Өзгеден көрген жақсылықты ұмытпау, жасалған игілікке ілтипат білдіру – адам бойындағы көркем мінез бен тектіліктің белгісі. Нағыз мәрттік пен адалдық – біреудің шапағатын сезінгенде, оған алғыспен жауап беру. Пайғамбарымыз (с.а.с.) бізге адамдардың жақсылығына алғыс айтуды бұйырып, мұны Аллаға деген шүкіршіліктің ажырамас бөлігі етті.
Әбу Саид әл-Худриден (р.а.) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Адамдарға алғыс айтпаған жан Аллаға да шүкір етпейді» (Тирмизи), – деген. Тағы бір сөзінде: «Алла Тағалаға ең көп шүкір ететін пенде – адамдарға ең көп алғыс айтатын адам» , – деген.(Табарани)
Ғұламалардың ғибратты сөздері
Әл-Мунауи айтады: «Алла Тағала нығметтердің адамға жетуіне пенделерді себепші етті. Сондықтан сол жақсылыққа дәнекер болған пайғамбарларға, сахабаларға және ғалымдарға алғыс айтуды міндеттеді. Пенденің өзгелерге алғысы артқан сайын, Раббысына деген шүкірі де арта түседі. Өйткені шынайы Нығмет беруші – Алла, ал адамдарға алғыс айту – сол Алланың бұйрығы».
Ас-Санғани былай дейді: «Бұл хадистің мағынасы мынау: кім өзіне игілік жасаған жанға алғыс айтуды тәрк етсе, ол Аллаға шүкір етуді де тәрк еткені. Өйткені, Алла Тағаланың Өзі пендесіне: «саған жақсылық жасағанға алғыс айт» деп бұйырған. Егер пенде сол алғысты айтпаса, демек, ол Алланың әміріне құлақ аспады деген сөз. Ал Алланың әмірін орындамаған адам Оған шүкір еткен болып саналмайды. Себебі шынайы шүкіршілік — Оның бұйрықтарына бойұсынудан басталады. Сонымен қатар, тағы бір мағынасы: адамдарға алғыс айту — Аллаға шүкір етудің бір көрінісі. Өйткені сол адамдарды саған жақсылық жасауға итермелеген, оларды саған себепші етіп бағындырып қойған — бір Алла. Демек, себепші болған пенденің қадірін білу арқылы сен сол істің бастауында тұрған Хақтың хикметіне ризашылық білдіресің».».
Ибн әл-Асир былай пайымдаған: «Бұл (хадистің) мағынасы мынадай: егер пенде адамдардың жасаған жақсылығына алғыс айтпай, оны елеусіз қалдыратын болса, Алла Тағала ол пенденің Өзіне жасаған шүкірін қабыл етпейді. Себебі бұл екі іс бір-бірімен тығыз байланысты.
Тағы бір мағынасы: кімнің әдеті мен табиғаты адамдардың жақсылығын бағаламау және оларға алғыс айтпау болса, оның Алланың нығметіне де шүкір етпеуге және Оған күпірлік етуге әдеттенген болуы мүмкін.
Сондай-ақ, адамдарға алғыс айтпаған жан, тіпті Аллаға шүкір етіп жатса да, Оған мүлдем шүкір етпеген адам секілді болады деп те айтылған».
Жақсылыққа қалай алғыс айтамыз?
Жасалған игілікке жауап берудің ең көркем жолдары:
- Тілмен алғыс айту және мақтау: Бұл – ең қарапайым, бірақ маңызды қадам.
- Игі дұға жасау: Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Кімде-кім сендерге жақсылық жасаса, оған соған тең келетін сый беріңдер. Егер беретін ештеңе таппасаңдар, оған «қайтардым-ау» дегенше дұға етіңдер», – деген. Жәбір ибн Абдулладан (розияллаһу әнһу) жеткен хадисте Пайғамбарымыз ﷺ былай дейді: «Кімге бір сыйлық (жақсылық) жасалса, мүмкіндігі болса, оған солай жауап қайтарсын. Егер беретін ештеңесі болмаса, онда оны (жақсылығын айтып) мақтасын. Кім мақтаса (алғыс білдірсе), шүкір еткен болады. Ал кім жасырып (айтпай) қойса, онда күпірлік еткен (жақсылықты жоққа шығарған) болады» (Тирмизи риуаят еткен).
- Рақмет, Алла разы болсын немесе «Жазакаллаһу хайран» (Алладан еселеп қайтсын) деп айту: Бұл – алғыстың ең биік шыңы. Кімде-кім осы сөзді айтса, ол мақтау мен алғыстың ең көркемін жеткізген болады.
Неге адамға алғыс айтамыз?
Әс-Сафири әш-Шафиғи мынадай бір сауалға: «Егер шынайы нығмет беруші Алла болса, неге біз адамға алғыс айтуымыз керек?» - былай деп жауап берген:
Жауабы: Біз адамға нығметті сол берді деп емес, сол адамның қолымен келгені үшін алғыс айтамыз. Алғыс есту адамды бұдан да көп жақсылық жасауға құлшындырады. Алайда, есіңізде болсын: егер сіз «осы адам бермесе, күнім не болар еді» деп, нығметті тек адамнан деп білсеңіз, бұл – серік қосуға жақын іс. Адам – себепші ғана, ол бүгін жақсы көріп, ертең теріс айналуы мүмкін. Ал ешқашан өзгермейтін, әрқашан игілік беруші – тек бүкіл әлемдердің Раббысы».
Қысқасы: Кісіге – алғыс, Құдайға – шүкір. Бірісіз екіншісі толық болмайды.