Неге Алла елшісі (с.а.у) әлдебіреуге көп намаз оқыса да «ол тозақы!» деді?
Неге Алла елшісі (с.а.у) әлдебіреуге көп намаз оқыса да «ол тозақы!» деді?
30 күн бұрын 1597 islam.kz/
Хадис тағылымы

Сахаба Әбу Һурайра былай әңгімелейді: «Бір кісі келіп: «Уа, Расуллаллаһ! Пәленше деген әйелдің көп намаз оқытыны, көп ораза ұстайтыны және көп садақа беретіні айтылады, бірақ ол тілімен көршілеріне зиян тигізеді (ренжітеді)» деді. Сонда Алла елшісі (с.а.у.): «Ол – тозақы» деп айтты. Әлгі адам тағыда: «Уа, Расулаллаһ! Ал түгенше деген әйел тұтқан оразасы да, берген садақасы да және артық оқыған намазы да жоқтың қасы деп білінеді, кейде тек құрғақ ірімшік (құрт) сияқты ұсақ нәрселерді ғана садақаға береді, бірақ тілімен көршілеріне зиян тигізбейді» - деді. Сонда Алла елшісі (с.а.у.): «Ол пейіште!» - деді» дейді сахаба. (Ахмед Ибн Хәнбәл, «Мүснәд»).


Жоғарыдағы хадистен түсінеріміз:

  • Кісі ақысы, Құдай ақысынан бұрын келеді.

  • Көршіге зиян тигізудің харамдығы.

  • Ешкімді тілімен жараламауға тырысу.

  • Тілімен біреуге зиян тигізу ауыр күнә.

Жоғарыдағы хадистен "намаз бен оразаның мәртебесін түсіріп тұр" деп түсінбеген жөн. Намаз - діннің тірегі. Ораза - Исламның бес парызының бірі. Садақа - қайырдың басы. Бұларға жетері жоқ. Алайда, көп намаз оқуымыз, ораза көп ұстауымыз, садақа беруіміз - өзгеден өзін артық санауды білдірмейді деп отыр. Көп намаз бен көп ораза кісінің тәкәппарлыққа жетелемеуі шарт. Олай болған жағдайда, ол адасушылық болмақ. Шайтанды еске алалық. Шайтан да көп құлшылығымен танымал болған деседі. Алайда, ол Адам атаны менсінбей тәкәппарланғаны үшін, адасып, тозаққа лайық болды.

Демек, Жаратушы Алла Тағала пенденің оқыған намазы, берген қайыр садақасы оны кішіпейілділікке, тақуалыққа, жақсы адам болуға жетелесе екен дейді екен. Сонда барып, құлшылықтың мәні мен маңызы болмақ. Ал құлшылық тәкәппарлыққа, өзгеден өзін биік ұстауға, өзін бейнебір құдайдың сүйген құлы ретінде көруге алып келсе, ондай құлшылықтың Алланың назарында мәні жоқ екен. 

Аталмыш хадис көршімен жақсы мәміледе болу керектігін де ұқтырады. Исламда көрші ақысына қатты мән беріледі. Пайғамбарымыз (с..а.у.) көптеген хадистерінде көршімен жақсы қарым-қатынаста болуды өсиеттеген. Содан келіп "көрші ақысы - құдай ақысы" деген сөз қалған. Көршімен жақсы болып, оған зиян тигізбеу мүміннің сипаты. Ал көршіге зиян шектіру – ауыр күнә болып саналған.

Сахаба Абдулла ибн Мәсғуд былай әңгімелейді: ”Бір кісі: "Уа, Алланың елшісі! Қашан жақсы адам саналамын?" - деп сұрады. Сонда Алла елшісі (с.а.у.): "Егер көршілерің сен жақсы адамсың десе, сен жақсы адамсың, ал егер сен жаман адамсың десе, сен жаман адамсың" - деп жауап берді». (ибн Хаббан).

Осы хадисте көршіге жақсы қарауға, онымен жақсы қарым-қатынаста болуды өсиеттеп тұр. Бұл хадиске қарап отырып:

  • «Кімнің қандай екендігін көршісінен сұра» деген мәтел шығаруға болады.

  • Екіншіден аталмыш хадисінде Пайғамбарымыз (с.а.у.): «көршіңе жақсы бол, ол сенен риза болсын» дегісі келеді. 

Имам Зәһәби (р.а.): Көршілер үш топқа бөлінеді деген. Олар:

1. Туыстығы бар мұсылман көрші. Оның үш ақысы бар: Көрші ақысы, мұсылмандық ақысы және туыстық ақысы.

2. Туыстығы жоқ мұсылман көрші. Оның екі ақысы бар: көрші ақысы және мұсылмандық ақысы.

3. Кәпір көрші. Оның бір ақысы бар: көрші ақысы.

Қарап тұрсақ, көршінің діні бөлек болса да, ұлты бөлек болса да ақысы бар екен. 

Ендеше, асыл дініміз көршіге зиян тигізудің ауыр күнә, харам іс екендігін білдірумен қатар, көршіңізге жақсы атанудың да маңыздылығын білдіруде. 

Абдусамат Қасым

 

0 пікір