Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбарымыздың қанша жұбайы болған және аты-жөндері кім?
Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбарымыздың қанша жұбайы болған және аты-жөндері кім?
2 жыл бұрын 48210

Ардақты Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.а.у.) жұбайларының 11 немесе 12 болғандығы айтылады. «Он бір жұбайы болған» дейтіндер, Оның соңғы жұбайы Мария ананың Пайғамбардың некелі жұбайы емес, Оның күңі болғандығын көлденең тартқан. Себебі, Мария анамыз - кезінде Мысырдың патшасы Мұқауқистың Пайғамбарымызға жолдаған сыйлығы еді. Әйткенмен, Мұхаммед пайғамбардың (с.а.у.) некелі жары болған не болмағаны таласты болса да, Марияға (р.а.) «мүміндердің анасы» деген ат берілгендігі анық. Пайғамбарымыз оны жақсы көрген. Одан «Ибраһим» деген ұл дүниеге келген (Алла оған разы болсын).

Ендеше, ардақты Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.а.у.) 11 әйелі болған десек, оның екеуі (Әзіреті Хәдиша мен Әзіреті Зәйнеп бинт Хузәймә) пайғамбардың көзі тірісінде қайтыс болды. Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.у.) бақиға аттанғанда артында 9 әйелі қалған еді. Осыдан келіп, Оның нақты 9 әйелі болған деп айтуға болады. Осы орайда айта кететіні: Мұхаммед пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) 9 жұбайының ешқайсысын талақ етпей, өле-өлгенше қамқорында ұстаған.

Пайғамбарымыздың жұбайларының аты-жөндері:

1) Хадиша бинт Хуәйлид. Пайғамбарымыздың алғашқы жұбайы - Хадиша. Пайғамбарымызбен (с.а.у.) шаңырақ көтергенде 40 жастағы әйел еді, ал Мұхаммед пайғамбар ол кезде 25 жасар жігіт тұғын. Мұхаммед пайғамбарға пайғамбарлық келгенде бірінші болып сенген де, осы Хадиша болды. Пайғамбарлық келгеннен кейінгі жылдары өле-өлгенше жарына көп қолдау көрсетті. Хадиша анамыздан - Абдулла, Қасым, Зейнеп, Рұқия, Үмму Күлсім және Фатима есімді балалар дүниеге келді. Пайғамбарымызбен 25 жыл отауласқан Ол, шамамен Ұлы Хижреттен үш жыл бұрын Мекке қаласында қайтыс болады.

2) Сәудә бинт Зәмъә (سَوْدة بنت زَمْعَة ). Пайғамбарымыздың екінші жары. Хадиша (р.а.) қайтыс болғаннан кейін, Сәудәні әйелдікке алады. Пайғамбарымызға тұрмысқа шыққанда Сәудә 55-тегі жесір әйел болатын. Бұрынғы күйеуі Хабашистанда (Эфиопия) қайтыс болған.

3) Айша бинт Әбу Бәкір (عائشة بنت أبي بكر). Пайғамбарымыздың (с.а.у.) қыздай алған жалғыз жұбайы. Айша анамыз тақуалығымен қоса, өте зерек, әрі ақылды болды. Ол Ислам тарихында дінді терең түсінген «фақиһ» әйел ретінде саналады. 2210 хадис риуаят еткен. Құран аяттарына түсіндірме жасаған тәпсірші сахаба әйел ретінде де танымал. Хижреттің 57/58 жылында, 66-67 жасына келген шағында қайтыс болады. (Алла разы болсын).

4) Хафса бинт Омар ибн Хаттаб (حفصة بنت عمر بن الخطاب). Әзіреті Омардың қызы Хафса. Бұрынғы күйеуі «Бәдір» соғысында шейіт болады. Әзіреті Омар қызы Хафсаны Пайғамбарымызға некеге алуды ұсынады. Пайғамбарымыз қабыл етіп, қалыңмалына 400 дирхам күміс беріп, некесіне алады. Хижреттің 45 жылында, 63 жасында қайтыс болады.

5) Зейнеп бинт Хузәйма (زينب بنت خزيمة). Бұрынғы күйеуі «Бәдір» соғысында шейіт болып, жесір қалған әйелді Пайғамбарымыз өзінің некесіне алады. Зейнеп мұсылман болмай тұрып та өте мейірімді жан болатын. Оны жұрт «міскіндердің анасы» деп атаған. Көп құлшылық жасап, көп қайырымдылық жасайтын. Алайда Пайғамбармен отауласуы көпке созылмады. Пайғамбармен отау құрғанына үш ай толғанда дүние салды.

6) Үмму Сәләмә бинт Әбу Үммия. Есімі – Һинд. Алғашқы мұсылман болғандардың бірі. Күйеуі Әбу Сәләмәмен Хабашистанға көшіп, одан кейін Мединеге хижрет етеді. Күйеуі «Ухуд» соғысында шейіт болады. Күйеуінен жесір қалғаннан кейін Пайғамбарымыз оны балаларымен бірге өзінің қамқорына алады.

7) Умму Хабиба бинт Әбу Суфиян. Мекке мүшріктерінің бетке ұстары Әбу Суфиянның қызы. Алғашқы мұсылман болғандардан. Мүшріктердің қыспағынан қашып, күйеуімен бірге Хабашистанға көш етеді. Алайда Хабашистанда күйеуі қайтыс болып жалғыз қалады. Кейін Пайғамбар оған ұсыныс жасап, екеуі отау құрады. Жесір қалған Умму Хабибаны Пайғамбарымыз некесіне алғаннан кейін, Әбу Суфиянның мұсылмандарға деген дұшпандығы азайды деседі.

8) Жуәйрия бинт Харис ( جُوَيْرية بنت الحارث ). «Бәни Мұсталақ» тайпасының басшысының қызы болған. Мұсылмандар мен «Бәни Мұсталақ» тайпасы арасында болған соғыста тұтқынға түскендердің арасында болған оны Алла елшісі тұтқыннан босатып, өзіне үйленуге ұсыныс жасайды, ол қабыл еткеннен кейін некелері қиылады. Әкесі Харис ибн Дыйрар «Бәни Мұсталақ» тайпасының Йәхуди басшысы еді. Күйеуі Мусафи ибин Саффан сол соғыста қаза табады. Тұтқынға түскен Жуәйрия Пайғамбарымызға келіп азаттық сұрайды. Пайғамбарымыз (с.а.у) оған жары болуды ұсынады. Ол келісіп, екеуі үйленеді. Баста әкесі келіп құнын төлеп қызын алып кетпекші болғанда, қызы мұсылманшылықты таңдағанын айтып, Мединеде қалғысы келетінін жеткізеді, содан кейін Пайғамбармен некелері қиылады. Пайғамбармен некелескеннен кейін, сахабалар да оның тұтқынға түскен тайпаластарын «Пайғамбардың қайын жұрты» деп босатады. Деректерге қарағанда сол некеден кейін қыздың тайпасынан, яғни, «Бәни Мұсталақ» тайпасынан мұсылмандарға тұтқынға түскен жүз адам азаттығын алған екен.

9) Сафия бинт Хайей (صفيَّة بنت حُيَي بن أخْطَب ). Шын аты Зейнеп. «Бәни Назыр» тайпасынан шыққан Йәһуди қыз. Әкесі тайпа басшысы болған. «Хайбар» соғысында мұсылман әскерлері жеңіске жетіп, Сафияның әкесі, күйеуі және бауыры соғыста қаза табады. Бәни Назыр тайпасынан көп адам тұтқынға түсіп, арасында Сафия да бар еді. Пайғамбарымыз Сафияны «Дәхия» деген кісіден сатып алып, тұтқыннан босатып, артынан өзіне әйелдікке алады. Бәни Назыр тайпасының басшысының қызын әйелдікке алуы арқылы Бәни Назыр ұлдарымен жекжаттық байланыс құрған болды. Бұл болса өз кезегінде олардың мұсылмандарға деген дұшпандықтарын азайтатыны сөзсіз еді.

10) Зейнеп бинт Жәхш (زينَب بنت جحش). Пайғамбарымыздың (с.а.у.) немере әпкесінің қызы (яғни, әкесінің қарындасының қызы). Алғашқы мұсылман болғандардың бірі. Негізгі аты «Бәрра» болған. Алла елшісі оның есімін «Зейнеп» деп өзгертеді. Пайғамбарымыз (с.а.у.) Зейнепті алғашында өзінің асырап алған баласы Зәйд ибн Харисаға қосады. Алайда Зейд пен Зейнеп бір-бірімен түсінісе алмай, ақырында ажырасады. Ол кезде арабтардың түсінігі бойынша, асырап алған баласы өз баласындай саналып, оған өзінің тегін беріп, туған баласына тән құқықтың бәрі оған да тән етілетін. Алайда Ислам діні келіп, асырап алған баланы өз тегімен атауды бұйырады да, оның туған баласындай бола алмайтындығын білдірді және осының дәлелі ретінде Пайғамбарымыз (с.а.у.) Зейд ибн Харисаның бұрынғы әйелі Зейнепті өзінің некесіне алады. Бұған байланысты арнайы аят түскен.  

11) Мәймунә бинт Хәрис (ميمونة بنت الحارث). Бұрынғы есімі – Бәррә. Алла елшісі кейіннен оның есімін «Мәймуна» деп өзгертеді. Ол Пайғамбарымыздың немере ағасы Аббастың балдызы еді. Аббас (р.а.) Пайғамбарымызға ұсыныс білдіріп, оны немере інісіне қосады. Көкесі інісінің атынан төрт жүз дирхам қалыңмал береді. Мәймунамен отауласқанда Пайғамбарымыздың жасы алпыстың айналасында еді.

Пайғамбарымыздың (с.а.у.) бірнеше әйелді бір некеде ұстауы - нәпсінің қалауы емес, адамгершілік пен қамқорлықтың нышаны екендігін өздеріңіз де түсініп отырған шығарсыздар. Егер нәпсінің қалауы дейін десек, Айша анамыздан өзгесінің бәрі соңынан бала ерткен жесірлер болатын. Ол некелердің әрбірі Құдай Тағаланың бұйрығымен жүзеге асқан неке еді. Өзінің де бір сөзінде былай дейді: «Әйелдерімнің ешбірін Раббымнан Жебірейіл періште арқылы уахи келмей алмағанмын. Және де қыздарымның ешбірін Раббымнан уахи келмей тұрмысқа бермегенмін» - дейді (с.а.у.). Ендеше, адамзаттың асыл тәжі Мұхаммед пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) көп әйел алуының астарында өзіндік мән-мағыналар жатқандығын сенімді түрде айтуға болады. Әлхамдулилләһи Раббиль Аләмин. 

Дайындаған Абдусамат Қасым

  Қосымша оқыңыз: 

0 пікір