Әзірейіл періште таңдана қараған адам (ғибрат)
Әзірейіл періште таңдана қараған адам (ғибрат)
15 сағат бұрын 275 islam.kz/

Бұл оқиға Сүлеймен (ғ.с.) пайғамбардың заманында болған екен. Бір күні сарай қақпасына алқын-жұлқын бір адам жүгіріп келеді. Қайғыдан өңі сарғайып, қорқыныштан еріндері безеріп кеткен екен. Хазіреті Сүлеймен одан:

– Саған не болды? – деп сұрайды. – Уа, патшам! – дейді әлгі адам дірілдеп. – Мен Әзірейілді көрдім. Ол маған сондай бір қаһарлы кейіппен қарады...

– Сонда менен не қалайсың? – дейді Хазіреті Сүлеймен.

– Желге әмір етсеңіз, мені Үндістанға апарып тастаса екен. Бәлкім, сонда басымды арашалап қалармын. Сүлеймен (ғ.с.) желге бұйрық беріп, жел әлгі адамды көкке көтерген бойы қиырдағы Үндістанның қақ ортасына апарып тастайды.

Ертесіне Сүлеймен пайғамбардың жиынына Әзірейіл періште келіпті. Сонда Сүлеймен (ғ.с.) одан:

– Сен кеше әлгі бейбаққа неліктен соншалықты қаһармен қарадың? Оны туған жері мен отбасынан безіп, қашуға мәжбүр еттің ғой? – деп сұрайды. Сонда Әзірейіл былай деп жауап береді:

– Мен оған қаһармен қараған жоқпын... Оны жол үстінде жолықтырғанда, тек таңданыспен қарадым. Өйткені Алла Тағала маған: «Ертең осы адамның жанын Үндістанда ал!» деп әмір еткен еді. Оның қырық қанаты болса да, бір күнде Үндістанға жетуі мүмкін еместей көрініп еді. Сондықтан оны мұнда (сарайда) көріп, қайран қалып, таңдана қарағаным рас..." депті. 

Кімнен қашып жүрміз, өзімізден бе? Бұл — бос қиял. Кімнен құтылмақпыз, Алладан ба? Бұл — мүмкін емес. Мына дүние — Алланы ұмыту. Бейқамдық. Дүние дегенің — тек ақша, әйел, киім, рақат пен сауда, соны біл. Бұл фәни өмір — зындан, ал біз — ондағы тұтқынбыз. Торды бұзып, азаттыққа ұмтыл. Тағдырдан және Алланың жазмышынан қашып құтылу — еш пенденің маңдайына жазылмаған.

Мәулана Жалаладдин Руми

 

0 пікір