"Уа, Балам! Білгеніңе амал етпесең, сауапқа кенелмейсің...": Имам Ғазалидің шәкіртіне айтқан өсиеті (3)
"Уа, Балам! Білгеніңе амал етпесең, сауапқа кенелмейсің...": Имам Ғазалидің шәкіртіне айтқан өсиеті (3)
2 жыл бұрын 3222
Абдусамат Қасым

УА, БАЛАМ!

Білгеніңе амал етпесең, сауапқа кенелмейсің.

Мынадай бір хикая айтылады: Баяғыда Исраил ұлдарынан болған бір кісі жетпіс жыл Құдайға құлшылық жасапты. Оның ыждығатына қарай Құдай Тағала дәрежесін періштелерден үстін қылғысы келеді. (Бірақ алдымен сынағысы келсе керек) Алла Тағала оған періштенің бірін жіберіпті де мына сөзді жеткізуін бұйырыпты: «Осынша уақыттық мінәжатың болса да сен - пейішке лайық емессің!»

Періште Жаратушының әлгі сөзін «абид пендеге» естірткен кезде (абид – құлшылығы көп, ғибадатшыл адам), абид пенде:

- «Біз құлшылық үшін жаратылғанбыз. Қалай болғанда да Алла Тағалаға бас иіп, оған ғибадат етуіміз тиіс» - депті.

Періште оралғаннан кейін, әр нәрсені білуші Құдай Тағала біліп тұрса да періштеден:

- «Пендем не деді? – деп сұрайды.

- «Уа, Жаратқан Ием! Пендеңнің не айтқанын сен менен жақсырақ білесің» - деп жауап береді періште. Сонда Алла Тағала:

- «Ол бізге (яғни, Аллаға) құлшылық жасаудан бас тартпады. Біз де кеңшілік иесі ретінде, одан бас тартпақ емеспіз. Ей, періштелерім, куә болыңдар! Мен оның күнәларын кештім!» - деген екен.

Алла Расулы (Мұхаммед пайғамбар) саллаллаһу алейһи уә сәлләм өзінің бір асыл сөзінде былай деген:

«(Уа, иман еткендер, ақыретте) есепке алынбай тұрып, өз-өздеріңе есеп беріңдер. Және де (ақыретте) амал таразысына тартылмай тұрып, істеріңді таразылаңдар»[1].

Әзіреті Әли (Алла оған разы болсын) айтады:

«Кімде-кім еңбексіз (пейішке) жетемін деп ойласа, ол тым үмітшіл, дәмегөй адам. Сондай-ақ, кімде-кім өзінің күш-жігерімен ғана пейішке жетемін десе, ол өзіне тым сенімді адам»[2].

Хасан әл-Басриден де мынадай сөз жеткен:

«Амал істемей пейішті сұрау – күнәлардың бірі»[3].

Басқа бір сөзінде ғалым (Хасан әл-Басри) былай дейді:

«Ақиқи ілім, ол – амалды тәрк ету емес, ақиқи ілім - амал еткені үшін берілер сауапты талқылауды тәрк ету».

(Яғни, сауап беріле ме екен, берілмес пе екен, дегенді ойламай, Құдай тағалаға құлшылығын дұрыс жасауды ойлағаны дұрыс, жоғарыда келтірілген хикаяда айтылғандай).

Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) айтады:

«Ақылды адам – нәпсісін тізгіндеп, өлімнен кейінгі өмір үшін жұмыс істейді (амал етеді). Ақымақ адам – нәпсісіне ере тұра Алладан үміт күтеді»[4].

(Жалғасы бар...)

Имам Ғазалидің «Әйюһәл Уәләд» («Уа, балам»)
атты кітабынан. (
Араб тілінде). 

[1] Ибн Мүбәрак, «Зүһд» (306); Имам Ахмед, «Зүһд» (633); Ибн Әбу Шәйба, «Мусаннаф). Әзіреті Омар радияллаһу анһудан жеткен, мәуқуф хадис
[2] «Қутуль құлуб».
[3] Әбу Абдуррахман әс-Сүләмий «Тобақатус Суфия» атты еңбегінде келтірген. Әбу Нуъим «Хилятуль Әулия» аттың еңбегінде келтірген. Және Сәъләби өзінің тәпсірінде Шәһр ибн Хушибтан (р.а.) келтірген.
[4] Имам Тирмизи: «Сүнән». №2459; Ибн Мәжә, «Сүнән». №4260. Сахаба Шәддәд ибн Әустан (р.а.) жеткен.

0 пікір