Шариғатта кім бірінші сөз салады?
Дініміздің неке және отбасы шарттары бойынша, сөз салып көңілін сездіруге ұл да, қыз да, құқылы. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) заманында әдетте әуелі ер адамдар сөз салатын болған, десе де, сирек болса да, сахаба әйел кісілердің үйленуге ұсыныс білдіретін кездері де кездесіп тұратын. Оның күнәсі де, ағаттығы да жоқ. Содан келіп, шариғатта мұсылман қыз баласы, өзінің ұнатқан жақсы мұсылман жігітке әдептің шеңберінде өзін әйелдікке алуға ұсыныс тастай алады. Егер жігітке көңілін сездірген қыз ұнамаса, жігіт жауап бермей үндемегені абзал саналған. Ондағы мақсат қыздың көңілін түсірмеу. Өйткені «ұнамайсың» деп, бетіне айта салғаннан гөрі, үндемей қоя салғаны артық, не болмаса, қыздың көңілін жараламайтындай сылтау айтып, солай білдірмей бас тартады.
Деректерде, сахаба Әнәстің осыған байланысты мынадай әңгімесі жеткен. Бұл риуаят «Сахих Бұхариде» келтірілген, мұны Сәбит әл-Бәннәни деген кісі жеткізген.
Бір күні сахаба Әнәс ибн Мәлік (радияллаһу анһ) өзінің қызымен (перзенті) бірге отырады. Сол жерде осы риуаятты жеткізуші Сәбит әл-Бәннәни де болған. Сахаба Әнәс ибн Мәлік әңгіме айтып отырып, былай дейді:
«Пайғамбарымызға (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) бір әйел келіп өзін әйелдікке ұсынды. Әйел Пайғамбарымызға: «Уа, Расулалла! Мені әйелдікке алғыңыз келе ме?»- деді» деп сахаба Әнәс ибн Мәлік әңгімелейді, сонда қасындағы қызы (Әнәстің қызы) сөзге араласып: «Әйелдің ұяты аз екен! Ұят, ұят» дейді ағат көріп, себебі, ол кездегі қоғамда да әйелдің өзін әйелдікке ұсыну жағдайы сирек кездесетін, сондықтан сахабаның қызына ерсі көрінді. Бірақ әкесі қызына тілін тартуын ымдап және ол әйелдің ниетін жақсы білетіндіктен қызына: «Ол әйел сенен қайырлы әйел еді. Алла елшісін ұнатты, өзін әйелдікке ұсынды» деп, қызының оны «ұяты аз» деп тілдеуін жақтырмады және шариғат бойынша әйел кісінің де орайы келіп тұрса, ұнатқан жақсы адамына көңілін білдіріп, бірге шаңырақ көтеруді ұсына алатындығын сонда отырғандарға ұқтырыпты.
Ендеше, орайы келсе, қыз да шариғат шеңберінде болашақ жарына үйлену ұсынысын жасай алады екен, оның күнәсі жоқ. Сондай-ақ, қыздың жақыны да, мысалы әкесі немесе ағасы дұрыс көрген адамына "қызымды ал", "қарыңдасымды ал" деп ұсыныс жасай алады.
Әлхәмдулилләһи Раббиль аләмин!