Өлген адам тірілердің сөздері себепті азапталады..
Өлген адам тірілердің сөздері себепті азапталады..
3 ай бұрын 2124
Абдулла Самға

Ислам дінінде марқұмды құрметтеу – тірілердің алдындағы үлкен міндеттердің бірі. Адам дүние салған соң, оның амал дәптері жабылады. Дегенмен, хадистерде айтылғандай, тірілердің сөздері өлінің құлағына жетіп, оның жағдайына әсер етеді. Сондықтан өлілерді жамандаудан, оларға тіл тигізуден сақтанған жөн. Бұған қатысты бірнеше хадистер жеткен. Сондай хадистердің біршамасын төменде беріп отырмыз: 

Әд-Дайламидің Айша анамыздан (р.а.) риуаят еткен хадисте, Пайғамбарымыз () былай деген:

«Шын мәнінде, мәйітке өз үйінде реніш берген нәрсе, оған қабірінде де реніш береді».

Имам Қуртуби (р.а.) былай деді:

Бұл былай болуы мүмкін: Алла Тағаланың қалауымен бір періште, белгі немесе дәлел арқылы тірілердің іс-әрекеттері мен сөздерін мәйітке жеткізіледі, егер тірілер ол жайында жаман сөз айтса, оған азап беруі мүмкін. Бұл – өлгендер туралы жаман сөз айтудан тыю.

Имам Бұхаридің Айша анамыздан (р.а.) риуаят еткен тағы бір хадисінде, Айша анамыз айтады: Алла Елшісі () былай деді:

«Өлгендерге тіл тигізбеңдер. Өйткені олар өздерінің істеп өткен (жақсылы не жаманды) істеріне (о дүниеде) қол жеткізіп отыр».

Яғни, бұл дүниеде жамандық істеген болса, о дүниеде ол сол үшін азапталып жатқан болуы мүмкін. Оған соның өзі жеткілікті.

Имам Нәсаи Сафия бинт Шәйбәдан мынадай риуаят жеткізде, ол былай деп әңгімелейді:

«Пайғамбардың () қасында қайтыс болған бір адам туралы жамандықпен еске алынды. Сонда Пайғамбарымыз (): «Өлгендеріңді тек жақсылықпен еске алыңдар!», – деді».

Әбу Дәуіт, әт-Тирмизи және Ибн Әбид-Дуния Ибн Омардан (р.а.) риуаят етілген тағы бір хадиста, Алла Елшісі () айтқан:

«Қайтыс болған адамның жақсы қасиеттерін айтып еске алыңдар, ал жамандықтарын айтудан сақтаныңдар!»

Өйткені, жамандықтарын айтсаңыз, ол тірі кезінде қалай ренжіген болса, о дүниеде де солай қолайсыздық сезуі мүмкін, тіпті сол сөзіңіз үшін азап шегуі де ғажап емес.

Ибн Әбид-Дуния Айша анамыздан (р.а.) риуаят етеді, ол (Айша ана) былай деді:

«Мен Алла Елшісінің () былай дегенін естідім: «өлгендеріңді тек жақсылықпен еске алыңдар. Себебі, егер олар жәннаттық болса, (жаман айтып) күнәһар боласыңдар. Ал егер олар тозақтық болса, оларға өздерінің жағдайы онсыз да жетіп жатыр»1.

Қорыта айтқанда, мұсылман адам – тірінің де, өлінің де құқығын аялайды. Тірілердің хақысын жеу қандай ауыр болса, өліні жамандау да белгілі деңгейде құпталмайтын іс. Өйткені, о дүниеде өз ісінің жазасын көріп жатқаны аздай, жамандаушының сөзі тиіп жатса, оған екі есе қиын болмақ. Сол үшін, өткендерді тек жақсы қырынан еске алып, олардың кемшілігін Аллаға тапсырған абзал.

Алла бізді марқұмдарымызға рахымын жаудырсын!

1Имам Суюти: «Хәлуль Мәутә уәл Құбур».

islam.kz

 

0 пікір