«Зорлық-зомбылық - бір мемлекеттің қирайтындығының жаршысы!..»
«Зорлық-зомбылық - бір мемлекеттің қирайтындығының жаршысы!..»
1 жыл бұрын 2627
Ибн Халдун, алғашқы әлеуметтанушы, ойшыл

Біліп қой, халықтың мал-мүліктеріне қол сұғу - олардың дүние табуға деген ынтасын жояды. Өйткені тапқан дүниелері соңында біреуге кететіндігін көргеннен кейін адамдар кәсіп қылып дүние табудан қол үзе бастайды. Зорлықтың көлемі қаншалықты болса, соншалықты мөлшерде адамдардың табыс табуға деген құлшыныстары азаяды (аз болса, аз, көп болса, көп)...

Қала мен оның байлығы және ондағы сауда нарығының өтімділігі - шаруаларға байланысты және адамдардың керек-жарақтарын қамтамасыз ету мен табыс табуға деген құлшыныстарына байланысты. Егер адамдар тіршілікті қойып, табыс табудан қол үзсе, сауда орындарында сауда жүрмей тоқырайды, ахуал қиындайды, адамдар ризық іздеп басқа өлкелерге тарай бастайды, осылайша қала тұрғындарының саны азаяды, үйлер қаңырап бос қалады, ғимараттар қирай бастайды, оның артынан бүкіл бір мемлекет пен патшаның жағдайы нашарлайды. Ал елдің економикасы құлдыраса, мемлекеттің өзі де құритындығы заңдылық...

Ендеше, зұлымдық (зорлық-зомбылық) - бір елді-мекенді жоюшы фактор екен. Ал елдегі қалалардың құлдырауы - мемлекетті де тоқырауға сүйрелейді.

Зорлық-зомбылық орын алса да кейбір мемлекеттердегі үлкен қалалардың қирамай өмір сүріп жатқандығына қарама. Біліп қой, ондай қалалардың тоқырамауының себебі, қала жұртшылығының жағдайлары мен зорлық-зомбылықтың ара-қатынасында жатыр. Егер қала үлкен болса, оның ғимараттары да көп, тұрғындарының саны да орасан. Ондай қалаларда зорлық-зомбылықтан туындаған залал да (қаланың көлеміне шаққанда) жеңіл-желпі боп көрінеді, өйткені залал - бірте-бірте болатын нәрсе. Залал - қаладағы адамдар санының көптігі мен шаруалардың көптігінен байқалмағанымен, оның нәтижесі кейіннен бой көрсетеді. Тіпті зорлыққа жол берген билік үлкен қаланың құлдилауынан бұрын өзі түгел кетіп, орнына басқа билік келуі мүмкін...

Мұндағы айтайын дегенім, бір елді-мекенде адамдарға зұлымдық пен қастық жасалса, міндетті түрде залал бой көрсетеді. Оның зияны мемлекетке тиеді.

Зорлық-зомбылықтың түрлері

Зұлымдықты (зорлық-зомбылықты), көбісі ойлайтындай, тек біреудің мал-мүлкін нақақ алып қою деп түсінбегін. Зұлымдық одан ауқымдырақ. Айталық: біреудің мүлкін алып қойса, немесе біреудің жұмысын тартып алса, не, құқы болмаса да оны талап етсе, не болмаса, шариғат (заң) тағайындамаған ақыны тағайындаса, ол адам зорлық жасады деген сөз. Құқы болмаса да адамдарға салық салушы адам - залым, озбыр. Олардың (халықтың) дүниелеріне қолсұғушы - залым. Олардың мал-мүлкін тартып алушы - залым. Олардың құқықтарын шектеуші - залым. Мұның бәрі қала тұрғындарының кәсіп жасау ынтасын жоюшы факторлар, ал оның салдары қаланың тоқырауына алып келеді. Қаланың тоқырауы - мемлекетке залал.

Біліп қой, Алла Тағаланың зорлық-зомбылықты және зұлымдықты харам қылуындағы мәні осында жатыр - қалалар мен мемлекеттер бұзылмасын және оның арты адам нәсілінің жойылуына алып келмесін дегендік. Бұл (яғни, адам нәсілінің сақталуы) шариғаттың «Даруратуль Хамса» деп атайтын «бес зәрулікті» қорғаштауындағы көздеген ең үлкен мақсаты. Бес зәрулік дегеніміз, адамның - дінін қорғау, жанын қорғау, ақылын қорғау, нәсілін қорғау және мал-дүниесін қорғау. Зұлымдық пен зорлық-зомбылық елді-мекендердің жойылуына алып келсе, ал ол өз кезегінде адам нәсілінің (ұлттың) жойылуын тудыратындықтан, оның харам етіліп, тыйым салынуының қаншалықты маңызды екендігін ұғыну қиын емес... (Ибн Халдун, «Мұқаддима»).

Ибн Халдун кім? Батыс ғалымдары не деген?

Ибн Халдун - Абдуррахман ибн Мұхаммед ибн Халдун әл-Хадрамий. Тарихта «Ибн Халдун» деген атаумен танымал. Миләди жыл санауы бойынша 1332-1406 жылдары өмір сүрген әлеуметтану саласының негізін қалаушы мұсылман ғалым. Бірнеше еңбек жазып қалдырған. Соның ішіндегі ең атақтысы бірнеше томнан тұратын «Тариху Ибн Халдун» атты еңбегі. Ғалым бұл ауқымды еңбегінде әртүрлі елдердің тарихы, әлеуметтік жағдайлары, ұлттардың болмыстары мен мәдениеттері, экономика мен медицина т.б. қоғамның қыр-сырына үңілуге тырысқан. Ибн Халдунның бұл еңбегіне ағылшын тарихшысы, социолог Арнольд Джозев Тойнби (Arnold J. Toynbee, 1888-1975 ж.) былай деп баға берген:

«Оған ұқсайтын еңбекті еш жерде және еш уақытта адам баласы жасамаған – теңдесіз еңбек».

(«a philosophy of history which is undoubtedly the greatest work of its kind that has ever yet been created by any mind in any time or place»). Arnold J. Toynbee, 1888-1975 ж. 

Жатқан жері пейіш болсын!


 Аударып, дайындаған Абдусамат Қасым

 

 

0 пікір