Іш дәрет бес жағдайда бес түрлі үкім алады
Іш дәрет бес жағдайда бес түрлі үкім алады
9 ай бұрын 8051
Абдусамат Қасым

Бисмилләһир рахманир рахим

Іш дәретті арабша «истинжә» дейді. Истинжа деген, үлкен не кіші дәретке шыққан кезде әжетқағаз немесе су қолдану арқылы тазалануды айтамыз. Қазақша «астынғы дәрет» немесе «іш дәрет» деп аталған.

Іш дәреттің үкіміне келер болсақ, іш дәрет алу - уәжіп, сүннет, мұстахаб және бидғат үкімдеріне бөлінеді. Тарқатып айтқанда:

Іш дәретін алу, яғни, астын жуу мына жағдайларда уәжіп болмақ:

1) Жүніп кезінде, хайыз және нифас кездерінде. Жүніп деген, ерлі-зайыптылардың төсек қатынасынан кейін немесе ләззатпен шәуәт бөлінгеннен кейін туындайтын ғұсылсыздық күйі. Жүніп болған кісі шомылмай тұрып, алдымен астын жуып, іш дәретін алуы керек, бұл - уәжіп. Хайыз және нифастан соң ғұсылданатын кезде де алдымен іш дәретін алғаны дұрыс.

2) Үлкен дәреттен кейін. Үлкен дәретке отырғаннан кейін де су қолдану - уәжіп. Әсіресе, дәрет қағазын қолданғаннан соң шығатын жеріне жайылған жағдайда сумен жуып тазалау шарт. Сондай-ақ, кіші дәретке отырғаннан соң да айналасына шашырап, жайылған болса, сумен жуу уәжіп болады.

Мына жағдайда іш дәрет алу сүннет:

- Түзге отырғаннан кейін нәжіс шыққан жеріне жайылмаған болса, су қолданып іш дәретін алу суннет болмақ. Әзіреті Әлидің мынадай сөзі бар: «Үлкен дәреттен кейін сумен жуу - Пайғамбар заманында сүннет болатын, ал қазір - уәжіп» деген. Оның мәнін былай түсіндіруге болады: ұлы сөздің ұяттығы жоқ, Пайғамбардың заманында көбі майлы тамақ жемейтін әрі тоя жемейтін. Пайғамбар да, сахабалар да тапқанын жейтін. Жейтін ештеңе таппаса, ауыз бекітуші еді, сондықтан да, үлкен дәреттері қатып шығатын, сәйкесінше айналасына жайылмайтын. Сол себепті, үлкен дәреттен соң тек кесек қолданып, ал сумен жуу сүннет саналушы еді. Ал олардан кейінгі уақыттарда мұсылмандар тамақтың неше түрлісін тоя жейтін болды, сол себепті, үлкен дәрет те сұйық болып шығады, сәйкесінше айналасына жайылады. Ардақты Әзіреті Әлидің «ал қазір сумен жуу - уәжіп» деуі сондықтан. Ендеше, үлкен дәреттен кейін су қолдануды ұмытпаған дұрыс.

Мына жағдайда іш дәрет алу мұстахаб болады:

- Тек кіші дәретке ғана отырған болса. Кіші дәреттен кейін зәр айналасына шашырамаса, сумен жуып, іш дәретін алу - мұстахаб саналған, яғни, ұнамды іс. Ондай кезде дәрет қағазбен ғана шектелсе де рұқсат. Алайда, әйел кісілер барынша кіші дәреттен соң да сумен жууға ден қойғандары жөн.

Мына жағдайда іш дәрет алу бидғат саналады (яғни, дінде жоқ нәрсені істеген болады):

- Жел шыққаны үшін ғана іш дәрет алу. Жел шыққаны үшін ғана астынғы дәрет алынбайды. Кім жел шыққаны үшін ғана іш дәрет алған болса, бидғат істеген болады. Алайда, желмен бірге басқа нәрсе шығып кетсе немесе сол нәрсеге күмәні болса, ол кезде әрине іш дәрет алғаны дұрыс1.

Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!


1  «әл-Фәтәуә әл-Һиндия», 1/86 бет.

0 пікір