Тазыны баптау тәсілдері
Тазыны баптау тәсілдері
10 жыл бұрын 11140 zateevo.ru
Бекен Қайратұлы

Тазы иттердің ішінде дегдар, адам тәрізді талғампаз, кез келген дүниені жей бермейді. Қарны аш болса да, аштығын білдірмейтін төзімді жануар. Үйретіп баулыған кезде тазының мінез-құлқы тұрақты болуына баса назар аударған жөн. Тазыны жастай үйреткен дұрыс. Өйткені, бір айлық күшіктің өзінде тазыға тән белгілері біліне бастайды. Үйрету осы шамадан басталады. Оған орынсыз айқайлап, жекуге болмайды.

Күшік тазыны алдымен қарғыбауға үйрету керек. Одан кейін жетекке дағдыландырады. Көп жағдайда түлкінің құйрығымен ойнатып, оны ұстауға әдеттендірген абзал. Өйткені, құйрықпен ойнаған тазының мойны қатаяды. Алты-жеті айға толған соң тазыға ат қойып, атын миына сіңіру керек. Сол атымен шақырып үйреткен дұрыс. Ең бастысы иесін тастап беталды лағып кетпейтін, үнемі иесінің маңында жүретін жағдайға баулыған жөн. Әртүрлі бұйрықтар беріп (отыр, тұр, жат, жүгір т.б.) оны мүлтіксіз орындайтын етіп тәрбиелеу керек. Ол үшін жіңішке қайыс қамшыны пайдаланып, қажет кезде ептеп шықпыртып алған дұрыс дейді кәнігі аңшылар.

Осылай баулу он айға жуық жалғасады. Одан соң аңға ауыздандыру басталады. Ол үшін бұрыннан аң ұстап үйренген кәнігі тазыларға қосып жіберіп, баулыса тез үйренеді. Сондай-ақ тазы итті күшігінен бастап мылтықтың дауысына үйретіп, аңның ізіне түсуге машақтандырады.

Жалпы қазақта тазыны баулудың қатып қалған қағидасы жоқ. Дейтұрғанмен малды ауылдың адамдары тазыны жасынан малға үйірсек етеді. Кейде үйреткеннің жөні осы екен деп жас күшікті зорықтырып алуға болмайды.

Бабы келіскен тазыны аңшылар тілімен айтқанда, келер жылы  яки екінші қар басқанда аңға салады. Ол үшін әуелі ала жаздай семірген тоқ тазының ішін айдатып, қоясын түсіреді. Себебі, семіз тазы ұзақ жүгірмей, қызылмайланып түтігіп тұрып қалады. Сондықтан кәнігі аңшылар әуелі тазысын семіртіп, артынан қайырып баптайды.

Тазының қоясын түсіру үшін (іш майын кетіру) қойдың құйрық майын немесе жылқының іш майын ерітіп бір шарасын ішкізсе жетіп жатыр, тазының  іші тазарады. Онымен қоса аңшылар тазыны аңға салмас бұрын майы алынған іркітті қайнатып, жылылау күйінде (құртты езіп беруге де болады) итіне ішкізеді. Бұл зат иттің ішіндегі таспа құрттарды айдап түсіреді. Тазының бір ерекшелігі тез ариды және зар күйіне тез түседі.

Тазыны баптап, қайырудың мезгілі қар түсерден бір ай бұрын іске асады. Жыл сайын дәл бір мезгілде қайырып, баптап үйреткен тазы уақыты келгенде өзі-ақ бабын сақтап, дайындалады. Қайырған тазыны әуелі ауыл маңына жүгіртіп, бұлшық еттерін, сіңірін созып жаттықтырады. Күн озған сайын ауылдан алысқа алып шығып, бірге жүгіртіп, жаз бойы қатты жерді көп баспаған табан етін шынықтырады. Қайыру жаттығуы кезінде тазыға тамақты денесі суыған соң, яғни бір сағаттан соң береді.

Осылай бір апта немесе 10 күн дала бастырып, жүгіртіп, тынысын ашады. Егер де тазы жүгіріп келген соң табаны ысып, өртеніп тұрса бұл жақсы емес. Бұл тазының іші майы әлі кетпеді деген сөз. Ондай жағдайда итті күн аралата жүгіріп, майын кетіреді. Күн райы тым суық болмаса даланың ағынды суына шомылдырған дұрыс.

Бабы қанған тазының белгісі: бұлшық етері тығыршықтай қатаяды, жүндері құлпырып, жылтылдап тұрады. Басын тік, кеудесін керіп ұстайды. Аяқ басқанда арасын кеңге тастап, нық жүреді. Көзінің қарасы елгезектеніп, «тәйт» десеңіз ұшып кетуге әзір, жұтынып, елеңдеп тұрады. Дауысы ашылып, мінезі жайдарыланады.

 

Тазымен аң аулау

Қазақ аңшылары тазы итті аң қағу өнеріне қатысты бірнеше топқа бөлген. Бірінші топқа қасқыр алатын тазыларды жатқызған. Ондай тазы күшті, әрі жүйрік, жүректі келеді. Алғыр тазы қасқырды көрген бойы қапталдасып шауып, бір-екі жұлып тартып, аужайын (қасқырдың күш-қуатын) байқайды. Одан кейін қатарласа беріп, қасқырды алқымдап жығып, қылқындырып өлтіреді.

Екінші топқа жататындар шағын тазылар. Бұлар қасқырды алқымдап ұстай алмайды, тек қуып жетіп, тістелеп, мысын құртады. Иесі келіп соғып немесе атып алғанша қасқырды алысқа жібермей, діңкелетеді. Кейбір жағдайда, яғни иесі алыста қалған болса, қасқырды қумай тоқтап қалады. Мұндай тазыларды аңшылар қосалқы немесе көмекші тазы деп атайды.

Үшінші топқа жататындар қоян, түлкі ұстайтын тазылар. Бұлардың күші әлсіз бірақ жүйрік болады. Күніне 2-5 қоян алатын мүмкіндігі бар. Ал, түлкіні кез келген тазы алады.  Жас тазыны түлкіге салғанда байқау керек. Кәрі түлкі жас тазыны тістеп бетін қайтарып тастайды. Беті қайтқан тазы жасқаншақ келеді.

Тазымен аң қағу үшін қайткен күнде қар жауып, сонар басталуы шарт емес. Аңның жүні жетіліп, қажетке жарайтындай болса жетіп жатыр. Сондықтан да тазымен аң аңлауды қарасонар деп те атайды. Сонарға шығарда тазының тұяқтарын тазалап, тым артық өскені болса қысқартып, тегістейді. Артық өскен тырнақ еркін қимыл-қозғалысқа кедергі жасайды. Сонымен қатар тазының сабалақ жүнін түсіріп, болмаса жұқартады.

Тазыларды жеке-жеке немесе топ-тобымен аңға салады. Аңшылар аңды жатқан жетінен үркітіп, алып шығады. Сосын қашқан аңға тазыны жұмсайды. Ал, тобымен шыққан саятшылар шамамен 200 метрдей дөңгелек шеңбер жасай жүріп, қашқан аңға кезекпен тазыларын жұмсайды. 

Өте алғыр тазылар даланың қоңыр аңдарын (киік, бөкен, қарақұйрық, жирен т.б.) қуып жетіп, шабын жарып ұстай береді. 1895 жылы осындай оқиғаға куә болған Л. Мейер, қазақтар аңшы иттермен даланың тұяқты жануарларын ұстатып жүргені жайлы дерек қалдырған. Тіпті топты тазымен кәнігі аңшылар ілбіс (қар барысы) пен сілеусінді де аулайтын болған.

0 пікір