«Дін бар жерде ғылым жоқ» деген көзқарас — материализмнің ескі аңызы».
«Дін бар жерде ғылым жоқ» деген көзқарас — материализмнің ескі аңызы».
1 сағат бұрын 191 islam.kz/
Невзат Тархан, нейропсихолог, дәрігер ғалым профессор, доктор.

Үскүдар университетінің (Түркия-Стамбул) негізін қалаушы ректор, психиатр, профессор Невзат Тархан Çapa фен-лицейінің оқушыларымен кездесті. «Иман мен ғылым» тақырыбында сухбат өткізген профессор: «Ғылым бар жерде дін жоқ, дін бар жерде ғылым жоқ» деген ұстаным — бұрынғы материализмнен қалған бос сөз (қала аңызы) екенін айтты. Ғылымның қатып қалған жағдай емес, үздіксіз процесс екеніне назар аударған Тархан: «Ғылым бір орнында тұрмайды, ол — әрдайым жолда болу, үздіксіз ізденіс пен даму», – деді. Адамды хақиқатқа жеткізетін 4 жолдың бірі — ақылға қонымды иман (рационалды сенім) екенін және оны ең жақсы сипаттайтын сенім Таухид екенін атап өтіп, ақыл жүгірту әдістері арқылы шындықты табу едәуір жеңілдейтінін жеткізді.

«Оқиғаларға биіктен көз жіберсең, жан-жақтың бәрін көресің»

Үскүдар университетінің негізін қалаушы ректор, психиатр, профессор Невзат Тархан дін ғылымдары мен жаратылыстану (фен) ғылымдары бір-біріне бәсекелес емес, керісінше бір-бірін толықтырушы екенін еске салды. Профессор өз сөзінде: «Ғылым бар жерде дін жоқ, дін бар жерде ғылым жоқ» деген көзқарас — материализмнің бұрыннан келе жатқан ескі аңызы. Қазіргі таңда мұның ешқандай ғылыми негізі жоқ. Кванттық физика пайда болғаннан кейін бұл дәлелденді. Кванттық физикадан соң ғылымның бір тұтас дүние екені ұғынылды. Әрбір ғылым саласы — біртұтас жүйе. Тіпті бұл біртұтастықтың белгілі бір дәрежеде топтастырылған түрі де бар. Қазіргі таңда дін ғылымдары мен жаратылыстану ғылымдарына жоғарыдан кеңірек қарамасаң, мәнін ұға алмайсың. «Әскери тікұшақтан қарау» деген сөз бар ғой, оқиғаларға биіктен, құс төбесінен көз жіберсең, жан-жақтың бәрін толық көресің», – деді.

«Материя дегеніміз — тығыздалған энергия»

Постматериалистік ғылым дәуірі басталғанына тоқталған профессор Невзат Тархан ғаламның негізі энергиядан тұратынын баса айтты: «Бұрын материализм түсіндіріп келсе, ал қазір ғаламның негізі материя емес, энергия екені белгілі болды. Тіпті қазір ғаламның негізі цифрлық (сандық) жүйеде құрылған деген де сөз бар. Негізінен материя деген нәрсе жоқ, біз материя деп жүргеніміз — тығыздалған энергия. Бұған дейін «Цифрлық технология — бәрі» делінсе, қазір «Бәрі — цифрлық» делінеді. Біз де цифрлымыз. Біз — субъективті бақылаушымыз. Материя деген нәрсе біз қараған кезде бар, қарамасақ жоқ. Қараған кезде — бөлшек (жаратылыс), қарамағанда — таудай ғайып. Біз де дәл қазір өзімізге қарағанда материямыз, ал қарамай, санамыз өшкен кезде — энергиямыз. Кванттық физика осылай дейді. Материя дегеніміз — біздің тек қарап тұрған тереземіз ғана. Аслында біз материядан тыс ғаламда өмір сүріп жатырмыз. Біз айтып жүрген мына дүние, ғалам — бұл бір симуляция (елестік моделдеу)».

«Ғылым — қатып қалған жағдай емес, бұл — процесс»

Ғылымның бір орнында тұрмайтынын ескерткен Тархан, оның үздіксіз процесс екенін былайша жеткізді: «Ғылым — қозғалыссыз жағдай емес, ол — процесс. Жаңа ашылулар болады, жаңа мәліметтерге қол жеткіземіз де, солар арқылы ескі білімдерді қайта талдап, тұрғызамыз. Ғылым бір қалыпты болып тұрмайды, ол — әрдайым жолда болу, процесс. Қолда бар мәліметтерге сүйеніп, шындықты қазірше осылай деп айтамыз. Меулананың «Зағиптардың пілді сипаттауы» туралы мысалы бар ғой. Онда жанары көрмейтін адамдарды пілдің қасына апарып, «Пілді сипаттап беріңдер» дейді. Біреуі тұрып: «Ұзын құбыр сияқты екен», екіншісі құлағын ұстап: «Желкен сияқты екен» дейді. Бәрі сипаттайды және бәрінің де айтып тұрғаны өзінше дұрыс. Бұған басқаша қырынан қарасаң, шын хақиқат ол емес. Шындыққа келеді, бірақ түпкі хақиқат емес. Өйткені біз өзіміздің кіп-кішкентай ақылымызбен шексіз ғаламды түсінуге тырысамыз. Кванттық физикаға дейін әуелі материя бар, ал білім (ақпарат) содан кейін диалектикалық жолмен пайда болды, яғни себеп-салдар байланысынан шықты делінетін. Ал кванттық физикада керісінше: әуелі білім (ақпарат), ғаламдық мәліметтер базасы бар. Ғаламдық мәліметтер базасынан кейін математика мен есептеу тұрады. Одан кейін жобалау (дизайн), энергия және физика келеді. Ал содан кейін барып материя, химия мен биология пайда болады. Яғни, ақпаратсыз (білімсіз) ешқандай жоба болмайды. Білімсіз ғимарат та салынбайды. Әуелі білім керек. Қазіргі кванттық физика бойынша біз «білім/ақпарат» дейміз. Ол білімді де қазір ең жақсы түсіндіретін нәрсе цифрлық жүйе болғандықтан, солай сипатталады».

«Таухид сенімі — қазіргі ең ақылға қонымды (рационалды) сенім»

Адамды хақиқатқа жеткізетін төрт негізгі жолға тоқталған профессор Невзат Тархан, оның біріншісі — тәжірибе мен бақылау, екіншісі — ақыл жүгірту әдістері, үшіншісі — рационалды түйсік (интуиция), ал төртіншісі — рационалды иман (сенім) екенін айтты: «Біріншісі — тәжірибе мен бақылау, зертхана. Екіншісі — ақыл жүгірту әдістері: редукция, индукция, модальді логика сияқты тәсілдер бар. Теориялық физика мен теориялық биология осылай пайда болған. Тұжырымдайсыз да, сосын дәлелдейсіз. Үшіншісі — рационалды түйсік. Мысалы, Ньютон алманың түсуін осы рационалды түйсік арқылы тапқан. Тарихта адамзатқа әсер еткен үш алма бар: бірі — Адам атамның алмасы, екіншісі — Ньютонның алмасы, ал үшіншісі — Apple компаниясының алмасы... Ғаламдағы сұрақтар мен шешімдер заманның жаңа біліміне сай өзгеріп отырады. Ғаламдағы хақиқатты табу үшін адам баласы ұзақ сапарға шыққан, мұнда да ақыл жүгірту керек. Төртіншісі — рационалды сенім. Әлемде 4300-ге жуық дін бар. Солардың бәрі: «Сыртқы бір құдірет, жоғары сана керек. Сыртқы ерік-жігер, көрінбейтін шынайылық бар» дейді. Өз кітаптарымда жазуға тырысқан Таухид (бір Аллаға сену) сенімі — қазіргі таңдағы ең рационалды, ақылға ең қонымды сенім».

«Бұл ғаламды Жаратушы осы ғаламның тегінен болмайды»

Таухидтің басты дәлелі ретінде «Ихлас» сүресін мысалға келтірген профессор Тархан: «Бұл ғаламды жаратқан Ие осы ғаламның тегінен (болмысынан) болуы мүмкін емес, біз осыны айтамыз. Мысалы, аспазға «Торт пісір» дейсіз. «Тортты кім жасады?» десе, «Бала аспаз жасады» дейді. «Ал аспазды кім жасады?» десеңіз, аспаз торттың затынан (тегінен) жаралмаған ғой. Осы сияқты бұл ғаламды жаратқан Ие де ғаламның затынан болмайды, Ол — мүлде бөлек. Сол себепті мұның ең әдемі анықтамасы: Оның еш сыңары да, ұқсасы да жоқ, тумаған да, туылмаған да, Т жалғыз әрі бірегей, әрбір нәрсе Оған мұқтаж, ал Ол ешнәрсеге мұқтаж емес. Бұл — «Ихлас» сүресінде анықталған нәрсе. Құран Кәрімдегі Таухидтің (бірліктің) негізгі дәлелі де осы. Түсіндіру тұрғысынан бұл — ең маңызды сүре. Яғни, біз осы ғаламды, Жаратушыны түсінгіміз келсе, Жаратушы қандай сипатта болуы керек? Ақылымызбен ойлап қарасақ, дәл осындай сипаттағы Болмыс қана Жаратушы бола алады дейміз», – деді.

«Ақыл жүгірту әдісі арқылы хақиқатты табу жеңілдейді»

Түпкі хақиқатты ақылмен табуға болатынына назар аударған профессор Тархан: «Хақиқат бес сезім мүшесімен табылмайды, ол ақыл жүгірту арқылы табылады. Алла адамға ақыл берді. Егер бұл өмір сынақ болса, көктегі жұлдыздармен «Алла бір» деп жазылып тұрса, онда сынақтың мәні қалмайды ғой. Ақыл арқылы бар мен жоқты айыра білу керек. Өмірдің сынақ екеніне сенетін адам: «Егер бұл дүние сынақ болса, оны ақылымен тапқандар мен таппағандардың айырмашылығы болуы тиіс. Біз шексіздіктен келдік және шексіздікке кетеміз. Ал мына дүние сынақ болса, жақсылық жасағандар мен жамандық жасағандар міндетті түрде бөлінуі керек» деп ойлайды. Демек, бұл — өте рационалды (қисынды) білім. Дүниені сынақ ретінде көргенде, «Жамандық неге бар?» деген сұрақтың да жауабын түсінесіз. Сол себепті ақыл жүгірту әдісімен әрекет еткенде, хақиқатты табу әлдеқайда жеңілдейді», – деді.

«5 пайыздық айырмашылық адамды адам етеді...»

Маслоудың психосоциалдық қажеттіліктер пирамидасы арқылы сенімге деген мұқтаждықты түсіндірген профессор Невзат Тархан: «Пирамиданың ең төменгі табанында тамақтану, ішу, көбейе өсу, баспана сияқты физиологиялық қажеттіліктер орналасқан. Екінші деңгейде қауіпсіздік, жақсы көру және жақсы көрілу қажеттілігі тұр. Одан кейін өз-өзін жүзеге асыру қажеттілігін пирамиданың төбесіне қойған еді. Бірақ кейінірек оның төбесін өзгертіп, «Self-transcendence», яғни «өзіңнен асып түсу, өз шегіңнен шығу» қажеттілігі деп өзгертті. Адамның ең маңызды мұқтаждығы — өзін жеңу, өз шегінен асу. Адам бойында 4 түрлі ген бар деседі. Бұл — метатанымдық (метакогниция) гендер. Осы метатанымдық гендердің бірі — жаңалықты іздеу гені. Бұл ген гиперактивті адамдарда болады. Араны, өрмекшіні немесе құмырсқаны елестетіңізші: олар осыдан мың жыл бұрын ұясын қалай салса, қазір де дәл солай салады. Ал адам баласы бір жыл бұрынғы үйі мен қазіргі үйін бірдей қылмайды, өйткені адамда жаңалықты іздеу гені бар. Екінші ген — мағына/мәнді іздеу гені. Адамнан басқа ешбір жан-жануар өмірден мағына іздемейді. Үшінші ген — уақытты сезіну гені. Адамнан басқа ешбір тіршілік иесі өткен мен болашақты қабылдай алмайды. Мысалы, мал сойатын жерге барыңыз. Жануар бір аздан соң сойылайын деп тұрса да, шөбін жеп отыра береді. Өйткені онда уақыт ұғымы жоқ. Деп бұрын және арыдан кейін деген түсінік аңдарда болмайды. Төртінші метатанымдық ген — өлімді сезіну гені. Яғни өлетінін білетін жалғыз жаратылыс — адам. Шимпанзе мен адамның генетикалық кодына қарасаңыз, 95 пайызы бірдей болып шығады. Шимпанзе мен адамның арасында тек 5 пайыздық айырмашылық бар. Осы 5 пайыздық айырмашылық адамды адам етеді. Адамның философия өрбітуіне себеп болады. Тұспалдап (символикалық) ойлау, концептуалды ойлау, абстрактілі ойлау қабілеттерін дамытады. Адамның генетикасында осындай ерекшелік бар. Осы адамдардың бәріне мән-мағына табу мұқтаждығы тән. Адамдағы бұл қажеттілік өзге жан-жануарларда жоқ», – деп атап өтті.

«Адам өзінің шексіз қажеттіліктерін өтеу үшін ізденіске түседі»

Дін — адамның психосоциалдық мұқтаждығы екенін баса айтқан Тархан: «Адамның күші, қабілеті, интеллекты шектеулі, ал қажеттіліктері — шексіз. Адам осы шексіз қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін ізденіске түседі. Өйткені адама бойында мұқтаждық болса, ол мұқтаждық ішкі тілек пен ынтықтықты оятады. Тілек оянса, адамды әрекетке келтіреді. Қажеттіліктер пирамидасындағы ең маңызды нәрсе де осы. Егер атқа су ішкізгіңіз келсе, басынан ұрып ішкізе алмайсыз. Шөлдетсеңіз, өзі-ақ ішеді. Адамның да дәл осындай мұқтаждығы бар. Адамның өмірден мән іздеу қажеттілігі бар», – деді.

«Адамға рухани/саналық пана (паналайтын орын) керек»

Үшінші сатыдағы психотерапияға тоқталған Тархан: «Үшінші сатыдағы психотерапияның баспалдақтарының бірі — адамның саналық/рухани панаға (сүйенішке) деген мұқтаждығы. Бұны біз жарақатты (травманы) емдеуде қолданамыз. Психологиялық жарақаттардың адам бақылай алатын да, бақылай алмайтын да тұстары болады. Күші жететін де, жетпейтін де сәттері бар. Өзі бақылай алмайтын, күші жетпейтін жағдайда адам үлкен бір мағынаның бөлшегі болуды, біртұтас жүйенің мүшесі екенін сезінуді қалайды. Рухани панаға сүйену сезімі адамды жұбатады. Егер мұндай үлкен мағынаның бөлшегі болу сезімі болмаса, адам күйзеліске түседі. Өзіне қол жұмсағысы келеді. Сол себепті, адамның мән іздеу қажеттілігін өтеу үшін, оған дін жеткізілмесе де (на насихатталмаса да), ол өзіне өзі сенім (дін) жасап алуға бейім тұрады», – деп түйіндеді.

Кәшіф Невзат Тархан (1952 жылы 7 шілдеде Мерзифонда, Амасьяда туған) — түрік дәрігері, психиатр және нейропсихолог. Үскүдар университетінің негізін қалаушы ректор. 

1998 жылы ол «Memory Centers of America» ұйымының Түркиядағы ресми өкілдігін алды. Қазіргі таңда Түркиядағы алғашқы нейропсихиатриялық клиника — «NPİSTANBUL» ми ауруханасының Директорлар кеңесінің төрағасы қызметін атқарады.

Сонымен қатар, Түрік-Америка нейропсихиатрия қауымдастығының Түркиядағы бөлімшесінің жетекшісі. 2011 жылы Үскүдар университетінің негізін қалап, ректоры болды.


 Дереккөз: uskudar.edu.tr, Haber: Eda Nur Keçeci. (Қазақшалаған islam.kz)

 

 

0 пікір