Садақаның қадірін арттырып, сауабын еселейтін жеті қасиет бар:
Адалдан табу – садақаны тек адал жолмен тапқан дүниеден беру. Өйткені Алла Тағала Бақара сүресінің 267-аятында: («Тапқан адал дүниелеріңізден қайырымдылық жасаңыздар») деп бұйырған.
Жоқтыққа қарамастан жомарттық ету – өз жағдайы тым артық болмаса да, барын жырып, аз малдың өзінен қиып беру.
Асығу – садақа беруді қолынан шығып кетуден немесе мерзімі өтіп кетуден қорқып, дереу орындау.
Таза да сапалы дүниені таңдау – сараңдықтан сақтанып, садақаға ең жақсы дүниесін беру, жаман-жұқанын бермеу абзал. Өйткені Алла Тағала: («Өздерің көз жұмбасаңдар, ешқашан қабылдамайтын нашар нәрсені садақа беруге ұмтылмаңыздар. Біліңдер, Алла – Бай, әрі Мақтаулы») деді.
Жасырын беру – көрер көзге беруден (риядан) сақтанып, садақаны жұртқа жария етпей, құпия ұстау.
Міндетсімеу – берген садақасын кейін міндетсініп, айтып жүрмеу. Өйткені бұл сауаптың берекесін қашырады.
Ренжітпеу – садақа алған адамның көңіліне қаяу түсіріп, басына мін артып, зіркілдеп реніш келтірмеу. Өйткені бұл күнә болып табылады. Алла Тағала Бақара сүресінің 264-аятында: («Садақаларыңды міндетсінумен және ренжітумен жоққа шығарып алмаңыздар») деп ескерткен.
Ең дұрысын бір Алла біледі.
Әбу Ләйс әс-Самарқанди: "Тәнбиһуль Ғофилин".
|
Садақаның құнын арттыратын жеті қасиет
|