Алтын орданы мұсылман дініне кіргізген - БЕЙБАРЫС сұлтан
Алтын орданы мұсылман дініне кіргізген - БЕЙБАРЫС сұлтан
8 жыл бұрын 9856
Төреғали ТӘШЕН, ақын, журналист

Мысырды ғасырдан астам билеген түркілердің ішіндегі ең көрнектісі  Бейбарыс сұлтан бабамыз болғанын бүкіл әлем мойындайды. Алтын орданы мұсылман дініне кіргізген – Бейбарыс. 1260 жылы жолындағының бәрін бет қаратпай жайпап келе жатқан Құлағу ханға Мысырдың қол астындағы Сирия мен Палестина жерінде қатты соққы берген бірден-бір күш Бейбарыс еді. Жарты әлемді табанына салып үлгерген Шыңғыс хан ұрпағының күші мәмлүктерге келгенде неге жетпей қалды? Мысырлықтардың өз күшімен моңғол армиясын тоқтатуы мүмкін бе еді? Ол, шынында да, мүмкін емес-тін. Мұның мүмкін емес екенін Бейбарыс сұлтан да жақсы түсінген. Сондықтан да ол алдын ала керемет дипломатиялық жүріс жасап, Құлағу ханның бауыры Берке ханнан жәрдем сұрайды.

Мәселе мынада, Алтын орда ханы Берке бұл кезде ислам дінін қабылдап, мұсылман болады, ал оны үгіттеп, қасиетті дінге кіруіне себепші болған дана Бейбарыс сұлтан еді. Қыпшақ атының тұяғымен дүниені дүбірлеткен Бейбарыс сұлтан 1260 жылы Мысыр тағына отырысымен кресшілер мен моңғолдарға қарсы «жиһад», яғни, Алла жолындағы қасиетті соғыс бастады. Батыс христиан мемлекеттері тарапынан ұйымдастырылған кресті жорықшылар мен Құлағу хан бастаған моңғол шапқыншылары өзіне қарсы әскери одақ құру мақсатымен бір-біріне елшілер жібере бастағанын естіп-білген Бейбарыс сұлтан да тірек болатын мықты әскери және саяси одақтас іздейді. Сөйтіп, 1261 жылы Еділ жағасындағы Берке ханның басты ордасы – алтын мұнаралы Сарай-Беркеге елшілер аттандырып, екі арада дипломатиялық қарым-қатынас орнап, нәтижесінде әскери-саяси одақ құрылады. Бейбарыс Египеттің байлығы мен ұлылығын көрсету үшін Алтын орда ханына таңсық нелер ғажайып сый-сияпат: алтын жазумен әшекейленген Құран, піл, керік, маймыл, зебр, тотықұс т.б. экзотикалық хайуанаттар мен тіл үйіретін тәтті шербеттер жібереді. Берке ханға жолдаған хатында оны қасиетті ислам дініне кіруге үгіттейді. Ал Берке хан оған жауап хатында: «...Мен ислам дінін қабылдадым. Ислам дінін Алтын орда мемлекетінің ресми діні етіп жарияладым. Құлағумен менің етім мен қаным бір болса да, ол Аллаға және оның пайғамбарына иман келтірмейді, сондықтан қарсы соғысамын» дейді және шын мәнінде, Құлағуға қарсы соғыс ашады. Осылайша Берке ханның көмегімен Бейбарыс сұлтан Шығыстан Құлағу бастаған дүлей күшті тоқтатып, Шам еліндегі кресшілерді талқандайды. Кейін бұл одақ онан әрі тереңдеп, Бейбарыс Берке ханның туған қызына үйленеді және өзінің үлкен ұлының атын Берке деп қояды. Мекке мен Мединеде, Құддыста, Египеттің барша мешітінде оқылатын жұма намазы кезінде Беркенің де аты аталып, үлкен құрмет көрсетіледі.

Мәмлүк билеушілері тек қана моңғолдармен емес, кресшілермен де жанқиярлықпен соғысқан. Француз королі Людовик ұйымдастырған жорықты тас-талқан етіп, әскерін қиратып, корольдің өзін жақындарымен бірге қолға түсіреді. Король үлкен алым-салық төлеп барып әрең еліне қайтарылады. Бұдан кейін де мәмлүктерге қарсы соғыс ұйымдастырған король Людовик тағы да масқара жеңіліске ұшырайды. Ақыры оба ауруын жұқтырып, келмес сапарға аттанады. 1291 жылы кресшілер қайтып қасиетті жерге аяқ баспайтындай болып түгел қуылады.

1390 жылы Мысыр билігі мәмлүктердің Кавказдан шыққан басқа бұтағына ауысады. Олар шеркестер еді. Мәмлүктер мен Алтын орда хандарының ортақ жауы болып енді Ақсақ Темір аренаға шығады. Дегенмен Әмір Темір мен оған қарсы одақтың арасында айта қаларлық үлкен соғыс болмаған, өйткені Азияның ақсақ барысы жауларын жекелей соғып алып отырған. Алдымен Тоқтамыс ханды тізе бүктіріп, содан соң түрік сұлтаны Баязитті быт-шыт қылған Ақсақ Темір мәмлүк билеушілеріне соқтықпаған.

Мәмлүктердің тәуелсіз билігі Мысырдың Осман империясының қол астына енуімен аяқталады. Дегенмен мәмлүктер Осман империясы аясында тағы да бірнеше ғасыр билік құрады. 

Мәмлүк мемлекеті тек әскери жетістіктермен ғана емес, мәдени салада, поэзияда, архитектурада, медицинада да озықтығымен ерекшеленеді. Оған, мәселен, тұңғыш араб-қыпшақ сөздігін мысалға келтіруге болады. Сол заманда Мысырда бірден төрт тілге: араб, парсы, түрік және моңғол тілдеріне арналған сөздік шығыпты. Мәмлүк сұлтандары билеген заманда көркем әдеби шығармалар да көптеп пайда болған. Соның бірі – қыпшақ тілінде жазылған, жалғыз данасы Париждің ұлттық кітапханасында сақтаулы тұрған «Хұсрау мен Шырын» дастаны. Оның авторы – Дешті-Қыпшақ жерінің тумасы. 1391 жылы аяқталған Саиф Сараидың «Гүлстан бит-түрки» атты атақты шығармасы Мысырдың әмірі – түркіден шыққан Тайхасуға арналған. Мысырдағы ғажайып мешіттер де мәмлүк билеушілері тұсында салынған. Әрине, мәмлүк билеушілері арасында қатыгездігімен де көзге түскендері болған. Дегенмен тарихшылар Мысырдың экономикасы мен мәдениеті, өнері мәмлүктер тұсында қатты өркендегенін бірауыздан мойындайды. Мәмлүк билеушілері Мысыр тағында отырғанда қазіргі Орта Азия мен Қазақстан жерінен шыққан өз заманының небір ғұламалары, ақындары, ғалымдары, жазушылары Мысырға, Сирияға барып, тұрақтап қалған. Бұл да Алтын ордамен болған тығыз дипломатиялық одақтың арқасы екені сөзсіз. 

Мәмлүктер билеген Мысыр мен Алтын орданың байланысын білгісі келген жанды Бейбарыс сұлтанның Берке ханның мирасқоры Ноғай ханымен жазысқан хаттарының түрік тілінен аударылған нұсқасы да көп жайдан хабардар етеді: «Мені мұсылмандар қатарына тұрғызған Аллаға тағзым етемін. Пайғамбарлардың соңғысы, тура жол сілтеуші Алланың жібергендерін насихаттаушысы әрі оған тағзым етушілердің қолдаушысы Мұхаммедтің (с.ғ.с.) бауырлары болған жерлестеріне жүрек жарған сәлемімді ұсынамын. Менің жазып отырған хатымның екі басты маңызы бар: біріншісі – сізге деген ұзақ өмір тілей отырып сау-саламаттарыңызды білу; екіншісі – Ертуғаннан естуімізге қарағанда, әкеміз Берке ханның балаларының, туған-туыстарының ішінен ислам дініне кіргендерімен хабарлассам деген екенсіз. Біз осындай жайлы хабарды естігеннен кейін діни ағайындарына бауырлықпен қараған, дініне берік сұлтан Бейбарысқа деген сүйіспеншілігіміз арта түсті. Қиыр шетте жүріп мұндай іске қадам басу тек қана Аллаға бар жан-тәнімен тағзым етуші адал мұсылманның қолынан келеді. Осы хатты жазып, Ертемір мен Тоқ-Бұғадан жібердік. Басты мақсатымыз осы негізгі ниетімізді жеткізу еді. Біз ислам дінін қабылдадық. Алланың біреу екендігіне, оның күші мен құдіретіне бас иіп, елшісін бүкіл мұсылман қауымының сенімімен қабылдаймыз. Біз әкеміз Берке ханның жолын қуушымыз. Яғни әкеміз сияқты біз де мұсылмандармыз. Жаратқанға бас иіп, оның әміріне теріс келетін істерден алыс тұрамыз. Хаттарымыз жалғасып тұрсын. Біз сізбен бір дененің екі қолындаймыз. Сізге ұнағандар бізге де ұнайды. Сізге қарсы болғандарға біз де қарсы тұрамыз».

Бұл – Ноғай ханының сұлтан Бейбарысқа жазған хаты (1220-1271).

Ноғай ханының бұл хатына сұлтан Бейбарыс төмендегіше жауап береді:

«Бұл хатпен Алла жолында бүкіл өмірін арнаған, жүректерінің нұры жүздерін жарқыратқан, мұсылмандардың көмекшісі болған Ноғай ханының мәртебелі үлкен мәжілісіне сәттіліктер тілеймін. Аллаһ оның жүрегін иманмен толтырсын, осы өмір мен ақыр заманда ең жақсыларын нәсіп етіп, оның өміріндегі іс-әрекеттерін бұғанға дейінгі игі іс иелерінің табыстарына жеткізсін. Одан келген сәлем хат шексіз қуантқанымен қатар шаттыққа бөледі. Біз оның мазмұны мен мағынасына аса мән берушіміз. Дініне бекем және Аллаға басқа құдайлар қосушылармен соғыста Берке ханның жолын қуған ұрпақтарының ізгі істерін айтып өтуді жөн көрдік. Осы іс – біздің де басты мақсатымыз. Біз Алла тағаланың «Іздегеніміз осы» деген сөзін оқыдық. Оның құдіретінің арқасында мұсылмандар тобын көбейтіп, олардың кәпірлермен діндері, Алласы үшін соғысқандарына куә болдық. Осындай жиһадтардың куәсі бола отырып Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың ізін қуушылармен бірге боламын дегендігін есімізге түсірдік. Біздің басты мақсатымыз: осыларды айта отырып әрбір басқан қадамдарыңызбен оған жақындай түскендіктеріңізді айтқымыз келеді. Жиһадта Жаратушымыз жар болған Берке ханның ұрпағына Алланың сәлемін жолдаймыз. Кәпірлер осы өмірдегі соңғы басамақта кімнің тұратынын білетін болады. Аллаға құдайлар қосушылардың көмекшілері әлі де опық жейді. Зәлімдерге көмектесетін жанашырлар жоқ».

Ислам өркениетінің халықтардың өркендеуіне тигізген аса зор маңызын бір заманда қолға түсіп, жалдамалы құл болған, кейін билік тағына дейін жеткен мәмлүктердің өмірінен анық көруге болады. Мұсылмандар осы жалдамалылардың күшімен моңғолдар мен кресшілерді жеңіп қана қоймай, Халифаттың мәдениеті мен ғылымын да биікке көтерген.

0 пікір