Автобустың жүруіне әлі бір сағаттан астам уақыт бар еді. Сондықтан жолаушы кісі автобекеттің күңгірттеу дәлізін бойлай ары-бері аяңдап жүрді. Қолын жумақ болып, сәл әрідегі мешітке жақындай бергенде, үстіне жұмыс киімін киген бір жас жігіт алдынан шығып:
– Намаз оқиын деп пе едіңіз?! – деді сыпайы ғана. – Дәрет алатын жеріміз де бар.
Әлгі кісі қолындағы шылымның күлін бозбаланың дәл аяғының астына қағып жатып, паңдана сөйледі:
– Сұрағыңа қарағанда, осы жердің қызметкерісің-ау?.. Мұнда не істейсің өзің?
Жігіт бұрышта тұрған сыпырғышты нұсқап:
– Тазалықшымын, мырза! – деп мүдіре жауап берді. – Әжетхана мен қол жуатын бөлмелерді тазалаймын.
Кісі оны менсінбей, мысқылдай көз тастап:
– Мен намазды сен сияқты кедей-кепшік, бейшаралардың еншісіне қалдырғанмын! Намаз сен сияқтыларға қатты жарасады, – деді.
Тазалықшы жігіт өзіне айтылған бұл қорлық сөзге мән бермейтіндей байсалды, толысқан жан болатын. Дегенмен, әлгі адамның намазға деген құрметсіздігі жанына қатты батты. Не деп жауап қайтарсам екен деп сәл ойланып тұрды да, бәрін үнсіздікке жеңдіріп, жұмысына оралды.
Әлгі адам көкірегін керіп ұзай бергенде, кенет басы айналып кеткенін сезді. Үстіндегіні шешіп, қолына алған қалың кәшмір пальтосы да ауырлап кеткендей көрінді.
«Жаңа ғана жеген екі сыбаға кәуап қан қысымымды көтеріп, әл-дәрменімді құртқан болды-ау» деп ойлады ол. Бір-екі адым аттай бере, халі мүлде нашарлап, тізесі бүгіліп тізерлеп отыра қалды.
Бағына қарай, қолындағы пальтосы өзінен бұрын жерге түсіп, жаңадан алған костюм-шалбарын кірлеуден аман алып қалды. Тізерлеген күйі басы айналғаны басылмаған соң, маңдайын жерге тигізіп, біраз уақыт тыныс алды. Ал басын қайта көтере бергенде, сол баяғы әлсіздік қайта айналып соғып, тағы да маңдайын жерге қоюға мәжбүр болды. Оның бұл халін біреу-міреу көріп қоя ма деп қатты қысылды. Содан басын жерден сәл көтеріп, оңына және соңына елеңдей қарағанда, автобекеттегі шайшы екені тәрізінен көрініп тұрған басқа бір жас жігітпен көзі түйісті.
Шайшы бала оған ілтипатпен сәлем беріп:
– Көке, намазыңыз қабыл болсын! Алайда құбыла сәл оңға қарай еді... – деді.1
1Түрік жазушысы Жөнайт Суави: «Өмірден алынған әңгімелер» кітабынан аударылды. Қазақшалаған, islam.kz