Құдай ісіне разы болушылық (Ислам және суфизм)
Құдай ісіне разы болушылық (Ислам және суфизм)
4 ай бұрын 1675
Имам Ғазали (рахимаһуллаһ)

Харис әл-Мұхасиби «разы болушылықты» былай деп түсіндірген:

«Разы болушылық - Алла Тағаланың пендесіне қатысты (жазмыштағы) үкімін жүзеге асырған кездегі жүректің алаңсыз, тыныштықта болуы».

Зүнун Мысри разылыққа былай деп анықтама берген:

«Ризалық - басқа келген жазмышқа жүректің қуануы».

Бұған байланысты Алла елшісі (с.а.у.) бір сөзінде былай дейді:  

«Алла Тағалаға Раббысы ретінде разы болған адам, иманның дәмін сезеді»[1]. 

Басқа бір хадисте:

«Алла Тағала өзінің даналығымен жүректің алаңсыздығын - жазмышқа деген разы болушылықта және «яқин иманда» жаратса, ал уайым-қайғыны - күмән мен наразы болуда жаратып қойған»[2].

Жүнейд әл-Бағдәди тағы бір сөзінде «ризалық» жайында былай деген:

«Разылық – жүрекке жеткен сау ілім. Жүрек ақиқи ілімге жеткенде, ол оны разы болушылыққа жетелейді (Құдай ісіне разы болушылыққа жетелейді)».

Разы болушылық пен махаббат - қауіп мен үміт сияқты емес. Разы болушылық пен махаббат халі – дүние және ақыретте пендеден айырылмайтын сезімдер. Өйткені пенде пейішке кірген кезде де Құдайға разы болады және Оған деген сүйіспеншілік күйінде болады.

Ибн Ата (р.а.) айтқан:

«Разы болушылық – Алла Тағаланың пендесі үшін әзәлден таңдап қойған ісіне (яғни, жазмышқа) жүректің тыныш күйде болуы. Құдай Тағала пендесі үшін ең абзалын таңдағаны сөзсіз. Ендеше, пенде (жазмышқа) наразылықты қойып, Құдайдың ісіне разылық танытқаны жөн».

Әбу Тураб былай деген екен:

«Жүрегінде дүниеге деген титтей қызуғушылық болған кісі «Құдайға разы болушылық» сезіміне қол жеткізе алмайды».

Сәрий әс-Cақати (р.а.) былай деген:

«Мына бес ерекшелік Мұқаррабин деңгейіне жеткен әулиелердің мінез-құлығынан: Нәпсісіне жаққан істерде де, жақпаған істерде де Аллаға разы болу, Құдайға жағудың амалын іздеу, Алла Тағаладан ұялу, Оны сүю және Одан өзгесінен жекелену».

Фудайл ибн Айяз былай деген:

«Разы болушылық – өзінің жағдайынан артығын көксемеу деген сөз».

Ибн Сәмъун (р.а.) былай дейді:

«Разы болушылық – Хақпен бірге болу, хақтан болу және хақ үшін болу. Хақпен бірге болуға разылық деген, Ұлы Алланың басқаруы мен таңдауына ризалық таныту. Хақтан разылық – Ұлы Алланың өлшеп, бергеніне ризалық таныту. Хақ үшін разылық – Ұлы Аллаға тәңір ретінде және құдай ретінде разы болу».

Әбу Саид әл-Харраздан (р.а.) бір кісі:

- «Пенде өз-өзіне разы және наразы бола ала ма?» - деп сұрағанда, ол:

- «Пенденің Раббысына разы болуы және өз нәпсісі мен Алла Тағаламен байланысын үзетін барлық нәрсеге наразы болуы мүмкін, олай болады», -  деп жауап береді.

Тағы бірде Әзіреті Әлидің ұлы Хасанға (р.а.) бір адам:

- «Әбу Зәрр айтады: «Маған кедейлік байлықтан сүйкімдірек, ал сырқаттық саулықтан артық» - дейді, сіз бұған қатысты не дейсіз?» - деп сұрайды. Сонда Әзіреті Хасан:

- «Әбу Заррді Алла рахымына бөлесін. Менің айтарым: барлық істерін Ұлы Алланың әсем еркіне қалдырған адам, Алла Тағаланың оған таңдап берген күйден өзгесін көксемейді» - деп жауап берді.

Әзіреті Әли (р.а.) былай деген:

«Кім ризалық төсенішінің үстінде отырса (яғни, әрдайым ризалық күйде жүрсе), оған Алла Тағаладан ешқандай қиындық келмейді. Ал кім сұрау төсенішінің үстінде отырса (әркімнен әр нәрсені сұрап, тілесе), ешбір жағдайда Құдайға разы болмайды». 

Бір күні Жүнейд әл-Бәғдәдидің (р.а.) жанында Шибли (р.а.): «Күш те, қуат та тек Аллаға тән (Лә хаулә уә лә қууәтә иллә билләһ)» деген дұғаны оқыды. Сондай Жүнейд оған:

- «Сенің бұл сөзің іштей қиналып тұрғаныңды білдіреді» - деп айтады.

- «Рас айтасыз», - дейді Шибли (р.а.). Сонда Жүнейд әл-Бәғдәди:

- «Жүректің қысылуы (іштей қиналу) – жазмышға разы болмау дегенді білдіреді», - деген екен.

Жүнейдтің бұл сөзі «разы болушылықтың негізіне» ескерту еді. Шынмәнісінде де солай. Өйткені, Құдайдың ісіне разы болушылық күйі – жүректің кеңейіп, ашылуынан туындайды. Жүректің ашылуы – яқин нұрдан пайда болады. Яқин нұры пенденің ішкі жан дүниесіне орналасқан кезде, көкірегі кеңейіп, жүрек көзі ашылады және Алла Тағаланың әрбір істі ең көркем түрде реттеп қойғанын көреді. Ол кезде жазмышқа ашулану күйі және жазмыштың ісіне ренжу күйі жүректен жойылады. Өйткені, жүректің ашылу күйінде пенде тәңірлік махаббаттың тәттілігін татады. Тәңірлік махаббаттың тәттілігін татқан шыншыл пенде ұлы Алланың барлық істеріне разы болады. Себебі, сүйген жан сүйіктісінің барлық істерін - өзінің ісі сияқты әрі өзінің қалауы сияқты көреді. Ол үшін сүйіктінің барлық істеген ісі сүйкімді... 


[1] «Сахих Мүслім» - иман, №56.; Имам Тирмизи: «Сүнен» - иман, №10.
[2] Әбу Нуъайм, «Хиля»; Бәйһақи, «Шуъабуль Иман»; Ибн Әбуддүня, «әл-Яқин». Мәуқуф хадис.

Имам Ғазалидің «Раузату ат-Толибин» атты еңбегінен аударылды. 
Аударып, дайындаған: А. Қасым.
0 пікір