Бақыт – жүректе
Бақыт – жүректе
2 жыл бұрын 2911
Асылбек Әуезханұлы

Бақытты ғұмыр кешу – Адам атадан бергі адамзаттың бас қатырып, сансырап іздеген арманы. Бақыт туралы қалам сүйкемеген, сансыз түн толғанбаған ғалымдар кемде-кем. Шынайы бақыт иманды жүректе ұялайтынын ескерсек, жүрек байлығына отбасы бақыты тұрғысынан тоқталудың жөні бөлек. Отбасы мүшелерінің иманмен егіз болуы – шаттыққа толы өмірдің кепілі. Отбасында ер адамның қадірлі әке болуына, әйел кісінің аяулы ана болуына қажетті ұят пен тазалық, рақым мен әділет деп аталатын құндылықтар да иманмен, жүрекпен тамырлас екендігі даусыз.

Алла тағала қасиетті Құран кәрімде:

«Имандарына иман қосу үшін Алла мүминдердің жүрегіне тыныштық ұялатты» деген («Фатх» сүресі, 4-аят). Аятта иманның күшейіп толығуы жүрек тыныштығымен байланыстырылған.

Абай атамыз қара сөздерінің бірінде:

«Тірі адамның жүректен аяулы жері бола ма?» дей келе, - «рақымдылық, мейірбандылық, әртүрлі істе адам баласын өз бауырым деп, езіне ойлағандай оларға да болса игі еді демек, бұлар жүрек ісі. Асықтық та жүректің ісі» деп топшылайды. Қазақтың «Жан тыныштығы ғұмырды ұзартар» деген мақалының астарында осы ұғым жатса керек.

Ілгеріде америкалық бір ғалым жұрттың бәрі бақыт санайтын өмірдің бірқатар ізгіліктерін қағазға тізіп шығыпты. Бұл тізімде денсаулық пен сүйіспеншілік, қабілет пен байлық және атақ-даңқ – бәрі қамтылған көрінеді. Сөйтіп үлкен бір жаңалық ашқандай сезініп, әлгі тізімді бір данышпан кісіге тәкаппарлана ұсыныпты. Сонда данышпан:

- «Тамаша тізім жасапсың. Бірақ ең маңызды бір нәрсені ұмыт қалдырыпсың» деп, қарындашымен әлгі тізімге «жүрек байлығы» деген бір ауыз сөз қосыпты да, былай депті: «Алла әркімге ақыл-ес пен денсаулық беруі мүмкін. Ал жүрек байлығын таңдаулы құлдарына ғана нәсіп етеді».

Алғашқыда ғалымға бұл сөз сенімсіздеу боп көрініпті. Содан бастап қартайғанша жүрек байлығы жөнінде тәжірибелер жасап, зерттеулер жүргізеді. Ақыр соңында мынадай ой түйеді:

«Бұл өмірде кез келген адамның түпкі іздейтіні – жүрек байлығы мен жан тыныштығы. Жүрек байлығынан өзге ешбір нәрсе адамға бақытты сездіре алмайды. Жүрек байлығы дүниесіз де, тіпті денсаулықсыз да нығая беретінін көрдім. Жүрек бақыты ең қарапайым лашықты хан сарайына айналдыра алады. Ал жүректің бақытсыздығы патша сарайын қараңғы қапас зынданға айналдырады».

Міне бұл америкалық доктордың жарты ғасыр бойы ізденіп жүріп, бақытты ғұмыр кешу үшін жүрек байлығынан артық ештеңе таба алмағанының нақты дерегі. Ал осындай елу жылдық тыңғылықты зерттеудің қорытындысы қасиетті Құран кәрімнің:

«Естеріңде болсын, жүректер Алланы еске алумен ғана тыныштық табады» («Рағыд» сүресі, 28-аят) деген бір ғана аятында түйінделген.

Ендеше, отбасының шаттығы баянды болуы үшін ерлі-зайыптылар арасында жүрек байлығына тең келер қасиет жоқ. Енді иманды жанның бақытқа қол жеткізер көп себебінің біріне тоқтала кетейік. Иманмен сусындаған адамның бақыты оның өз жаратылыс табиғатына сай өмір сүретіндігінде, әу баста Жаратушы Хақтың әрбір өзекті жанның көкейіне салып қойған табиғи болмысымен үйлесім тапқандығында. Егер де мұсылман жүрегі өзінің түпкі жаратылыс мақсатымен үндеспесе, онда ол бақытты бола алмас еді. Бұл тұрғыдан алғанда ерлі-зайыптылардың өзара міндеттерін дұрыс атқаруы өмірдің қиюын тапқан нәзік байланыстарымен сыйысады. Ер адам өзінің күштілігі мен жауаптылығын сезінсе, әйел кісі өзінің нәзіктігі мен ептілігін дұрыс бағамдаса, отбасына бақыт құсы өзі келіп қонары анық.

Демек, жүрек байлығының қасында әлемнің бар байлығы түкке де тұрмайды. Сондықтан пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Дүниенің көптігі байлық емес, нағыз байлық – рухани байлық» - деген.

Ал рухани байлық сан алуан рухани құндылықтардың жиынтығынан тұрады. Адам жүрегі әр нәрсеге бір елтиді. Оны Аллаға бетбұрудан басқа ештеңе жинақтап, тәртіпке келтіре алмайды.

Жүректе үрей болады. Оны Аллаға беріліп, тәуекел етуден өзге ештеңе қайтара алмайды. Жүректе уайым да жоқ емес. Ол уайымды Алланы танып, Алламен терең қарым-қатынаста болу ғана сейілте алады.

Жүректе күйзеліс пен күйініш те бар. Оны Аллаға тапсырып, Одан пана тілемеген жан жеңе алмайды.

Жүректе зарығу, аңсау мен сағыныш та мол. Оны Алланың тағдырына разылық танытып, сабыр еткен құл ғана қайтара алады. Алла тағала жүректе ұялатқан осы секілді мың құбылған сан түрлі сезім бар. Барша адам аңсайтын бақыт та осы құндылықтардың әрқайсысымен іштей үндесіп, байланысады. Міне, осы секілді сезімдер Жаратушы иеміз көрсеткендей етіп, дұрыс басқарылса, жеке адам да, отбасы да, мемлекет те бақытты ғұмыр кешпек.

"Даналық сөзден дән ізде"

0 пікір