"Ықылас екі түрлі болады..."
"Ықылас екі түрлі болады..."
2 жыл бұрын 3899
Имам Ғазали (рахимаһуллаһ)

Біліп қой! Ғалымдардың назарында ықылас екі түрлі:

  1. Іс-амалдағы ықылас.
  2. Сауапты көксеу ықыласы.

Іс-амалдағы ықылас, ол – Ұлы Аллаға жақын болуды, Оның бұйрығын ұлықтауды және шақыруына жауап беруді көксеу. Оны ол нәрсеге жетелейітін фактор – дұрыс ақида (сенім). Ықыластың бұл түрінің қарама-қайшысы – «нифақ» (екі жүзділік), ал ол (яғни, нифақ) – Алладан өзгеге жақын болуға талпыну дегенді білдіреді.

Сауапты көксеу ықыласы, ол – ізгі істерді істеу арқылы ақыреттік пайдаға қол жеткізуді көксеу (істеген ісінен сауап күту). Бұның қарама-қайшысы – рия. «Рия» деген, мейлі Алладан күтсін, мейлі адамдардан күтсін, ақыреттік істер арқылы дүниелік пайданы көксеу деген сөз. Өйткені, рияда назар аударылар нәрсе – кімнен көксегені емес, нені көксегені.

Ықыластың нәтижелері

Аталмыш екі түрлі ықыластың нәтижелеріне келсек:

Іс-амалдағы ықыластың нәтижесінде – істеген амалы ғибадат пен құлшылыққа айналады.

Ал «сауапты көксеу ықыласының» нәтижесінде – істеген амалы қабыл болып, мол сауапқа кенеледі.

Нифақ (яғни, Алладан өзгеге жақындауды көксеу) – істеген амалын босқа кетіріп, оны (амалды) ғибадат болудан шығарады. (Яғни, ғибадаттық сипатын жойып, амалы құр босқа кетеді).

Рия (яғни, ақыреттік істердің көмегімен дүниелік пайданы күту) – істеген амалының қабыл етілмей кері қайтарылуын керек еттіреді.

Ықыластың орын алуы керек жерлер

Ендігі жерде «Ықыластың жері қайсы? Қай амалда ықылас көрініс табуы шарт?» десеңіз, мынаны біліңіз:

Кей ғалымдардың көзқарасы бойынша осы жөнінен амалдар үш бөлікке бөлінеді:

Біріншісі – ықыластың екі түрі де орын алуы керек болған амалдар. Бұған – негізгі сыртқы (заһири) ғибадаттар жатады. (Мысалы, намаз, ораза, зекет, қажылық т.б.).

Екіншісі – «сауапты көксеу ықыласын» қажет етіп, «іс-амалдағы ықыласты» қажет етпейтін амалдар. Бұған – ғибадатқа әзірлік үшін жасалатын мубах істер жатады.

Осы орайда, ұстазымыз айтқан:

«Іргелі-негізді ғибадаттардың ішіндегі Алладан өзге үшін де жасалуы мүмкін түрлерінде іс-амалдағы ықыластың болуы шарт. Сондай-ақ, ішкі (батыйни) ғибадаттардың көпшілігінде де іc-амалдағы ықыластың болуы керек (яғни, Ұлы Аллаға жақын болуды көксеу ықыласы)». 

Ал сауаптың екінші түрі - «сауапты көксеу ықылас» түріне қатысты ұстазымыз айтқан:

«Амал етуші мұсылман ішкі (батыйни) ғибадат арқылы Алла Тағаладан дүниелік пайда күтетін болса да, ол – рия» деген.

Менің айтарым: олай болса, ішкі (батыйни) ғибадат түрлерінің көбісінде ықыластың екі түрі де орын алмағы жөн. Нәпіл ғибадаттарда да солай. Нәпіл ғидаттарды бастар кезде де ықыластың екеуі де болмағы ләзім.

Әзірлік үшін жасалатын мубах істерге келсек (яғни, ғибадат болып саналмайтын мубах істер): бұларға іс-амалдағы ықылассыз-ақ, сауапты көксеу ықыласы болса болғаны. Өйткені іс-амалдың бұл түрлері, негізінде өз алдына ғибадат болып саналмайды, бұлар ғибадатқа әзірлік сипаттағы амалдар (сондықтан, бұл амалдар үшін де сауап жазылу үшін ықыластың екінші түрі болуы ләзім, яғни, мубах істер де сауап үшін жасалса, сауап болады-ауд.). 

(Сыртқы/Заһири ғибадаттарға – намаз, ораза, қажылық, зекет, Құран оқу сияқты көзбен көрініп, құлақпен естілетін негізгі ғибадат түрлері жатады. Ішкі (Батыйни) ғибадатқа – жүректегі Аллаға деген махаббат, сенім, тәуекел, қорқыныш, үміт, мойынсұнушылық т.б. сезімдері жатады).

Ықыластың уақыты

Бұл айтылғандар ықыластың орын алуы керек орындар еді. Ал енді ықыластың уақытына келер болсақ (қай кезде ықылас болуы керек?):

Іс-амалдағы ықылас – міндетті түрде іс-амалмен бірге болуы тиіс, кейде амалдан кейін орын алып жататын кездері де болуы мүмкін.

Ал сауапты көксеу ықыласының уақыты – амалдан кейін де орын алып жататын кездері болады. Кей ғұламалардың пікірінше, ықыластың бұл түрінде амалды істеп болғандағы уақыт негізге алынады (яғни, Алла үшін бір амалды істегеннен кейін, оның сауабын амалды орындап болғаннан кейін күткен абзал деген сөз-ауд.).

Осы тұрғыда, бір амалды орындап болғаннан кейін (көкейінде) ықыласпен бірге, рия да болса, ісі босқа кетеді. Ол істі қайтып қалпына келтіре алмайды (яғни, құлшылық сипаты жойылып, ісі сауапсыз болады, кейін ол істің құлшылық болу сипатын қайта қалпына келтіре алмайды, ол сонымен кетті, бірақ кейіннен риясыз оны қайта істесе ол басқа-ауд.). Ең дұрысы – Аллаға мәлім!1


1 Имам Ғазали: «Раузотут Толибин» атты еңбегінен аударылды - «Ықылас» тарауы. (Араб тілінде). 

Аударып дайындаған Абдусамат Қасым

 

0 пікір