«Мүтәшәбиһ» хадистерге қатысты «Сәләф» ғалымдарының ұстанымы қандай болған?
«Мүтәшәбиһ» хадистерге қатысты «Сәләф» ғалымдарының ұстанымы қандай болған?
1 жыл бұрын 2200
Имам Ғазали (рахимаһуллаһ)

*Мүтәшәбиһ – екі ұдай мағына беретін хадистер не аяттар. Мысалы, Алланың дүние аспанына түсетіндігі жайында айтылған хадис секілді т.б.
*Сәләф ғалымдары деп – Ислам тарихындағы әуелгі үш буын Ислам ғұламаларын айтады. Оларға – сахаба, тәбиғин және әтбәғут-тәбиғиндер жатады. (Сәләфи-Уаһабиттер басқа).
*Тәшбиһ – Алланы жаратылыстарға ұқсату.


... Алла Тағала сені дұрыстыққа бастасын. Халықты «тәшбиһке» (Алланы жаратылысқа ұқсатуға) жетелейтін риуаяттар жайында сұраған едің. Адасқан "Хәшәуия" ағымындағылар мұндай риуаяттарды тура мағынасында түсініп, Алла Тағаланың заты мен сипаттарына қатысты – Алланың бейнесі бар, қолы, аяғы бар, аспанға (шынайы мағынада) түседі, бір орыннан екінші орынға ауысады (интиқәл), аршқа отырып, орналасады деген сияқты Құдай Тағалаға тән емес сенімдерді қалыптастырды. Әрідесе, олар өздерінің сенімдерін (ұстанымдарын) сәләф ғалымдарының сенімі (ұстанымы) деп сендіруге тырысты. Сондықтан да, шынмәнісіндегі сәләф ғалымдарының ұстанымдары мен сенімдерін саған түсіндіріп беруді көздедім...

Көкірек көзі ашық ғұламалардың көзқарасынша, (мүтәшәбиһ хадистерге байланысты) ең ақиқат ұстаным – сәләф ғалымдарының ұстанымы, яғни, мен төменде сөз етейін деп отырған сахаба мен тәбиғиндердің наным-ұстанымы.

Ендеше, сәләф ғалымдарының ұстанымы негізінде айтатын болсам (біздің көзқарасымыз бойынша ақиқаты да осы): әлгіндей екі ұдай мағына берер «мүтәшәбиһ» хадистердің бірін халық арасынан біреу кездестірер болса (яғни, ғалым емес, діни ғылымды терең білмейтін жай мұсылман кездестірер болса), мына жеті ережені негізге алуы тиіс (осы жеті ережені негізге алып оқуы керек):

1) әт-Тәқдис (немесе тәнзиһ, яғни, пәктеу). Бұл дегеніміз, Құдай Тағалаға дене немесе ағза беруден аулақ болу. (Яғни, Алла Тағаланың өзіне тән саусақтары бар, өзіне тән қолы бар деп, Құдайға дене немесе ағза тән етуден аулақ болу керек).

2) әт-Тасдиқ (растау). Хадистегі Пайғамбарымыздың (с.а.у.) айтқан сөзі мен жеткізген мәліметінің ақиқат екендігіне, Оның айтқан нәрсесі шын екендігіне және ол (хадистің) өзі айтқандай әрі өзі қалағандай мағынада ақиқат екендігіне сену.

3) Астарын ұғынуда әлсіз екендігін мойындау. Бұл дегеніміз, екі ұдай мағына беретін мүтәшәбиһ хадистердің түпкі мәнін, онда не айтылып тұрғанын білуге шамасы жетпейтіндігін және ондағы мағынаны қазбалау оның ісі еместігін мойындауды білдіреді.

4) Үндемеу. Ондай хадистердің түпкі мәні жайында сұрастырмау әрі оның астарындағы мағынасын қазбаламау керек. Хадистегі айтылған нәрсенің мәні жайында сұраудың өзі бидғат екендігін білгені жөн. (Мысалы, «Алла Тағала дүние аспанына түседі» деген хадистегі «түседі» деген сөздің мағынасына тереңдеместен, сол күйінше сеніп, қабылдап, астарындағы мәнін Аллаға қалдыру керек. Қалай түседі, шынайы мағынада түсе ме, деген сияқты нәрселерге бас қатырмай, үндемей өтіп кете салу керек).

5) Тартыну (имсәк). Мүтәшәбиһ хадистерде айтылған екі ұдай сөздерді – түрлендіріп жіктеп өзгертуден, басқа тілдегі баламасына ауыстырып оқудан, артық сөз қосып, не болмаса, сөзді қысқартып оқудан және жалқыны жалпылама етіп немесе жалпыны жалқы түрде оқудан тартынып, хадистің түпнұсқасында қалай келді, сол қалыпта, сол иърабта, сол түрде оқуы тиіс. (Мысалы, хадис-аяттағы "истиуә" сөзіне балама іздеместен, сол күйінше "истиуә" деп өзгертпей оқығаны жөн).

6) Тыйылу. Ондай мүтәшәбиһ сипаттағы хадистің түпкі мағынасын зерттеп, пікірлеуден тыйылу.

7) Оның мағынасын анықтауды ғалымдарға қалдыру. Хадистің астарындағы мәні оған түсініксіз болғанымен, Пайғамбарға (с.а.у.), сыддықтарға, әулиелерге түсінікті екендігі анық (яғни, ол түсінбегенімен, Ислам ғалымдары және сол саланың шынайы маманы ұғынуы мүмкін, сондықтан ондай мүтәшәбиһ хадисті түсіндіру ісін Ислам ғұламаларына қалдырғаны жөн)...

 Имам Ғазали: «Илжәмуль Ъауам ъан ъильмиль кәләм».
Ықшамдап алынды. 

Қазақшалаған Абдусамат Қасым

 

0 пікір