Суды қай температурада ішкен дұрыс: Ғылым не дейді?
Суды қай температурада ішкен дұрыс: Ғылым не дейді?
6 сағаттан соң 78 islam.kz/

Суды мұздай, салқын не бөлме температурасында ішуге келгенде әркімнің талғамы әртүрлі. Дегенмен, бәрімізді мазалайтын басты сұрақ — қайсысы денсаулыққа пайдалы?

Real Simple басылымы жариялаған зерттеуге сүйенсек, нутрициологтар мен гастроэнтеролог-ғалымдар судың температурасы ағза жұмысына айтарлықтай ықпал етпейтінін айтады. Ең бастысы — ағзадағы су тепе-теңдігін сақтау үшін күніне жеткілікті мөлшерде су ішу.

Калифорния университетінің жаһандық денсаулық сақтау жөніндегі доценті әрі диетолог Мэттью Лэндридің пікірінше, 15–22 °C аралығындағы сәл салқын су — көпшілік үшін ең оңтайлы таңдау. Өйткені мұндай суды ішу жеңіл әрі жағымды. Сонымен қатар ол су ішке түскен бойда дене температурасына тез бейімделетіндіктен, оның бастапқы температурасы ағзаға аса ықпал етпейтінін түсіндіреді.

Ғалымдар бөлме температурасындағы (20–22 °C) судың да күнделікті тұтынуға өте қолайлы екенін айтады. Гастроэнтеролог Эдмундо Родригес-Фриас судың ішке сіңу жылдамдығына үңілгеннен гөрі, адамның өзіне жайлы әрі сүйсініп іше алатын температурасын таңдағаны маңыздырақ екенін ескертеді.

Салқын судың артықшылығы бар ма?

АҚШ-тың Спорттық медицина колледжі мен Жаттықтырушылардың ұлттық қауымдастығы да сәл салқындатылған суды ішуге кеңес береді. Әсіресе аптап ыстықта немесе жаттығу кезінде адамдар жылы суға қарағанда салқын суды көбірек ішеді, бұл сусызданудың алдын алуға көмектеседі.

Дегенмен, салқын судың ағзаға физиологиялық тұрғыдан ерекше пайдасы бар деген пікірді ғылыми дәлелдер растамайды. Ғалымдар салқын судың жылы суға қарағанда тезірек немесе тиімдірек сіңетініне ешқандай айғақ тапқан жоқ. Оның жалғыз артықшылығы — шөлді тез әрі сүйсініп қандыруында.

Ас қорытуға әсері қандай?

Соңғы зерттеулер су температурасының асқазанға әсері тым аздау екенін көрсетті.

Ыстық пен суық сусынды салыстырған тәжірибеде асқазан ішіндегі температура уақытша өзгергенімен, бұл асқазан қышқылының бөлiнуiне немесе ас қорыту жылдамдығына кері әсер етпеген. Сондықтан бөлме температурасындағы су ас қорытуға ерекше жеңілдік сыйламайды, бірақ ешқандай кедергі де келтірмейді.

Мұздай судың сыры мен зияны

Ал мұздай суға келсек, кейбір зерттеулер тамақтанудан бір сағат бұрын ішілген жарты литр мұздай су тәбетті сәл де болса басатынын байқаған. Салыстырмалы түрде, мұздай су ішкен адамдар жылы су ішкендерге қарағанда азырақ калория тұтынған.

Бұған қарамастан, ғалымдар бұл әсерді тым мардымсыз деп санайды және мұздай суды салмақ тастаудың тиімді жолы ретінде ұсынмайды. Keрiсінше, мұздай суды тез ішкенде бас сақинасының ұстауы (brain freeze) немесе тіс сезімталдығының қозуы мүмкін.

Жылы су мен ыстық сусындардың қаупі

Сонымен бірге "жылы немесе ыстық су ағзаны токсиндерден тазартады" деген сөздің де сенімді Ғылыми негізі жоқ. Жылы су ішу сізге жайлы болса — ішуге болады, бірақ өте ыстық сусындардан абай болған жөн.

Дәрігер Родригес-Фриас температурасы 65°C-тан жоғары өте ыстық сусындарды үнемі тұтыну өңеш обырының (рагының) даму қаупін арттыратынын ескертеді. Сол себепті ең басты кеңес — ағзаға жайлы температураны таңдап, өңешті күйдіретін сұйықтықтардан аулақ болу.

Қорытынды: Судың сиқырлы, ғажайып температурасы жоқ. Бөлме температурасындағы немесе сәл салқын су — көпшілік үшін ең қауіпсіз әрі қолайлы таңдау. 


alarabiya.net

 

0 пікір