«Ғалымдар әртүрлі болады...»: Абдуррахман ибн Жәузидің (м1116-1201 ж.) естелігінен
«Ғалымдар әртүрлі болады...»: Абдуррахман ибн Жәузидің (м1116-1201 ж.) естелігінен
7 ай бұрын 4485
Имам Абдуррахман ибн Жәузи әл-Ханбалидің естелігінен

Көптеген мәшәихтарды жолықтырдым. Хал-ахуалдары (руханияты) әртүрлі. Ілімдегі деңгейлері де бір-бірінен ерек. Бірақ солардың ішіндегі сұхбатының маған көбірек пайдасы тигені - ілімімен амал еткендері. Тіпті басқасы одан гөрі білімдірек болса дағы.

Сондай-ақ, хадисші ғұламалардан да біразын жолықтырдым. Бәрі хадис жаттаған, шетінен білгір. Бірақ олар ғайбатқа жеңіл қарайтын еді, біреуді талқылағанда «жәрх және тәъдиль» (хадис ғылымындағы рауіге мінездеме беру әдісі) шеңберінен шығып кететін. Олар хадис оқығандары үшін ақы алады. Және абыройлары түспес үшін қате болса да, бір мәселеге жауап беруге асығады.

Мен Абдульуаһһәб әл-Әнмәтый деген кісіні кездестірдім (Бағдад қаласының атақты хадисші ғалымы, сиқа. Хижри 462-538/миләди 1069-1143 жыл). Ол сәләф жолында еді (алдыңғы буын ғалымдардың жолы). Оның мәжілісінде ғайбат сөз айтылмайтын. Хадис тыңдағаны үшін ақы алмайтын. Менің оған «рақаиқ (әсерлі) хадистерін» оқығаным бар. Сонда ол тыңдап отырып, жылады және қоймай жылады. Ол кезде мен, кішкене едім. Оның жылағаны жүрегіме жақсы әсерін қалдырды. Жүректе берік ірге қалай білді. Ол кісі нақыл ілімінде (хадис, риуаяттар) сипаттарын естіген машаихтардың жолында тұғын.

Және Әбу Мансур әл-Жәуәлиқий деген кісіні де таныдым. Ол көп сөйлемейтін. Сөйлеген сөзін ойланып барып сөйлейтін. Нық әрі дәл айтушы еді. Кейде бір мәселенің жауабын шәкірттерінің бірі сұрап, жауабын асықтырса да, Ол анық-қанығына көзі жетпей жатып жауап бермеуші еді. Көп ораза ұстайтын. Көбіне үндемей жүретін.

Мен өзгелерден қарағанда осы аталмыш екі тұлғадан көбірек ілім нәрін алдым. Кейін соларға қарап түсіндім - сөзбен айтқан насихаттан гөрі, іспен көрсеткен насихат дұрыс бағытқа бастау жөнінен әлдеқайда артығырақ екен.

Кейбір мәшәихтардың өмірлеріне дән риза, қалжынбас (ақыреттен ғапыл), бақытты, жиған ілімін рәсуа еткенін көрдім. Жұрт олардан аз пайдалана алды және өлгеннен кейін тез ұмытылды. Ешкім олардың еңбектеріне ілтипат көрсетпеді.

Аллаға ант етейін, ілімде маңыздысы - амал. Ол - ең үлкен негіз. Өмірін ілім үйренуге арнап, бірақ онысымен амал етпекен адам нағыз бейшара. Ондай адамдар дүниенің де, ақыреттің де ләззатынан құр қалғандар1.  

Қазақшалаған А. Қасым.


1  Абуль Фараж Абдуррахман ибн Жәузи әл-Ханбали: «Хауатыйр» (естеліктер) кітабынан.

 

 

0 пікір