Мешітке кірудің әдептері
Мешітке кірудің әдептері
1 сағат бұрын 123
Имам Ғазали (рахимаһуллаһ)
  •  Оң аяқпен аттау және тазалық: Мешітке оң аяқпен бісміллә деп кіреді. Табалдырықты аттамас бұрын аяқ киімнің астын мұқият тексеріп, ілескен кір-қоқыс, ластық болса, тазартып тастайды.

  • Алланы ұлықтау мен сәлемдесу: Ұлы Жаратушы Алланың қасиетті есімін зікір етіп, іштегі жамағатқа жылы жүзбен сәлем береді. Егер мешіт ішінде ешкім болмаса, «Әс-сәләму ғаләйнә уә ғалә ғибәдилләһис-солихин» деп өз-өзіне сәлем жолдайды.

  • Дұға қылу: Хақ тағаладан: «Уа, Раббым! Маған рақым есіктеріңді аша көр!» — деп тілек тілейді.

  • Ішкі әдеп пен тыныштық: Мешітке кірген соң құбылаға қарап отырады. Жүрегін де, өзін де Алланың бақылауында тұрғандай сезініп (мұрақаба), бейпіл сөз бен бос әңгімеден іргесін аулақ салады. Өзгелерді қарғап-сілеуден мүлдем тыйылады.

  • Дауыс көтермеу және қауіпсіздік: Мешіт ішінде айғайлап дауыс көтермейді. Сондай-ақ, қару-жарағын (қылышын) жалаңдатпайды, жебесінің ұшын өзгелерге зақым келмейтіндей етіп тасалап ұстайды (яғни, айналасына ешқандай қауіп төндірмейді).

  • Дүние тіршілігінен тыйылу: Алланың үйінде қолөнермен, өндіріспен шұғылданбайды, жоғалған мал-мүлкін іздеп жар салмайды, сауда-саттық (алыс-беріс) жасамайды және нәпсілік істерге жоламайды.

  • Мешіттен шығу әдебі: Қайта сыртқа беттегенде сол аяқпен аттап шығады да: «Уа, Аллам! Өз кеңшілігіңді бер, ризық-несібеңді арттыра гөр!» — деп Хақ тағаланың шарапатын тілейді1.

1Имам Ғазали (р.а.): «әлӘдәб фид Дин».

0 пікір