Алты нәрсенің алты нәрсесіз пайдасы тимейді...
Алты нәрсенің алты нәрсесіз пайдасы тимейді...
3 жыл бұрын 6808
Нұғман Тұрғын

Дана кісілердің бірі былай деген:

Кімде-кім алты нәрсені амалға асырғанымен, алты нәрсені  тәрк етсе, оған амалының пайдасы тимейді. Олар төмендегідей:

  1. Алладан қорқамын дегенімен, күнәдан сақтанбайды. Яғни «мен Алланың азабынан қорқамын» дегенімен, егер ол күнәлардан тыйылмаса, оған «Алладан қорқамын» деген сөзінің пайдасы тимейді.
  2. Үміт етеді, бірақ талап қылмайды. Яғни «мен Алланың сауабынан үмітім бар» дейді, бірақ ізгі, сауапты істер істемейді. Онсыз құр сөзінің пайдасы тимейді.
  3. Ниет бар, бірақ ұмтылыс жоқ. Жүрегімен ізгі істер істеу мен қайыр жасауды ниет етеді, бірақ соларды істеуге оқталмайды. Мұндайда құр ниеттің ешқандай пайдасы жоқ.
  4. Дұғасы бар, бірақ талпынысы жоқ. Алладан жақсылыққа бастауын тілеп, тауфиқ сұрағанымен, бірақ өзі әрекет етпесе, оған дұғасының ешқандай пайдасы тимейді. Алла Тағала жақсылыққа бастап, оған тауфиқ беруі үшін, өзі де ұмтылуы керек. Ол жайында Алла Тағала қасиетті кітабында былай деген: «Біздің жолда талпынып, күш салғандарды, әлбетте тура жолдарымызға саламыз. Сөзсіз Алла Тағала жақсылық істеушілермен бірге». («Анкабут» сүресі, 69 аят).  Яғни, сондай, бізге итағат ету жолында және дін жолымен жүру жолында әрекет етіп, талап қылса, біз оған тауфиқ беріп, оны жақсылыққа жетелейміз деген сөз.
  5. Алладан кешірім сұрайды, бірақ өкініш білдірмейді. «Алла күнәмді кеш» дейді, алайда жасаған күнәсі үшін іштей өкінбейді. Өкінішсіз, құр ғана «Алла кеш» деген сөзінің пайдасы болмайды.
  6. Көрнеуде жақсы, бірақ жасырын кезде емес.  Яғни, көзге түсетін жерде жүріс-тұрысы, әрекеті жақсы, дінге қайшы емес. Алайда, оңаша кезде, елдің көзінен таса қалғанда әрекеті дінге қайшы. Оның көрнеуде жақсы болуы пайда әкелмейді.

Аталмыш алты нәрсеге қосымша, жетінші бір нәрсені де айта кетелік: 

  1. 7. Амал бар, бірақ ықылас жоқ. Алланың бұйырғанын орындағанымен, амалдарын тек Алла Тағалаға ғана арнамайды. Сондықтан, амал ықылассыз болса, оның оған пайдасы жоқ. Онысы өзіне тым сенімді екендігінің белгісі[1].

[1] Тәнбиһуль ғофилин.

0 пікір