Шілденің шықылдаған ыстығында күншығыстан қарасаң, күнбатыс жақта Келіншек тау ағып жатқан асау алтын өзен сияқты. Күннің аптабы қайтып, кешкі салқын түсе Келіншектау арық көріне бастайды. Сонда Келіншектау туралы ерте-ерте ертеректегі аңыз еске түседі. Отыз күн ойын, қырық күн тойы болып, байдың қызы ұзатылады. Қырық түйеге артылған жасаудың бәрі алтын, күміс, гауһардан екен дейді.
Ұзыннан ұзақ созылған дәулетжар көштің алдында келе жатқан қыздың әкесі қызынан:
- Қалай қызым, жасауыңа көңілің тола ма? – деп сұрапты.
Сонда ұзатылып бара жатқан қыз:
- Ризамын, әке, тек итаяғым алтыннан болмады-ау, - депті.
Мұндай тойымсыздыққа не айтарын білмеген әке байғұс қос қолын теріс қарата жайып жіберіп:
- О, қанағатсыз мұндар, қаратас болып қатып қал! – деп қатты қарғапты.
Қарғыс Құдайдың құлағына шалынып, бүкіл асыл көш лезде қаратас болып қатыпты да қалыпты. Қанағатсыздыққа, тойымсыздыққа Құдайдың қаһары осылай тиіпті.
Қарап тұрсаң мына бергі заманда да, сол бейшара қыздың абайсызда айтып қалған айып сөзін кешпеген Жаратқан ием мына қазіргі заманда түйені түгімен, кемені жүгімен жұтып жатқандарды қалай көрмейді - ғажап! Бірақ Құдай асықпайды: бұл дүние болмаса, о дүние бар: зауал әйтеуір бір соғар.
Бұл тек бір кем дүние емес, екі дүниеде де кешірілмес мол кем дүние!
Ш. Мұртаза, "Бір кем дүние".