ҚЫЗ ТӘРБИЕСІНІҢ НӘЗІК ТҰСТАРЫ
ҚЫЗ ТӘРБИЕСІНІҢ НӘЗІК ТҰСТАРЫ
2 жыл бұрын 3894
Гүлмира Ілесбайқызы
Жарқын болашақтың негізі кім екенін білесіз бе? Әрине, ол саналы, салиқалы ұрпақ. Ал ондай ұрпақтың бастамасы кім екенін білесіз бе? Ол - әйел. 

Бір қолымен бесікті тербетсе, екіншісімен әлемді тербеткен әйел. Әбу Һурайра (р.а.) жеткізген хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімнің үйінде қыз бар болса, ол үйге күн сайын көктен он екі береке түседі. Ол үйге періштелер тынбай (үздіксіз) келіп тұрады. Әрбір күн, әрбір түн сайын олар (сол қыздың) ата-анасына бір жылдық құлшылықпен тең сауап жазып отырады» деген. 

Ойлаңызшы не деген керемет сый. Ал мұндай сыйға ие болушыммақала басында айтып кеткендей, жарқын болашаққа бастама салуға үлкен үлесін қосатын дәл осы әйелдер. 

"Әйелдің тұңғышының қыз болуы - оған игілік пен салиқалық берілгендігінің белгісі. Себебі Алла былай дейді: «Егер қаласа біреуге қыз береді, қаласа ұл береді». (Ибн Омардан ибн Мардауия риуаят еткен). «Салиқалы әйел деген, ол – аз төлемді кешірген және бірінші нәрестесі қыз болған әйел». (Айша р.а. анамыздан Суюти риуаят еткен).

Атам қазақ жердің көркін гүлге теңесе, елдің көркін бекерге қызға теңемеген. Сұлулық пен нәзіктіктің символы болған әйелдер әр елдің көркі. 
Қыздарымыз біздің көркіміз, ұятымыз, ең бағалы жауһарымыз. Сол себепті байлығымызды қалай қорғап, сақтасақ,  қыздарымызды да сырт көзден, жамандықтан дәл солай сақтап, қорғауымыз керек. 

Атам қазақ қыздың тәрбиесіне ерекше мән беріп, ерекше құрметтеген. Сый-құрметтің артында қаншама даналық пен тыйымдар жатыр. 
Қазақ қашанда қыздың ар ұятын жоғары қоя білген. Ешқашан қызды есік көзіне отырғызбай төріне шығарып сыйлаған халық. Қызды халықтың, ел жұрттың бет-бейнесіне теңеген. Осындай қарым-қатынас арқасында қазақта қаншама тұлғалар дүниеге келді. Қандай ұлы тұлғалар осындай ардақты анадан тәрбие алды. Қазақтың қызға деген құрметін қарапайым оның әшекейлерінен-ақ білсеңіз болады екен. Мысалы, шолпы, шашбаулардың даналығын білесіз бе? Бұл әшекейлер қыздың келе жатқанын алыстан сылдырлап дауыс шығарып білдіретін бұйымдар. 

Ана тілімізде «қыз» деген сөз бар. Ол ең қасиетті де, құрметті сөз. Қасиетті болатыны - бүкіл адамзат әйелден тарайды: қыз келін болады, келін - анаға айналады, ал ана-әже деген зор дәрежеге жетеді. Осы арқылы ұрпақ өсіріп, ұлт қатарын көбейтеді. Сондықтан қыздың тәрбиесіне ерекше мән беріп, сол тәрбиені қалыптастырудың жолына барлық игі жақсылықтарды топтастырған. Қазақ қауымында қыз баланың орны айрықша болғандығы сондықтан. Ата-бабаларымыз қызды қонақ деп есептеп, барған жерде бағының ашылуын үйде отырып қамдаған. Барынша ізетті, сыпайы, мейірімді де ісмер, қылықты да қырмызы болуын үнемі қадағалап отырған. Еркін ұстаған, бірақ тым еркінсітпеген. «Қыз - өріс, ұл - қоныс» деп білгендіктен өрісін кеңейтер қыз балаға айырықша көңіл бөлген. "Қыз - мінезді келсін, ұл - өнерлі келсін" дей отырып, «қызға қырық үйден тиым» жасайды. Осы тұста қыз тәрбиесіндегі жеңге рөлі де көзден таса болмайды. Бұған байланысты аталарымыз «Қызы бар үйдің жеңгесі сүйкімді келеді» деп тұжырымдаған. Өйткені әке-шеше айта алмайтын сырды жеңге жеткізеді. Қыздың балғын болмыс-бітімі мен тәрбиесінің басы-қасында аяулы жеңгелер жүреді. Ата-ана қызынан еш нәрсені аямайды. Оның еш нәрседен мұқтажсыз өсуін қадағалайды. Дегенмен қызды бетімен де жібермейді. "Қызды қымтап ұстаған ұялмайды" дей отырып, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсіруді парыз санайды. Қыздың ар-ұятының сақшысы бәріне жауапты екенін ешуақытта ұмытпаған. Содан да болар, бір жағынан «қыз бен жылқы жаудікі» деп қыз тәрбиесіне мейілінше сақ қарайды. Қыздың баянды отанын тапқанша отбасы өзінің жауапты екенін еш ұмытпаған.

Дереккөз: azan.kz  

0 пікір