«Алла мүминдерге перғауынның әйелін мысал етеді»: Әсия бинт Музахимнің қиссасы
«Алла мүминдерге перғауынның әйелін мысал етеді»: Әсия бинт Музахимнің қиссасы
12 сағаттан соң 67 islam.kz/
Әли Мұхаммед Салләби

Иманға беріктік пен табандылық — Құран Кәрімде айрықша дәріптелген ұлы құндылықтардың бірі. Құран бұл қасиетті мұсылмандарға сабыр мен игі үміт сыйлайтын шынайы өмірлік оқиғалар арқылы көркем жеткізеді. Соның ең жарқын үлгісі — Перғауынның жары Әсия бинт Музахимнің қиссасы. Ол зұлымдық жайлаған сарайда жалғыз өзі өмір сүріп, Жаратушыға деген шексіз адалдығын паш етті. Оны билік те, байлық та азғыра алмады, сұмдық азаптаулар да ықтыра алмады. Ол өткінші сән-салтанатты емес, Жаратушының қасында болуды, мына дүниенің өткінші қызығын емес, Ақырет мекенін таңдады. Осылайша, Алла Тағала оны шынайы иманның мәңгілік үлгісі етіп, Ақиқатқа деген бекемдіктің әлсіздік пен берілуді білмейтінін бүкіл адамзатқа дәлел етті.

Әсия бинт Музахим иманның жүгін көтеріп, үлкен азаптар мен ауыртпалықтарға сабыр етті. Салман әл-Фарисиден (р.а.) жеткен хадисте былай делінеді:

«Перғауынның әйелі күннің астында азапталатын. Азаптаушылар кеткен кезде періштелер оны қанаттарымен көлеңкелеп, қорғайтын. Ал ол Жәннаттағы өз сарайын көріп тұратын еді» (1).

Егер ол бір ауыз сөз айтса, сұмдық азаптан аман қалып, Мысырдың патшайымы ретінде бұрынғыдай қайғысыз, сән-салтанатта өмір сүре беретін еді. Ал ол нені таңдады? Әсия бинт Музахим Алланың ризашылығы мен Оған жақын болуды таңдап: «Рабби бни ли ғиндәкә бәйтән фил-жәннәһ» («Раббым! Маған Өз қасыңнан Жәннатта бір үй тұрғыз!») деп дұға етті. Ғалымдар айтқандай, ол «үйден бұрын көршіні» таңдады. Ол алдымен Жаратушысын таңдап, «Раббым! Маған Жәннатта үй тұрғыз» демей, «Маған Өз қасыңнан...» деп, Жаратушыға жақын болуды бірінші орынға қойды. Алла Тағала оның сабыры мен тартқан азабын бағалап, үміті мен арманын қабыл етті (2).

Иман дегеніміз — құрғақ сөз емес. Ол — ауыр жауапкершілікті талап ететін құндылық, сабыр мен шыдамдылықты қажет ететін үлкен күрес. Адам «Иман келтірдім» деп айтқанымен, сынақтан тыс қалмайды. Алтынды отқа салып, ішіндегі қоспаларынан ажыратып тазартатыны сияқты, сынақтар да адамның жүрегін тазартып, иманының шынайылығын сараптайды (3).

Перғауынның жары Әсия Аллаға иман келтіріп, жүрегімен Нұрды көрді. Перғауын оны қанша азаптаса да, ол сабыр сақтап, Жаратушысына жалбарынып, Оған ғана дұға етті. Алла Тағала оның дұғасын қабыл етіп, Құранда былай баяндайды:

«Алла иман келтіргендерге Перғауынның әйелін мысал етті. Ол: «Раббым! Маған Өз қасыңнан Жәннатта бір үй тұрғыз! Маған Перғауыннан әрі оның іс-әрекетінен құтқара гөр және мейірімсіз (зұлым) қауымнан құтқара гөр!» — деген еді» (Тахрим сүресі, 11-аят).

Құран Кәрім бізге Аллаға толық бойұсынған әйел затының таңғажайып үлгісін баяндайды. Демек, әйел адамның иманына күйеуінің бұзықтығы мен зұлымдығы кері әсер ете алмайды. Сол сияқты оның ізгі жан болуына күйеуінің тақуалығы да өздігінен кепіл бола алмайды. Себебі Алланың алдында әркім өзі үшін жеке жауап береді. Құран әйел мен ер адамды шариғат міндеттері мен Ақыреттегі қарымта қайтару тұрғысынан тең дәрежеге қойып, о дүниеде әркімнің жеке жауапкершілік арқалайтынын білдірген (4).

Әсия бинт Музахим — Мысырдың бірінші ханымы бола тұра, бұзылған қоғамдағы иманды, ізгі әйелдің ең көркем үлгісін көрсетті. Ол азғыруға да, қорқытуға да, азапқа да қаймықпай төтеп берді. Ол сұлулығына да, билігіне де мастанған жоқ. Өткінші дүниені тәрк етіп, Алланың қасындағы мәңгілікке ұмтылды.

Сондықтан Әсия — әйелдер әлеміндегі ең жоғары мәртебеге көтерілген тұлғалардың бірі. Оның есімі Мәриям бинт Имранмен, Хадиша бинт Хувайлидпен және Фатима бинт Мұхаммедпен (с.а.у.) қатар аталады. Ол бұл биікке сұлулығымен немесе байлығымен емес, иманымен, ізгі амалымен және Ақиқат жолындағы табандылығымен жетті. Бүгінгі заманда бізге осындай асыл үлгілер қаншалықты ауадай қажет! (5)

Әсия сенімнің беріктігі мен иманның шынайылығының үлгісі болды. Күйеуінің күпірлігі мен зұлымдығы оның иманына нұқсан келтіре алмады. Себебі Алланың заңы бойынша: «Ешбір күнәкар басқа біреудің күнәсын көтермейді» (6). Перғауын сарайындағы күпірлік тасқыны да оның жалғыз өзі құтқарылу жолын іздеуіне бөгет бола алмады. Ол Перғауынның сарайынан бас тартып, Жәннаттан үй сұрады. Перғауынмен байланысын үзіп, одан құтқаруды өтінді. Оның кесірінен аман сақтауды тіледі.

Әсия Нұрды көрді, Ақиқат жолын тапты. Тіпті бұл жолдың қан мен азапқа толы екенін біле тұра, батылдықпен сол жолды таңдады.

Перғауын оның иман келтіргенін білгенде, оны аяусыз азаптай бастады. Ал Әсия өз иманына адал болып, сабыр сақтады, тартқан азабының сауабын Алладан күтті. Ол бүкіл қоғамның, сарай маңындағылардың, Перғауын мен уәзірлердің сұмдық қысымына қарамастан, Алладан дінінде табанды болуды сұрап, Оған ғана сыйынды (7).

Осының бәрінің ортасында ол басын көкке көтеріп, лас ортада өмір сүргенше, Жаратушыға жақын болуды әрі Ақыретті таңдады да:

«Раббым! Маған Өз қасыңнан Жәннатта бір үй тұрғыз! Маған Перғауыннан әрі оның іс-әрекетінен құтқара көр және мейірімсіз (зұлым) қауымнан құтқара көр!» — деді (Тахрим сүресі, 11-аят).

Я, Алла! Бұл — өте терең, мағыналы әрі жан-жақты дұға еді. Ол дұғасын «Раббым» деп Алланы ұлықтаудан бастады. Сосын үй сұрады, бірақ үйдің сипаттарын айтпас бұрын, оның мекенін белгіледі. Ол жай ғана дәрежеге қанағаттанбады, «Мұсаның немесе Һарунның қасынан» демей, «Өз қасыңнан» деді. Бұл оның рухының қаншалықты биік екенін көрсетеді. Содан кейін барып Жәннатты тіледі. Ол дүниенің қызығын емес, Ақыретті сұрады. Кесірдің басы Перғауын болғандықтан, жалпыдан бұрын жекені атап: «Перғауыннан, сосын оның ісінен, одан кейін зұлым қауымнан» деп ретімен сұрады. Оның парасаты мен ақылына таңғалмасқа лаж жоқ! Алла Тағала оның дұғасын қабыл алып, рухын Өз құзырына алды, Жәннаттан үй нәсіп етті. Оған берілген сауапты ұлық етіп, екі дүниеде де мәртебесін көтерді және Құранда иман келтіргендерге мәңгілік үлгі етіп қалдырды (8).

Әсия бинт Музахим бізге Алла үшін жақсы көру және Алла үшін жек көру ұғымының ең көркем үлгісін көрсетті. Ол күйеуінің айбарынан қорықпады, барлық азғырулардан жоғары тұрып, Перғауын мен оның елінен безінді. Жаратылысы нәзік әйел бола тұра, ол жер бетіндегі ең сұмдық залым әрі озбыр Перғауынға жалғыз өзі қарсы шықты. Құрандағы бұл оқиға Аллаға жақын әулиелердің басты сипаты — тек Аллаға иек артып, Одан ғана жәрдем тілеу екенін көрсетеді (9).

Перғауынның әйелінің бейнесі арқылы Құран Кәрім мынадай шындықты дәлелдейді: әйел заты кейде айтылып жүргендей әлсіз, біреудің ырқына көне беретін еріксіз жан емес. Керісінше, ол ер адаммен тең дәрежеде, тіпті кейде жігерлігі, өз пікірінің тәуелсіздігі, иман мен Нұр жолындағы күресі және сабырлылығы жағынан ер азаматтардан да асып түсе алады. Ол Аллаға шақыруда, ізгілік жасауда, әлсіздерді қорғауда тайсалмады. Өз ақылы мен парасатына сүйеніп, дұрыс таңдау жасай алды және сол таңдауы үшін соңына дейін күресті (10).


islamonline.net 

 

0 пікір