Құрметтесең, құрмет көресің
Құрметтесең, құрмет көресің
8 жыл бұрын 5264
Асқар Болатбекұлы

مَا أَكْرَمَ شَابٌّ شَيْخًا لِسِنِّهِ إِلَّا قَيَّضَ اللهُ لَهُ مَنْ يُكْرِمُهُ عِنْدَ سِنِّهِ

«Алла Тағала үлкеннің жасын сыйлап, құрмет көрсеткен жасқа қартайған шағында өзіне де дәл солай құрмет көрсетіп, қызмет ететін адам нәсіп етеді».

(Әнәс ибн Мәлік (р.а.) жеткізген, Тирмизи, китәбу әл-Бирр 75)

 

Хадиске түсіндірме
Пайғамбарымыз осы хадисті қуаттай түсетін басқа бір хадисінде: «Жастарымызға мейірімді болмаған әрі үлкендеріміздің қадірін біліп, құрмет тұтпаған бізден емес»[1], – деген. Осы хадис арқылы мұсылман жастарын үлкенді сыйлауға шақырады. Ал үлкенді ізет тұтпаудың және жасы кішіні есіркемеудің мұсылмандыққа жат қылық екенін білдіреді. Әрине, сеніміміз бойынша, үлкенге құрметі, кішіге мейірімі жоқ адам діннен шығып кетпейді. Алайда, ол мұндай жат қылықтан арылмайынша, бойында кәпірге тән жағымсыз қылық жүреді.

Әсілі, дінімізде үлкенді құрметтеу – Алланы ұлықтау болып табылады. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бір хадисінде: «Ақ шашты, ақ сақалды мұсылман қарияны құрмет тұту – Алланы ұлықтаудың бір түрі», – деген»[1]. Расында, дінімізде Аллаһ тағаланы ұлықтау тек тілмен зікір ету немесе ертелі-кеш құлшылық етумен ғана емес, Аллаһ разылығы үшін деп істелген әрбір игі іспен жүзеге асады. Ислам дінінің кереметтілігі міне, осында жатыр.

Тақырыбымызға арқау болған жоғарыдағы хадис-те адам баласы жас шағында үлкенге қалай қараса, қартайғанында жастар да оған дәл солай қарайтын болады делінген. Шүбәсіз, Аллаһ тағала жас кезінде үлкендердің алдында ізеттіліктен айнымаған құлын қартайғанда елге сыйлы етеді. Ал үлкенді үлкен, кішіні кіші деп білмеген жасты қартайғанда ел-жұртқа сүйкімсіз қылады. Майлы Қожа ақын осынау ақиқатты мына бір жыр жолдарымен шебер жеткізе білген:

Жақсы бір адам қартайса, көкірегі хат болар,

Жаман бір адам қартайса, бықсып бір жанған от болар.

Жақсы қария белгісі жанып тұрған шоқ болар,

Жаман қария белгісі қайран боп қалған сал болар».

Иә, шынында, мұны өмірдің өзгермейтін заңдылығы десек те болады. Асыл дініміз өмірдің осынау заңдылықтарын ескере отырып, адамдар арасындағы жақсы қарым-қатынас пен бейбіт өмірдің ұйытқысы саналатын өзара сыйластық, сүйіспеншілік және бауырмашылдық сынды ізгілікке баулитын көптеген маңызды қағидаттарды алға тартқан. Соның бірі – «ел-жұрт өзіңе қалай қарасын десең, алдымен өзің оларға солай қарағын» деген маңызды ұстаным. Бұл қағида Аллаһ елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Кімде-кім өзінің тозақтан алыстатылып, жұмаққа кіргізілуін қаласа, Аллаға және ақырет күніне кәміл сенген күйде жан тапсырсын, сондай-ақ өзімен қалай қарым-қатынас жасалуын қаласа, өзі де өзге ел-жұртпен солай қарым-қатынас жасасын»[2], – деген хадисінен алынса керек. Демек, өзгеден сый-құрмет күту үшін алдымен сол сый-құрметті өзіміз көрсете білуіміз керек. Сондай-ақ өзімізге ұнамайтын қандай да бір жат қылықтың өзгелерге де ұнамайтындығын жадымыздан шығармауымыз қажет. Негізі, бұл жалпыға тән қағида болғанмен, жастарға да тікелей қатысы бар. Өйткені,

«Жалыны қайтар дененің,

Үнемі тұрмас осы шақ.

Талайғы кәрі дүниенің

Бір тетігін ұстап бақ», – деп Абай атамыз жырлағандай, кәріліктің дауасы жоқ, бүгінгі жас Аллаһ ғұмыр берсе, ертең-ақ кәрілік жетіп, қартаяды. Міне, сонда ол өз кезінде үлкендерге қалай қараған болса, жастардан да соны көреді.

Халықтық дүниетанымымызда үлкенге құрмет дегенде ең алдымен ата-анаға құрмет меңзеледі. Ата-ананы құрметтеу – әр адамның парызы. Қасиетті Құранда Жаратушы ие бізге: «Бір Аллаға құлшылық етіңдер! Оған еш нәрсені серік етіп қоспаңдар. Ата-аналарыңа жақсылық жасаңдар»[3], – десе, енді бір аятта: «Раббың бір Өзіне ғана құлшылық етуді, ата-анаға барынша жақсылық жасауды үкім етті. Егер олардың біреуі немесе екеуі бірдей қолыңда қартайса, (оларды ауырсынып немесе жақтырмаған сыңай танытып), тіпті: «Түһ» деп те айтушы болма, сондай-ақ, оларға зекіп ұрыспа! Керісінше, оларға жанға жағымды жылы сөз айт! Олардың алдында барынша мейірімді, мейлінше кішіпейіл әрі тілалғыш бол! Һәм олар үшін: «Уа, Раббым! Олар мені бала күнімде қалай мәпелеп өсірген болса, Сен де оларды дәл солай мейіріміңе бөлей гөр!», – деп дұға ет»[4], – деп бұйырады. Жаратқан иеміз осынау аяттар арқылы бізге ең алдымен бір Өзіне құлшылық етуді, содан кейін бірінші кезекте ата-анамызға жақсылық жасап, солардың тілеуін тілеуді, олардың көңіліне қаяу түсіретін әрекетке бармауды, тіпті, қабақ шытып, «түһ» деген сөздің өзін айтпауды бұйырады. Сонымен қатар, Құранның басқа да аяттарында адамның адамға жақсылық жасау мәселесі тілге тиек етілгенде, ең алдымен ата-ананы, әсересе, қартайған шағында барынша жақсылап бағу керек екендігі айтылады. Аллаһ елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Ата-анасы қолында қартайып, жұмаққа кіре алмаған кісінің жағдайы қандай өкінішті»[5], – деген. Ендеше, Раббымыздың пәрменіне құлақ асып, ата-анамызға және ата-әжелерімізге тиісінше сый-құрмет көрсетіп, оларға өмір бойы жақсылық жасап өту біздің перзенттік парызымыз. Шынтуайтында, оларға қанша жерден жақсылық жасасақ та, олардың бізге төккен мейірімі мен көрсеткен қамқорлығының қарымын қайтара алмаймыз. Дегенмен, үлкендеріміздің ықыласына бөлену біз үшін Раббымыздың разылығы мен шексіз шарапатына бөленудің бірден-бір жолы болып табылады. Ал, оларды құрметтемеу Аллаға асылық қылу болса, ренжіту Алланың ашуына себеп.

Қазақта «Ата-ананың қадірін балалы болғанда білесің» немесе «Атаңа не істесең, алдыңа сол келеді» – деген аталы сөз бар. Расында, салтымызда жастарға қарата айтылған мұндай тәрбиелік мәні зор өнегелі сөздер баршылық. Ата-бабаларымыз мұндай өнегелі сөздермен жастарға: «Ата-ананың қадірін көзінің тірісінде біліңдер, оларға қалай қарасаңдар ертең өз балаларыңнан да соны көресіңдер», – деп тәлім-тәрбие берген. Расында, мұның бәрі қасиетті Құран мен сүннеттен алынған тәлім.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, жас буынға қойылар ең басты талаптың бірі – үлкенге құрмет көрсету. Ендеше, өзін мұсылманмын деп санайтын әрбір жасқа: «Егер араларыңда еңкейген қарттар болмағанда, (істеген күнәларыңның кесірінен) бастарыңа толассыз бәле жауар еді»[6], – деген хадисті көкейге түйіп, жадынан шығармаған дұрыс.

[1] Әбу Дәуіт, Әдәб 58. Тирмизи, китәбу әл-Бирр 15
[2]    Әбу Дәуіт, Әдәб 20
[3] Жуз әл-Абди, 3 хад.
[4] «Ниса» сүресі, 36 аят
[5] «Исра» сүресі, 24 аят
[6] Мүслим, 9-10
[7] Бәйхақи, Сүннәтуль кубра,3-345. Мунәуи, Фәйзуль қадир, 5-432

0 пікір