алланың айы» деп атауы – оның мәртебесінің биіктігін көрсетеді. Өйткені, Алла Тағала Өзіне тек жаратқандарының ішіндегі ең таңдаулы әрі қадірлісін ғана телиді. Мысалы, Мұхаммед, Ибраһим, Ысқақ, Жақып сияқты пайғамбарларды «Өз құлым» десе, Қағбаны «Алланың үйі», Салих пайғамбардың түйесін «Алланың түйесі» деп атағаны секілді». Бұл аталмыш нәрселердің Алла үшін аса қадірлі екендігінің белгісі.

Сонымен қатар, бұл айда иман келтіргендер үшін зор қуаныш ұялатқан, хақ пен жалғанның арасын ашқан ұлы оқиға орын алған. Бұл күні Алла Тағала Мұса пайғамбар (әләйһис-сәләм) мен оның қауымын перғауынның зұлымдығынан құтқарып, залым перғауын мен оның әскерін суға батырды. Сондықтан бұл күн – Хақ Тағаланың құзырында ежелден қасиетті, зор мәртебеге ие күн.

Ибн Аббастан (радияллаһу әнһума) жеткен хадисте былай делінеді:

«Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Мәдинаға келгенде, яһудилердің Ашура күні ораза ұстап жүргенін көреді де: «Бұл қандай күн ораза тұтатындай?» – деп сұрайды. Олар: «Бұл – ұлық күн. Бұл күні Алла Мұса мен оның елін құтқарып, перғауын мен оның әскерін суға батырды. Мұса пайғамбар бұған шүкіршілік ретінде ораза ұстаған, сондықтан біз де осы күні ораза тұтамыз», – десті. Сонда Алла Елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Біз Мұсаға сендерден де жақын әрі лайығырақпыз», – деп, өзі де ораза ұстады және басқаларға да ораза ұстауды бұйырды» (Бухари мен Муслим).

Тағы бір хадисте Ибн Аббас (радияллаһу әнһума): «Алла Елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Ашура күні мен осы Рамазан айындағы оразадай басқа күндерден артық санап, ықыласпен күткен оразасын көрмедім», – деген (Бухари мен Муслим).

Ашура күнінің қандай артықшылығы бар?

Ашура күні – ежелден қасиетті, ұлық күн. Оның құрметіне Мұса пайғамбар (әләйһис-сәләм) ораза тұтқан, Кітап иелері (яһудилер мен христиандар) де бұл күнді ұлықтаған. Тіпті Исламға дейінгі жәһилият (надандық) дәуірінде Құрайш тайпасы да бұл күні ораза ұстайтын болған. Ашура күні мен оның оразасына қатысты бірнеше сахих хадистер бар, солардың бірі:

«Сахих Муслимде» жеткен хадисте Әбу Қатәдәдан бір кісі Пайғамбарымыздан (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Ашура күнгі ораза туралы сұрағанда, Ол:

«Алла Тағала осы күнгі тұтқан ораза үшін өткен жылғы күнәларды кешіреді деп үміт етемін», – деп жауап берген.

Бір-ақ күн ораза тұтқанымыз үшін тұтас бір жылдық күнәларымыздың кешірілуі – Алла Тағаланың бізге деген шексіз кеңшілігі мен ұлы сыйы екендігі талассыз.

Ашура оразасының мәні мен даналығы неде?

Бұл күннің оразасындағы басты даналық – Алла Тағаланың Мұса пайғамбар (әләйһис-сәләм) мен оның қауымын перғауынның қорлығынан азат етуі. Мұса пайғамбар бұл игілікке шүкірлік ретінде ораза тұтса, біздің Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) да сол сүннетті жалғастырып, үмбетіне ораза ұстауды өсиет еткен.

Ал Ашура күні ғана ораза ұстап қана қоймай, мүмкіндігінше бір күн алдын және бір күн кейін (яғни 9-шы және 10-шы күндері қатарынан ораза ұстау) жақсырақ.


islamonline.net, араб тілінде. Қазақшалаған islam.kz

 

0 пікір