Тақуалық деген не?
Тақуалық деген не?
2 жыл бұрын 5088
Имам Ғазали (рахимаһулла)

Біліп қой, тақуалық ұстазымыздың сөзімен айтқанда - әлі істемеген күнәдан жүректі таза ұстау. Сонда жүректегі күнәні істемеу қажырлылығынан туындаған күшті пенде өзі мен күнә арасына қалқан қылады. Жүрегі осыған әдеттенген пендеге «муттақи», яғни, «тақуа адам» делінеді.

Біліп қой тақуалықтың үш деңгейі бар:

1) Шірктен сақтану.

2) Бидғаттардан сақтану (қате, адасқан сенімдерден сақтану).

3) Күнә істерден сақтану. 

Және де жаман нәрселер екі түрлі:

1) Асли жамандықтар. Бұлар болмысынан жаман нәрселер. (Сондықтан «асли» деп аталады). Бұндай жамандықтарға пендені жамандықтан тәрбиелеу мақсатында тыйым салынған. Мысалы, діндегі нақты харам істер осыған жатады.

2) Асли емес жамандықтар. Бұлар болмысы жаман болмағанымен, кейбір себептерге байланысты тақуалыққа қауіпті болып танылған нәрселер. Жаман істердің бұл түріне пенденің тәрбиесін көркемдеу мақсатында тыйым салынады. Бұларға халалдың артығы жатады, мысалы, күмәнді нәрселерден табылған мубах азықтар, негізі мубах біреқ күмәнді заттар сияқты.

Бірінші түрдегі жаман істерге қарсы тақуа болу (яғни, одан сақтану) - парыз. Сақтанбаса азапқа душар болады.

Екіншісі түрдегі жамандыққа қарсы тақуа болу (яғни, одан сақтану) - жақсылық, әдеп. Сақтанбаса Құдайдың құзырында сұраққа алынады, сөгіледі.

Бірінші түрдегі жамандықтардан сақтану - тақуалықтың бірінші деңгейі болып табылады. Бұл - тура жолдағы бойсұну деңгейі.

Екінші түрдегі жамандықтардан сақтану (күмәнді нәрселерден сақтану) - тақуалықтың ең үстіңгі деңгейі.

Егер пенде күнәлардан да, күмән араласқан мубах нәрселерден де сақтанып жүрсе, ол толық мағынада «тақуалыққа» жеткен болады. Тақуалықтың бұл деңгейіне «Кәміл Уәраъ» деніледі. Діннің негізі - осы деңгей. 

Осыған қоса мына нәрсені де айта кету керек: бес ағзаны харамнан сақтау керек, олар - көз, құлақ, тіл, қарын (асқазан) және жүрек, бұлар - негізгі ағзалар. Осы ағзаларды зияны тиетін харамдардан, күмәнді нәрселерден және халал нәрселерде ысырапқа барудан сақта. Бұл ағзаларды харамнан және күмәнді заттардан қорғай алсаң, қалған ағзаларды да оңай қорғай аласың. Осылай істеген жағдайда бүкіл денеңмен Алла Тағалаға тақуалықтың ақысын берген боласың1.


1Имам Ғазали: «Раудатут Толибин».

Абдусамат Қасым

 

0 пікір