Кейбір мәліметтерде "Адам атаның ұлына айтқан өсиеті" деген тақарыпта кейбір өсиет сөздер келтіріледі. Оның қаншалықты Адам атаға тән сөздер екендігі беймәлім. Дегенмен де, мазмұнды болғандықтан Адам атаның өсиеті деген тақырыппен бізде бөлісіп отырмыз.
Әзіреті Адам ата (ғалейһиссәләм) өзінің ұлы Шит ғалейһиссәләмға былай деп бес өсиет айтқан екен:
Уа, балам Шит! Балаларыңа айтқын:
1) Дүниеге еш айырылыспайтындай көзқараспен қарамасын. Бұ дүниеден әйтеуір бір күні кетіп, бақиға аттанатындықтарын ойласын. Өйткені мен пейішке айырылмастай боп қарадым. Ақыры пейіштен кеттім.
2) Жұбайларының сөздерін ақиқат деп бірден қабыл етпесін. Ақыл елегінен өткізіп, айтқандарының дұрыс не бұрыстығын зерделесін. Өйткені мен кезінде ойланбастан әйелімнің айтқанымен жүргенім үшін, тыйым салынған ағаштың жемісінен жедім. Соның нәтижесінде үлкен өкінішке тап болдым[1].
3) Істейтін істерінің арты неге алып келетіндігін де ойлаулары тиіс. Өйткені, егер, мен тыйым салынған ағашты жегеннен кейін не боларын ойланғанымда, пейіштен қуылмас едім.
4) Әлдебір іске қатысты көкейлерінде бір сенімсіздік, көңіл тартпаушылық туындаса, ол істі істемей тұрып, қайта зерделеп қарасын. Өйткені пейіште тыйым салынған ағаштың жемісін жеуге оқталғанымда көкейімде бейнебір уайым мен маза кетпей тұрып алды. Егер сол сезімге құлақ асып, шешімімді қайта қарағанымда, нәтижесі мұндай өкініш болмас еді. Ондай қателікті істемес едім.
5) Анық-қанығын нақты білмей тұрған істерінде қасындағылармен кеңессін. Білетін, парасатты адамдармен кеңесіп, келген байламға сай әрекетке көшсін. Егер мен кезінде періштелермен кеңесіп, ісімнің қандай нәтижеге алып келерін олармен ақылдасқанымда, пейіштен қуылып, қиындықтарға тап болмас едім, деген екен.
Ғибрат:
- Өмірдің өткінші екенін ұмытпау.
- Әркімнің сөзіне ілесе бермей, сыни көзбен қарай білу.
- Істейтін ісін ойланып істеу.
- Әлдебір істі істерде ақылымен бірге, жүрегінің де ұніне құлақ аса білу.
- Істерін кеңесіп істеу. "Ақылдасып пішкен тон келте болмайды" деген.
islam.kz
[1] Әйтсе де, Құран Кәрімнің аяттарына қарасақ, жемісті жеуге итермелеген Хауа анамыз емес, Адам атаның өзі шайтанға иланып, жемісті жегендігі айтылған. Аяттарда шайтан тікелей Адам атаны азғырғаны айтылады.