Бірнеше әйел алудың шарты
Бірнеше әйел алудың шарты
10 ай бұрын 3996

Бисмилләһир рахманир рахим

Ислам діні - адамның ішкі табиғатымен үйлесімді болған дін. Дініміз қоғамда орын алған келеңсіздіктерді емдеп, шектен шығушылықты түзеп, асыра сілтеушілік пен тым кемсін тұстарды бір реттілікке қойып отырған. Соның бір көрінісін көп әйел алу әдетіне деген ұстанымынан байқауға болады.

Көп әйел алу әдеті ерте заманнан бар құбылыс тұғын. Әйел заты екінші сорт саналып, құқы қорғалмай, қанша әйел алам десе де еркектің өз еркі болатын. Біреулердің он әйелі, отыз әйелі, тіпті тарихта жүз-екі жүз әйелге дейін ұстағандар болды. Бірақ көктен Құран түсіп, Ислам діні келгеннен соң, Алла Тағала пенделерінің көп әйел алу құқын төртеумен шектеді. Осылайша, ер адам ең көп дегенде төрт әйел алуына құқылы болды. Одан көп әйел алуына рұқсат етілмеді. Төрттен көп әйелі барлар артығын жіберуге міндеттелді. Бұл өз кезегінде әйелдеріне әділ болуға және бәрін теңдей көруге жәрдемші болды.

Ал пайғамбарымыздың тоғыз әйел алуы Құдай Тағаланың оған ғана тән еткен рұқсаты еді, онда да оның өзіндік мақсат-мұраты бар-тын, өйткені Пайғамбарымыз (с.а.у.) әйелдерін Құдайдың бұйрығымен алып отырған, әрідесе олардың дені (Айша анамыздан басқасы) арттарынан бала ерткен жетім-жесірлер еді, тіпті арасында орта жастан асқандары да бар еді. Бұдан пайғамбарымыздың көп әйел алуының астарында үлкен тәңірлік мән-мағына жатқанын түсінуге болады.

Бірден көп әйел алудың шарттары

Бірден көп әйел алудың басты шарты - әділ болу, теңдікті сақтау. Бірнеше әйел алуды ұйғарған мұсылман адам әйелдерін теңдей дәрежеде ішіп-жеммен, киім-кешекпен, үй-жаймен және нәпақамен қамтамасыз ете алатындығына сенімді болуы тиіс. Ал егер әйелдерінің ақыларын теңдей дәрежеде қамтамасыз ете алатындығына сенімді болмаса, біреуден артығын алу тыйым салынады. Алла Тағала Құранда: «Егер теңдікті сақтай алмаймын деп қорықсаңдар, біреумен шектеліңдер» - деп бұйырады. («Ниса» сүресі, 3 аят).

Пайғамбарымыз да (с.а.у.) өзінің бір хадисінде: «Кімнің екі әйелі болып, ол оның біріне көбірек көңіл бөлсе, қиямет күні оның бір жағы қисайған күйі келеді» - деп, әйелдеріне теңдей қараудың маңыздылығына назар аудартқан. Осы хадистегі «көбірек көңіл бөлсе...» деген сөзі - жүректің қалауын емес, материалды тұрғыда және қонуда әділетсіздік жасамауды айтып тұр. Өйткені жүрекке әмір жүрмейді, ер адам әйелдерін теңдей дәрежеде жақсы көре алмауы мүмкін, біреуіне деген сүйіспеншілігі артықтау болуы мүмкін, ол көңіл ісі болғандықтан ер адамның қолындағы нәрсе емес, сол себепті Алла Тағала пендесінің сүйюде теңдікті сақтай алмауын кешірген. Ол жайында Құранда: «Қанша тырыссаңдар да әйелдердің арасында (сүйіспеншілікте) әсте әділ бола алмайсыңдар. Ендеше, (біреуіне) мүлде ауып кетіп, өзгесін жіпсіз байлағандай етіп қоймаңдар...» - деп ескерткен. («Ниса», 129 аят).

Сондықтан болар, Алла елшісі (с.а.у.) әйелдірінің нәпақаларын әділдікпен теңдей бөліп бергеннен кейін: «Уа, Жаратқан Ием! Мынау - қолымнан келген әділдігім. Бірақ менің қолымда емес нәрсе үшін мені жауапқа ала гөрме!» деп жалбарынады екен. Пайғамбарымыздың «менің қолымда емес нәрсе үшін...» дегені - ішкі сезімді, яғни, арасындағы кейбірін көбірек жақсы көретіндігін айтып тұр, ол үшін мені жазғыра гөрме дейді.

Пайғамбарымыз (с.а.у.) әйелдеріне теңдей қарауға тырысатын. Әрқайсысының үйіне кезекпен қонатын. Егер сапарға шығатын болса, араларында жеребе тастап, қайсысының оғы шықса, сол әйелін өзімен бірге сапарға алып кететін. Мұндағы мақсаты әйелдерінің ешқайсысының «мені неге алмады» деп көңілдері түспесін дегені еді1

Қорыта айтқанда, мұсылман дінінде көп әйел алу - міндеттілік емес, әйелдерінің құқын теңдей дәрежеде қорғай алатындығына сенімді болған мұсылманға рұқсат етілген ерікті іс. Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!


1Мәлімет Доктор Юсуф әл-Қардауидің: «Исламдағы арам мен адал» атты кітабынан алынды.

Абдусамат Қасым

0 пікір