1) Бірде Имам Әбу Ханифа (рахимаһуллаһ) өзінің ұстазы – қирағат және хадис саласының маманы Имам Ағмашпен (рахимаһуллаһ) қатар отырған екен. Дәл сол сәтте Имам Әбу Ханифаға (рахимаһуллаһ) бір сұрақ қойылыпты. Ол жауап бергеннен кейін, ұстазы – Имам Ағмаш одан сол жауабына дәлел келтіруін сұрады. Сонда Имам Әбу Ханифа (рахимаһуллаһ) тікелей Имам Ағмаштан естіген хадистерді риуаят тізбегімен (иснадты) айта бастады. Ол өз жауабының дұрыстығына дәлел ретінде алтыншы хадисті иснадымен келтіргенде, Имам Ағмаш оны тоқтатып: «Жеткілікті. Сен аз ғана уақыт ішінде маған жүз күннен астам уақыт бойы айтқандарымды келтірдің. Мен сенің бұл хадистердің бәрін қолданасың деп ойламадым" дейді де, сөзін жалғап:
يَا مَعْشَرَ الْفُقَهَاءِ ! أَنْتُمْ الْأَطِبَّاءُ وَنَحْنُ الصَّيَادِلَةُ
"Уа, фақиһтар қауымы! Сендер – дәрігерсіңдер, ал біз (хадис жеткізушілер) – дәріханашымыз» деді. (Ол мұнымен хадис жеткізушілер дәріханашының дәріні таратып бергені сияқты хадистерді тек жеткізетінін, ал фақиһтар болса дәрігердің белгілі бір ауруға лайықты дәріні тағайындағаны сияқты осы хадистердің қолданылуын көрсететінін меңзеді). Одан әрі Имам Ағмаш Имам Әбу Ханифаға қарап:
وَأَنْتَ أَيُّهَا الرَّجُلُ أَخَذْتَ بِكِلَا الطَّرَفَيْنِ
«Ал сен, уа, ер адам, мұның екі ұшын да ұстапсың (яғни, сен әрі мухаддиссің, әрі фақиһсың; хадистерді жеткізесің және олардың дұрыс қолданылуын түсіндіресің)», – деді («Манақибуль Имамиль Ағзам» – Әли Әл-Қари, «Әл-Жауаһируль Мудиаһ» кітабынан, 2-том, 484-бет).
2. Бірде Имам Ахмад бин Ханбалдан (рахимаһуллаһ): «Жүз мың хадисті жатқа білетін адамды фақиһ деп атауға бола ма?» деп сұрады. Ол: «Жоқ», – деп жауап берді. Сонда сұраушы қайтадан: «Екі жүз мың хадисті жатқа білген адам туралы не айтасыз?» – деп сұрады. Имам тағы да "жоқ" деп жауап берді. Сонда одан тағы да: «Үш жүз мың ше?» – деп сұрады. Имам Ахмад тағы да теріс жауап берді. «Ал төрт жүз мың хадис туралы не айтасыз?» дегенде, Имам Ахмад қолымен ымдап, ондай адамның фақиһ болуға және адамдарға пәтуа беретін мужтаһид болуға құқылы болуы мүмкін екенін меңзеді («И’илямуль Мууаққи’ин», 1-том, 36-бет).
Осыған ұқсас жағдай Яхя ибн Мағинмен де (рахимаһуллаһ) болған. Ол да бес жүз мың хадисті жатқа білген адам туралы сұрақ қойылғанға дейін "жоқ" деп жауап берген. Оған ол: «Мұндай адам фақиһ болуға сай келуі мүмкін деген үмітім бар», – деп жауап берді («Әл-Жами’у ли Әхләкир Рауи уа Адабис Самиғ», 345-бет).
Басқа бір риуаятта бес жүз мың хадис білуі керек екендігі туралы Имам Ахмад та (рахимаһуллаһ) айтқан екен (Әл-Мусаууадаһ, Әсәруль Хадисиш Шариф, 175-бет).
Имам Әбу Ханифаның мәртебесі мен оның тұлғасының ауқымын зерттей келе, оның ұлы фақиһтардың бірі болғаны даусыз факт екенін көзіміз жетеді. Мухаддис және керемет фақиһ Суфян Сәури (рахимаһуллаһ) ол туралы былай деген:
أَفْقَهُ أَهْلِ الْأَرْضِ
«Әбу Ханифа — бүкіл жер бетіндегі ең ұлы фақиһ» («Қауағид фи ‘улюмиль хадис», 310-бет), – деген.
Абдулла бин Мүбарак (рахимаһуллаһ) былай деген:
أَفْقَهُ النَّاسِ أَبُو حَنِيفَةَ ، مَا رَأَيْتُ فِي الْفِقْهِ مِثْلَهُ
«Әбу Ханифа — адамдардың ең ұлы фақиһы; мен фиқһта оған тең келетін ешкімді көрмедім» дейді Ол. («Тәһзибут Тәнзиб», 10-том, 450-бет).
Имам Шафиғи (рахимаһуллаһ) былай деген:
النَّاسُ عِيَالٌ فِي الْفِقْهِ عَلَى أَبِي حَنِيفَةَ
«Адамдар Фиқһ саласында Әбу Ханифаның ұрпағы» (Яғни, фиқһ саласының атасы Әбу ханифа" деп тұр). («Тәһзибут Тәнзиб», 10-том, 450-бет). Егер бес жүз мың хадисті жатқа білу фақиһ болудың ең төменгі талабы болса, онда Имам Әбу Ханифаның фақиһтар арасында осындай жоғары мәртебеге және «ұлы фақиһ» атағына ие болуы үшін қаншама хадис білгендігін топшылай беріңіз.
Хафиз Әбу Яхия Зәкәрия Найсабури (рахимаһуллаһ) өзінің «Манақибу Әби Ханифа» атты еңбегінде Имам Әбу Ханифаның мына сөзін келтіреді:
عِنْدِي صَنَادِيقُ مِنْ الْحَدِيثِ ، مَا أَخْرَجْتُ مِنْهَا إِلَّا الْيَسِيرَ الَّذِي يُنْتَفَعُ بِهِ
«Менде хадистер сандықтары бар. Мен олардан адамдарға оңай пайдалана алатын тек аз ғана бөлігін жеткіздім» («Әл-Имам Ибну Мәжаһ уа Китабуһу Әс-Сунан», 54-бет).
3. Мисғар бин Кидам (рахимаһуллаһ) деген кісі уақытындағы ұлы мухаддис және Имам Әбу Ханифаның замандасы болған. Оның хадис саласындағы білімі соншалық, Шуғба және Суфян Сәури (рахимаһумаллаһ) сияқты ұлы имамдар (олардың әрқайсысы «Әмир-ул-Муминин филь хадис», яғни хадис іліміндегі мүміндердің көшбасшысы ретінде танымал болған) хадистерге қатысты қандай да бір мәселеде өз араларында келіспеушілік туындаса, оған жүгінетін. Олар бір-біріне: «Кел, Мизанға (эталонға) – Мисғар бин Кидамға барайық», – дейтін («Әл-Имам Ибну Мәжаһ уа Китабуһу Әс-Сунан», 50-бет). Бірде ол былай деді:
طَلَبْتُ مَعَ أَبِي حَنِيفَةَ الْحَدِيثَ فَغَلَبَنَا ، وَأَخَذْنَا فِي الزُّهْدِ فَبَرَعَ عَلَيْنَا ، وَطَلَبْنَا مَعَهُ الْفِقْهَ فَجَاءَ مِنْهُ مَا تَرَوْنَ
«Мен Әбу Ханифамен бірге хадис үйрендім, бірақ ол бізден асып түсті. Біз тақуалық пен дүниеден бас тартуға назар аудардық, бұл жағынан да ол үздік болды. Содан кейін біз онымен бірге фиқһты оқыдық, бұл салада да ол өздеріңіз көріп тұрғандай нәтижелерге қол жеткізді» («Мәнәқибу Әби Ханифа» – Зәһаби, 27-бет).
Ең маңызды мақтау – мадақталған адамның замандасының комплименті екені белгілі, өйткені замандастар арасында әдетте бәсекелестік болады. Оның үстіне, бұл жағдайда бұл замандас жай ғана қарапайым адам емес, хадис саласындағы үлкен маман. Оның сөздерін Мәкки ибн Ибраһим мен Язид ибин Һарунның (рахимаһумаллаһ) сөздері де қосымша растайды:
أَحْفَظُ أَهْلِ زَمَانِهِ
«Әбу Ханифа өз заманының хадистегі "Хафиз" деңгейінің ең ұлысы болған» дейді олар. («Ибни Мәжаһ әуір ‘Илми Хадис», 166-бет).
4. Бұрынғы заманның корифейлері үшін Пайғамбардың (саллаллаһу алейһи уа сәлләм) хадистерін кітап түрінде шығарып, хадис саласына өз үлестерін қосуды әдетке айналдырған. Имам Әбу Ханифа да солай етіп, өзінің кеңінен танымал «Китаб-уль-Әсар» еңбегін жазды. Бұл еңбектің бірегей ерекшелігі – оның фиқһ тақырыптарының дәйектілігіне сәйкес жүйелі түрде құрастырылуы болды, бұны одан кейін келген фақиһтар мен мухаддистер үрдіске айналдырды. Бұл еңбекте фиқһ кітаптарында кездесетін әрбір тарау қамтылған. Имам Әбу Ханифаның жинағына дейін пайда болған хадистер жинақтары жүйесіз болды – оларда хадистер тарауларға бөлінбей немесе тақырыптар бойынша жіктелмей жай ғана қатарынан жазыла бергентін. Хадистерді белгілі бір реттілікпен келтірген басқа да хадис жинақтары болды, бірақ олардың қамтыған тақырыптары аз еді. Сондықтан, осы күнге дейін сақталған барлық жүйелі сенімді хадистер жинақтарының ішіндегі ең көнесі Имам Әбу Ханифаның «Китаб-уль-Әсар» еңбегі болып табылады («Ибни Мәжаһ әуір ‘Илми Хадис», 159-бет).
Онда ол қырық мың хадисті іріктеп алған («Ибни Мәжаһ әуір ‘Илми Хадис», 164-бет).
«Китаб-уль-Әсардан» басқа, Имам Әбу Ханифаның 15-ке жуық хадис жинағы бар («Шарху Муснади Әби Ханифа» – Әли Әл-Қари, 7-бет).
Молла Әли Қари (рахимаһуллаһ): «Имам Әбу Ханифаның ұстаздарының жалпы саны қырық мыңға жетеді», – деп жазады («Шарху Муснади Әби Ханифа» – Әли Әл-Қари, 8-бет).
Дереккөз: madrasah2.ru
Қазақшалаған islam.kz