Үшінші үлкен күнә: Сиқырлық (сиқыр жасау, дуалау)
Үшінші үлкен күнә: Сиқырлық (сиқыр жасау, дуалау)
15 сағат бұрын 364 islam.kz/
Имам Зәһәби (рахимаһуллаһ)

Осы дуа мен сиқырдың кесірінен қаншама отбасы ойран болып, қаншама адам есінен ауды, ал қаншамасының жолы байланды. Сондықтан да, Құдай Тағала мұндай қоғамға тигізер зардабы ауыр істі харам деп, ал айналысқан адамды мәңгі тозақы боларын ескертті. Төменде Имам Зәһәбидің "Үлкен күнәлар" атты кітабынан "Сиқыр" тақырыбын аударып беріп отырмыз. Мұнда сиқыр ісінің дінімізде харам әрі ауыр күнә болуымен қатар, айналысушының күпірлікке жетелейтінін айтуда.


Сиқыршы міндетті түрде күпірлікке ұрынады. Алла Тағала Құранда: «...Алайда шайтандар адамдарға сиқырды үйретіп, кафир болды» («Бақара» сүресі, 102-аят) — деген. Қарғыс атқан шайтанның адамға сиқыр үйретудегі басты мақсаты — оны Аллаға серік қосуға (ширкке) итермелеу. Алла Тағала Харут пен Марут туралы баяндап: «Ол екеуі: "Біз — бір сынақпыз, сиқырды үйреніп кафир болма!" — деп ескертпейінше, ешкімге оны үйретпейтін. Адамдар ол екеуінен ері мен әйелін бір-бірінен ажырататын нәрселерді үйренетін еді. Ал сиқыршылар Алланың қалауынсыз ешкімге зиян тигізе алмайды. Олар өздеріне пайда бермейтін, керісінше зиян келтіретін нәрсені үйренетін. Және сиқырды сатып алған (үйренген) адамға Ақыретте ешқандай үлес (сауап) жоқ екенін жақсы білетін» («Бақара» сүресі, 102-аят) — деген.

Бұл жердегі «үлес» сөзі — «несібе, сауап» дегенді білдіреді. Жолдан тайған көптеген адамдардың сиқырға ұрынып, оны тек «харам нәрсе» деп қана ойлайтынын көресің. Олар мұның ашық күпірлік (куфр) екенін сезбей де қалады. Сөйтіп олар таза сиқыр болып табылатын «симия» ғылымын үйренуге, еркекті әйелінен суытып байлауға (сиқырдың бір түрі), ерлі-зайыптыларды бір-біріне сиқырмен сүйкімді немесе жеккөрінішті етіп көрсетуге және осы сияқты көбінесе ширк пен адасудан тұратын мағынасыз сөздерді қолдануға бой алдырады.

Сиқыршының (дуашының) жазасы — өлім делінген (егер тәубе етпей дұрысталмаса, қазы өлім жазасына кеседі). Өйткені ол Аллаға қарсы шығып кафир болды немесе күпірлікке өте жақын іс жасады (әрідесе, қоғамға үлкен кесір тигізуде). Пайғамбар (саллаллаһу алейхи уа салләм): «Адамды құрдымға кететін жеті үлкен күнәдан сақтаныңдар» — деп, соның ішінде сиқырды да атаған. Ауыр күнәлар адамды құртады, сондықтан әрбір пенде Раббысынан қорқып, өзінің дүниесі мен Ақыретін зорайтатын істерге жоламасын.

Пайғамбардан (саллаллаһу алейхи уа салләм): «Сиқыршының жазасы — қылышпен шабу» деген хадис те жеткен, бірақ дұрысы — бұл сөз хадис емес, сахаба Джундубтың сөзі.

Байала ибн Абдадан жеткен риуаятта: «Омардың (радыяллаһу анһу) қайтыс болуынан бір жыл бұрын бізге: "Әрбір сиқыршы еркек пен сиқыршы әйелдің көзін жойыңдар (өлім жазасына кесіңдер)", — деген хаты келді» — делінген. (Өйткені араб жерінде сиқыршылар мен дуашылардың қатары көбейіп, тоқтау болмаған, адамдарды надандыққа жетелеген. Сиқыр және дуамен айналысудың қаншалықты ауыр күнә екендігін осыдан түсінуге болады).

Ваһб ибн Мунаббиһ айтады: «Кейбір бұрынғы кітаптардан оқығаным бар, Алла Тағала: "Менен басқа тәңір жоқ. Сиқыр жасаған, өзіне сиқыр жасатқан, сәуегейлік еткен, сәуегейге барып бал аштырған, жаман ырымға сенген және өзіне жаман ырым жасатқан адам Менен емес (Менің назарымнан тыс)" — дейді». 

Али ибн Аби Талибтен (радыяллаһу анһу) жеткен хадисте Алла елшісі (саллаллаһу алейхи уа салләм): «Үш түрлі адам жәннатқа кірмейді: араққа салыңған (ішкіш), туыстық қатынасты үзген және сиқырға сенген адам» — деген (Имам Ахмад «Муснадында» риуаят еткен).

Ибн Масғудтан (радыяллаһу анһу) жеткен риуаятта Пайғамбар (саллаллаһу алейхи уа салләм): «Дем салу (яғни, тәуіптердің дем салуы), тумар тағу (аят жазылған тұмар болады) және «тиваля» (ерлі-зайыптыларды бір-біріне баурайтын сиқыр) — ширк болып табылады» — деген.

  • «Тамаим» (тумарлар): Бұл «тамима» сөзінің көпше түрі. Білімсіз, надан адамдар өзіне, балаларына немесе мал-жанына тіл-көзден сақтасын деп тағып қоятын тастар мен тұмарлар. Бұл — жаһилият (исламға дейінгі надандық) дәуірінің әдеті. Кімде-кім сол тас не тұмар өздігінен пайда не зиян тигізеді деп сенсе, Аллаға серік қосқан болады (ширк). (Алайда, Құран аяттары жазылған тұмарларға біраз ғалымдар рұқсат берген).

  • «Тиваля»: Оқылуы — «т» әрпі астында асты кәсрамен (тиваля), бұл — сиқырдың бір түрі. Әйелді күйеуіне сүйкімді ету үшін жасалады. Жаһил (надан) адамдар мұндай сиқыр Алланың жазған тағдырынан тыс әсер етеді деп сенгендіктен, бұл іс ширкке жатқызылған.

Осы тұрғыда дем салу жайында Имам әл-Хаттаби (рахматуллаһи алейһи) айтады: «Егер дем салу Құран аяттарымен немесе Алла Тағаланың көркем есімдерімен жасалса, онда оған рұқсат етіледі (мүбаһ). Өйткені Пайғамбар (саллаллаһу алейхи уа салләм) немерелері Хасан мен Хусейнге (радыяллаһу анһума): "Әрбір шайтаннан, апаттан және сұқ көзден сендерді Алланың кемшіліксіз, кәміл сөздеріне сыйындырып, пана тілеймін" — деп дем салатын еді».

Алла тағала көмектесуші әрі сүйенішіміз!


 

Имам Зәһәби (рахимаһуллаһ): "әл-Кәбәир" (үлкен күнәлар). 

 

0 пікір