Өкініш (әңгіме)
Өкініш (әңгіме)
3 ай бұрын 2201
Бақыт Қарманқызы, қаламгер

Сәуле терезенің алдында отырып, қалың ойға қалай шомып кеткенін өзі де білмей қалды. Өмір елестері көз алдынан өте берді. Ол сегізінші сыныпты бітірген. Сәуле өзінің құлай сүйген ғашығы Елемеске күйеуге тисе де көңілі дауаланбайды.

Төрт баланы бірінен соң бірін тапса да, Елемес ішкілікке салынып кетті. Қаншама арақ ішіп келсе де Сәулеге балағат сөздер айтып бір жәбірлеп көрген жоқ, келе-сала ұйықтап қалады. Ал таңертең алакөбіден Сәуленің шәңкілдеген айқайынан шошып оянып, тез тамақ ішпестен жұмысына кетіп қалатын. Сөйтіп араққұмар күйеуімен арпалысып жүріп балаларының қалай ержеткенін де сезбей қалыпты.

Үлкені Алмасы, одан кейінгі Маралы дүкенде сатушы болып істейді. Ал ұлы Серігі ешқайда жұмыс істемейді. Таңертеңнен кешке дейін Сәуле балаларын қалай асырап жеткізем деп жүріп, бала тәрбиесіне көңіл бөле алмады. Ұлы Серігінің қалай наркоман болып кеткенін білмей де қалды. Күйеуі болса арақтан іш құрылысы тоз-тоз болып қайтыс болды. Енді бар ауыр салмақ бір өзіне түсті. Жалғыз басты әйелге қырындаушылар да көп болды. Ақыры Асқар деген таксисті үйіне кіргізіп алып еді, өз басына пәле тілеп алды. Ол көк тиын ақша бермей, ішіп-жеп кеткеннен пайдасы болма­ды. Ақыры Керекудегі үйін сатып, Красноармейкадан арзанға үй сатып алғызып, қалған ақшасын қалтасына салып бір түнде жоқ болды. Сәуледен жас келіншек тауып алыпты. Екі қызы күйеуге тисе де қолында әйелінен айырылысқан ұлы бар, немересі де өз қолында.

– Иә, бір онбасаң мүлде оңбайды екен­сің, – деп Сәуле құрбыларына мұңын шағып жүрді. Ақыры құдай жар болып қалдағы туыстары өзінен он жас үлкен бір шалмен таныстырды. Тағдырға көнбеске шара жоқ, әйтпесе алдыңда екінші Павлодарда үйі бар екен, Сәуле ойланбастан ауылдағы үйін са­тып шалдың қолына кіріп алды. Балаларым қасымда болса болғаны, өткен өмір өтті, енді жалғыз не істеймін, – деп ойлады.

Бірақ қанша жасқа келсең де, жүрек қалауынсыз ұнатпаған адаммен тұрмыс құру мүмкін еместігіне оның көзі енді жетті. Жасы елуден асып кетсе де өзін әлі жас сезінеді. Шалдың жөтелі, жүрген жүріс-тұрысы да, шолпылдап ішкен тамағы да жынына тиеді. Бірақ істерге шарасы жоқ, паналар жер де жоқ, көнбеске не шара?

Тек шал үйде жоқта біраз есеңгіреп қалғандай болады. Ол терезенің алдында отырып, өткен өмірін еске алып жылап алады.

– Мен неге бұлай өмір сүрдім екен, – деп қынжылады. Өкініштен басқа ештеңе енді тындыра алмасына көзі жеткендей. Жас кезінде талай жігіттер сөз айтқан болатын, неге ені белгісіз ол Елеместі таңдатты. Иә, Асығат кімнен кем еді? Неге соған шықпадым екен?-деп ұзақ налумен болды. Сәуле өзінің жас кезіндегі суретіне сүйсіне қарады. Аққұба өңді, мөлдіреген әдемі жанары, бұйра шашы талай жігіттерді қызықтырған болатын. Айнаны алып әжім басқан бетін көріп өзінен шошып кетті.

– Жастық шағымның қалай өткенін де білмей қалыппын ғой. Сұм өмір менің жастығымды қайтаршы, – деп өксіп жылай берді.


Бақыт Қарманқызы Бұланбаева, "Әңгімелер". Павлодар, 2010 жыл. 

 

0 пікір