Ораза — тек рухани тазару ғана емес, ол адам ағзасын биологиялық тұрғыдан «қайта жүктейтін» бірегей процесс (reboot) . Аштықтың адам тәні мен рухына қалай әсер ететінін көпжылдық зерттеулер зерделеп, таңғаларлық тұжырымдар жасады. Ораза дұрыс ұсталатын болса, ораза кезінде дене ағзасы жасушалық деңгейде үлкен тазартудан өтеді.
Автофагия: Ағзаның өз-өзін тазартуы
«Бизнес-жастар ми зертханасы» жобасының жетекшісі Радик Гафуровтың айтуынша, ораза кезінде жасушалардың жаңару процесі жүреді. Сырттан келетін қорек шектелгенде, ағза ішкі резервтерге көшеді. Бұл кезде ағза «ақылды стратегияны» іске қосады: ол ең алдымен ауруға шалдыққан, зақымдалған және өмірлік маңызы жоқ әлсіз жасушаларды «жеп», оларды энергия көзіне айналдырады. Бұл процесс медицинада автофагия деп аталады. Яғни, дене өзіндегі «қоқыстардан» құтылып, іштей тазарады.
Жасушалардың қайта түлеуі
Ауру жасушалар жойылған соң, тін деңгейінде бос орындар пайда болады. Оразадан кейін адам дұрыс тамақтану режиміне көшкенде, сол бос орындарда жаңа, сау әрі қуатты жасушалар өсе бастайды. Осылайша, бүкіл ағза жасушалық деңгейде жасарады.
Неге бір ай? Ғалымдардың пайымдауынша, бұл процесті толық іске қосып, нәтижені бекіту үшін аштық тәжірибесін шамамен бір ай бойы ұстау қажет. Рамазан айының 30 күн болуының бір хикметі де осында жатса керек.
Тоя тамақтану — заман дерті
Қазіргі дамыған қоғамның басты қасіреті — мөлшерден тыс тамақтану. Артық салмақ пен шектен тыс тоқтық жүздеген ауруға себепші болуда.
-
Асқазан тым тоқ болғанда, ағза бар энергияны ас қорытуға жұмсайды да, мидың когнитивті функциялары (ойлау, зейін қою) баяулайды.
-
Оразадағы ұстамдылық ағзаға демалыс беріп, иммунитетті күшейтеді.
Бүгінгі таңдағы ифтар дастархандарына қарап отырып, оразаның түпкі мәнінен алшақтап бара жатқандаймыз. Тау болып үйілген тағамдар мен шектен тыс тоя тамақтану — бұрынғы өткен ізгілердің жолы емес. Пайғамбарымыз ﷺ бен оның сахабалары етті өте сирек тұтынған, негізінен бидай наны мен өсімдік тектес тағамдарды қанағат тұтқан. Ең бастысы — олар ешқашан асқазанды нығыздап толтырмаған.
Пайғамбар ﷺ сүннеті — денсаулық кепілі
Хәкімдеріміз айтқандай, «ас — адамның арқауы», бірақ ол өлшеммен болуы тиіс. Сүннет бойынша асқазанның үштен бірі — тамаққа, үштен бірі — суға, ал қалған үштен бірі — ауаға (тыныс алуға) арналуы керек. Бұл тек діни қағида емес, бұл — ағзаның дұрыс жұмыс істеуіне қажетті алтын пропорция.
Мидың «үнемдеу» режимі: Нейрондар қалай тынығады?
Ораза — тек тәннің сауығуы емес, бұл — сананың трансформациясы. Ағзаға тамақ арқылы келетін сыртқы энергия азайғанда, адам миы ерекше «энергия үнемдеу» режиміне көшеді.
-
Мидың жұмысы төменгі регистрлерге ауысып, онда дельта және альфа-ырғақтар басымдыққа ие болады. Бұл қалып — терең тыныштық пен шынайы фокустың нышаны.
-
Ми өзінің өміршеңдігін сақтау үшін жұмыстың ең тиімді (оптималды) жолына түседі. Сыртқы шу мен артық қозу басылып, ішкі тыныштық орнайды.
Глиалды жасушалар: Мидың «тазалықшылары»
Ораза кезінде тек ас қорыту жүйесі ғана емес, жүйке жүйесі де тазарады. Нейрондарды қоршап тұрған глиалды жасушалар белсенді түрде іске кіріседі.
- Олар жүйке тіндеріндегі улы қалдықтарды (шлактарды) сыртқа шығарады.
- Жүйке талшықтарының регенерациясына, яғни қайта қалпына келуіне жағдай жасайды.
Осының нәтижесінде мидың пайдалы әсер коэффициенті (ПӘК) артып, адамның зейіні өткірленіп, рухани сезімталдығы жоғарылайды.
Ораза кезінде ағзаның жалпы тонусының төмендеуі және мидың энергия үнемдеу режиміне көшуі – адамды терең ұйқыға жақын күйге түсіреді. Бұл жай ғана әлсіздік емес, бұл — сананың ең жоғары деңгейдегі тазарту процесі.
Ақпаратты жүйелеу және нейрондық серпіліс Ғылымға сүйенсек, адам ұйықтағанда ми күні бойы жиналған ақпаратты сұрыптап, жүйелейді. Осы кезде нейрондық импульстардың жылдамдығы әдеттегіден 10 есеге дейін артады. Ораза ұстаған адамның миы да осындай күйді кешеді: артық энергия ас қорытуға емес, ішкі танымдық процестерге бағытталады.
Тарихтағы көптеген ұлы тұлғаларға данышпандық идеялар дәл осындай «тыныштық» сәттерінде келген.
-
Дмитрий Менделеев өзінің әйгілі химиялық элементтер кестесін түсінде көрсе, ұлы ақын Александр Пушкин ұйықтар алдында қасына қойын дәптер қойып, оянған бойда түсіне енген өлең жолдарын қағазға түсіретін болған.
Адамдар арасында «Жақсы ұйқы — жанға шипа», «Кешкі ақылдан таңғы ақыл артық» деген сөздер тегін айтылмаған. Ұйқы кезінде ми мәселелердің шешімін тауып, жауаптарды жүйелейді. Ораза — бұл ояу жүріп миды «қайта жүктеу» деген сөз (restart). Демек, Рамазан айында тек тән жаңармайды, сонымен бірге мидың жұмыс қабілеті артып, адамның пайым-парасаты жаңа белеске көтеріледі.
islamnews ru