ChatGPT миымызды «жалқауға» айналдырып жатыр ма?
Массачусетс технологиялық институтының (MIT) зерттеуі көрсеткендей, ChatGPT секілді жасанды интеллект құралдары сіздің аз ойлап, аз есте сақтап, аз толғануыңызға себеп болуы мүмкін және бұл әсерлердің алғашқы белгілері қазірдің өзінде байқалып жатыр. (аударма).
«Шшш... Шшш...» шыжылдау — бұл сіздің сүйікті ЖИ (жасанды интеллект) құралыңыз сіздің жұмысыңызды сіз үшін атқарып жатқан тұста, сіздің нейрондарыңыздың — мыңдаған графикалық процессорлардың қызуына қуырылып жатқан дыбысы секілді. Осы кезде, сіз өзіңіздің когнитивтік күштеріңізді роботқа артып қоя берсеңіз, миыңыз біртіндеп «жатаған картопқа» айналуы мүмкін. Осылай делінеді — Массачусетс технологиялық институтының таңдаулы ғалымдары жариялаған (әзірге рецензиядан өтпеген) жаңа зерттеуі.
МІТ-та жасалған зерттеу LLM (үлкен тілдік модельдер) — яғни ChatGPT секілді ЖИ жүйелерін эссе жазуға пайдалану кезінде туындайтын нейрондық және мінез-құлықтық салдарларды талдайды. Зерттеуден алынған деректер ЖИ-ді ұзақ мерзім пайдалану, ол - оқу, ойлау және есте сақтау қабілеттерімізге қалай әсер етуі мүмкін екендігіне қатысты маңызды сұрақтарды көтереді. Және мұнда анықталған оның зиянды тұстарын шынайы өмірде байқай бастадық.
ЖИ-ге сенген ми — бос ми ма?
Осы тақырып төңірегінде эксперимент жүргізіліп, оған 54 адам қатысқан. Зерттеудің аты: «Сіздің миыңыз және ChatGPT: эссе жазуда ЖИ көмекшісін пайдаланудың когнитивтік қарызы» деп аталады. Зерттеушілер экспериментке қатысқан 54 адамды үш топқа бөлген:
-
LLM тобы (ЖИ пайдаланушылар тобы). Бұл топтағыларға тапсырманы орындау кезінде тек ChatGPT-ті пайдалануға рұқсат берілген. Басқа веб-сайттар мен құралдарды қолдануға тыйым салынған.
-
Іздеу жүйесін пайдаланушы тобы. Бұл топтағыларға – кез келген сайтты пайдалануға рұқсат берілді (google т.б.), бірақ ChatGPT секілді ЖИ құралдарын қолдануға тыйым салынды.
-
Миға сенушілер тобы. Бұл топтағылар тек өз білімдері мен ойларына сүйенуі керек болған.
Үш сессия бойы қатысушылардан үш түрлі тақырыптың біріне эссе жазу тапсырылады. Мысалы, «Өнер» тақырыбы бойынша: «Өнер туындылары адам өмірін өзгерте ала ма?» деген сұраққа шығарма жазу керек болды.
Одан соң қатысушыларға өздеріне тапсырылған тақырып бойынша шығарма жазу үшін 20 минут берілген және қатысушылар Enobio гарнитурасын тағып, олардың ЭЭГ-сигналдары (ми белсенділігі) тіркеліп отырды.
Төртінші сессияда бірінші топтағы LLM тобы мен үшінші топтағы "Миға сенушілер" тобы орын алмасты. Бұл бұрынғы тәжірибенің ұзақмерзімді әсерін бағалау үшін қажет болды.
Нәтижесі не болды?
- Алғашқы үш сессияда тек өз миына сенген авторлар аса белсенді әрі кең ойлы мидің жұмысын көрсеткен.
- Керісінше, ChatGPT қолданушы топ мидің белсенділігі бойынша ең төмен көрсеткішке ие болды (дегенмен, олар тапсырманы жылдамырақ аяқтаған).
- Ал «іздеу жүйесін» (google поиск т.б.) пайдаланғандар екі топтың ортасында орын тепкен.
Қысқаша айтқанда, тек өз миына сүйеніп жұмыс істеген қатысушылар тапсырманы белсенді түрде орындап, шығармашылығы жоғары әрі бірегей мәтіндер жазған. Сонымен қатар олар осы арқылы үйреніп те отырған. Кейіннен олар өз эсселерін нақты мысалдармен келтіре алып, өздерін сол жұмыстың толыққанды авторы ретінде сезінген.
ЖИ-ге сенгендер жазғанын есіне түсіре алмай, өздерін сол жұмыстың авторы ретінде толыққанды сезінбеген. Олар зерттеу барысында көбіне ChatGPT-ге сенім артуды дұрыс көріп, шығарма нәтижесіндегі жауапкершілікті аз сезінген. Және де олардың шығармалары сапа жөнінен төмен саналды және олар өздерінің шығармаларынан дәйексөз келтіре алмай қиналды. Бұл ұзақ уақыттық есте сақтау қабілетінің төмендегендігінің белгісі.
Зерттеушілер бұл құбылысты «метатанымдық жалқаулық» деп атады — яғни адам ой жұмысын ChatGPT-ке арта салып, «автопилотқа» ауысады да, өзі шетке ығысады.
Төртінші сессия — ең үрейлі нәтиже
Ең алаңдатарлық жайт — төртінші сессия кезінде байқалды. ChatGPT-ке үйреніп қалған топ ЖИ-ден бас тартып, қайтадан тек өз миына сеніп жұмыс істегенде, олар бұрынғы белсенділік деңгейіне қайта орала алмады.
ЖИ – бізді зердесіз, санасыз қылады.
ChatGPT секілді ЖИ бағдарламаларын жиі пайдалану — сыни ойлау, шығармашылық қабілет және есте сақтау қабілеті сияқты қабілеттердің әлсіреуіне әкелуі мүмкін. Бірақ бізге бұл қорытындыға келу үшін 206 беттен тұратын ғылыми мақала қажет емес еді. Оған өмірден тірі мысалдар бар еді.
Мысалы, 2024 жылдың 10 маусымында ChatGPT (ЖИ) жүйесінде ақау туындап, қолданушылар 10 сағат бойы ЖИ-де қол үзіп қалған кезде, көптеген қолданушылар ашық түрде: OpenAI (ChatGPT) чат-ботсыз, қалай жұмыс істеп, қалай жазу керектігін ұмытып қалғандарын мойындады.
Біз өмірде «жеңіл» мен «қиын» жолдың бірін таңдау ұсынылса, көпшілігіміз, әрине, жеңіл жолды таңдауға бейімбіз. Бірақ MIT зерттеуі сол «жеңіл» жолдың біздің миымызға ауыр зардабын тигізуі мүмкін екенін айтады.
Оқу жүйесіне қауіп бар ма?
Бұл әсіресе студенттер үшін қауіпті. Себебі бүгінде студенттердің басым бөлігі ЖИ құралдарын жиі пайдаланып жүр, ал OpenAI компаниясы өзінің «ЖИ-мен жұмыс істеуге дайын жұмыскерлерді дайындау» миссиясы аясында ChatGPT-ді білім беру жүйесіне кеңінен енгізуді мақсат етіп отыр.
2023 жылы Intelligent.com компаниясы жүргізген сауалнамаға сәйкес, АҚШ колледж студенттерінің үштен бірі 2022/23 оқу жылында ChatGPT-ді сабақ тапсырмалары үшін пайдаланған.
2024 жылы Цифрлық білім беру кеңесі өткізген зерттеу де осыны растады - 16 елдегі оқушылардың 86%-ы әртүрлі деңгейде болса да ЖИ (жасанды интеллект) құралдарын оқу процесіне қолданады екен.
ЖИ-тің басты артықшылығы — өнімділікті арттыру. Иә, MIT зерттеулері ЖИ құралдарының өнімділікті 15%-ға арттыра алатынын растайды. Бірақ бұл шынайы қабілетті күшейтпейді, керісінше тәуелділік тудырып, біліктілікті кері тартады. Бұл жоқ дегенде, компьютер алдында отырған адам үшін сондай.
Дереккөз: laptopmag com/ai/