Тәубенің қабыл болғандығының 4 белгісі
Тәубенің қабыл болғандығының 4 белгісі
10 ай бұрын 3886

Бисмилләһир рахманир рахим

«Тәубе» сөзінің араб тілінен аударғандағы тілдік мағынасы: өкіну, кейін қайту, оралу, мойындау, бас тарту деген ұғымдарға келеді. Ал шариғаттағы анықтамасы: «Әлдебір күнәға енді бармайтындай өкініп, Құдайдан кешірім тілеу» дегенді білдіреді.

Жасаған күнәсіна тәубе ету - міндет. Тәубе етіп өліп кеткен мұсылманның о дүниеде жүзі жарқын болады. Ал тәубеге келмей өліп кеткен мұсылманның о дүниеде жағдайы қиын. Сондықтан да, әлдебір күнә істеп қойған кісі бірден тәубеге келіп, Құдайдан кешірім тілегені жөн.

Осы орайда, тәубенің қабыл болғандығын қалай білуге болады? Бұл сұраққа ескілікті ғұламалар өмірлік тәжірибелерінен және өздерінің түйгендерінен кітаптарында жауап айтып кеткен. Сондай дін ғалымдарының бірі, сопылық жолының белді өкілі Абдульқадир әл-Гәйләни. Бұл ғалымның айтысына қарағанда тәубе етушінің тәубесінің қабыл болғандығы төрт нәрседен байқалады. Олар келесідегідей:

1) Тілі артық сөзден, ғайбаттан, өсектен және өтіріктен тыйылады.

2) Жүрегінде ешкімге дұшпандық, кек және іштарлық (күндестік) сезімі болмайды.

3) Жаман жолдастармен ара-қатынасын үзеді. Өйткені, оның тәубесін бұзып, шешімінен тайдыратын да жаман жолдастар...

4) Өлімге әзір болу сезімінде болады. Күнәлары үшін кешірім тілеп, Жаратушысына бойсұнуда ынталылық көрсетеді. (Осылайша өліп кетсе күнәсінан тазарып кетуді көксейді)...

Егер осы белгілер тәубе етушінің бойынан табылған болса, ол  мына аятта айтылған Алла Тағаланың жақсы көрген пенделерінің қатарынан болмақ: «Шынында Алла тәубе етушілерді және тазаланып жүрушілерді жақсы көреді». («Бақара», 222 аят).

Тәубе еткен адамға Алладан төрт сыйлық бар. Олар:

  1. Бұрын күнә істемеген сияқты, күнәдан құлаң-таза болады.
  2. Алланың сүйіспеншілігіне бөленеді.
  3. Шайтанды оған үстем қылмайды. Оны одан қорғайды.
  4. Өле-өлгенше оны қорқыныштан аман сақтайды. Алла Тағала бұл жайында Құранда былай деген: «Оларға періштелер түседі де: "Қорықпаңдар, кейімеңдер! Сендерге уәде етілген жаннат арқылы қуанышқа бөленіңдер!" дейді». («Фуссыйләт», 30 аят).

Тәубе еткен кісіге қарасты адамдардың мына төрт нәрсені істеулері керек:

1) Тәубе етушіні жақсы көрулері керек. Өйткені, оны Алла жақсы көреді.

2) Тәубесінде берік болсын деп оған дұға-тілекте болулары тиіс. Адамдар оны өз дұға-тілектеріне қосып, оған жақсылықта тілекші болулары тиіс.

3) Өткен күнәларын қозғап айыптамау керек. Өйткені Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір сөзінде: «Кімде-кім бір мүмінді әлдебір күнәсін айтып абыройын төксе, оның бұл әрекеті оның ол күнәсіна кешірім болады, ал сөгушінің өзін сол күнәға түсіру Аллаға міндет болып қалады. Кім бір мүмінді әлдебір күнәсі себепті сөгіп, абыройын төксе, ол адам дәл сол күнәні істемей және әшкере болып, масқара болмай бұл дүниеден өтпейді» - деп ескерткен. Сондықтан да, егер бір мүмін күнәсіна тәубе еткен болса, онысын қозғап, абыройын төгудің қажеті жоқ. Оның орнына, енді оның ондай күнәға оралмауын Алладан сұрап, адаспауын және тауфиқ беруін тілеуі тиіс.

4) Онымен араласып, онымен мәжілістес болып, оған көңіл бөлулері тиіс.

Әбу Әли Даққақ «тәубені» үшке бөлген, ол былай деген:

«Тәубе үш бөлімге бөлінеді:

  • Әуелгісі - тәубе (التوبة).
  • Ортасы - Инәбә. (الإنابة)
  • Аяғы - Әуәбә. (الأوبة).

Кім Алланың жазасынан қорқып тәубе етсе, ол - «тәубе иесі» болады.

Кім Алладан сауап күтіп, әрі жазасынан қашып, тәубе етсе, ол «инәбә иесі» болады.

Кім сауап күтпей немесе жазадан қорықпай, тек Алланың бұйрығын жүзеге асыруды діттеп тәубе етсе, ол «әубә иесі» болады1.


1  Имам Абдульқадир әл-Гәйләни: «әл-Ғұня».

Аударып, дайындаған Абдусамат Қасым

0 пікір