Отпен сыналған Хаббаб (р.а.)
Отпен сыналған Хаббаб (р.а.)
8 жыл бұрын 4172
Бақ БЕР

Құл ретінде базарға шығарылып сатылды. Қорлық көрді, мазақ етілді, ел ішінен қуылды. Кейіннен исламды қабылдап, жолбасшы сахабалардың біріне айналды.

Ол уақытта қоғам тапқа бөлінетін. Құл саудасы қызып тұрды. Міне, осындай кезеңде Ислам діні адамдардың барлығы тарақтың тістеріндей бір-бірімен тең екенін жар салды. Сөйтіп исламға дейін қоғамда қорлық көрген, базарда сатылған, зорлық көрген Аммарлар, Біләлдер, Сәлмандар тарих бойы үлгі боларлық тұлғаға айналды. Солардың бірі Хаббаб ибн Әрат (р.а.) еді. Ендеше, оны шыңдаған қандай оқиғалар еді, соны көрейік.

Лақап аты Әбу Абдиллаһ болған Хаббаб ибн Әрат кішкене жасында тұтқынға түсіп, Меккеге әкелінді. Құл ретінде базарда сатылып, Үмму Әммар деп аталатын әйелдің қызметіне кіріседі. Біршама уақыттан кейін ұсталықпен айналыса бастайды. Хазірет Мұхаммедтің (саллаллаһу алайһи уә сәлләм) пайғамбарлығын жариялауымен Ислам дінін ең алғаш қабылдаған алты кісінің бірі болды.

Мұсылмандықты қабылдағаны сол еді, хазірет Хаббаб үшін қиын күндер  басталды. Неге десеңіз, ол кезеңде мұсылманмын деу қорлық көруді әрі жаннан түңілуді білдіретін. Алайда хазірет Хаббаб ешкімнен қорықпай, мұсылмандығын жария етті, жұртты да осы жолға шақырды.

Хаббаб ибн Әрат мұсылман болғандығы үшін алғашқы қарсылықты қожайыны болып табылатын Үмму Әммардан көрді. Оны хазірет Мұхаммедтің (саллаллаһу алайһи уә сәлләм) жолынан қайтару үшін барлық қорлыққа салған бұл әйел қызып тұрған темірді хазірет Хаббабтың денесіне басатын. Тартқан қиындықтары тек Үмму Әммармен шектеліп қалмады. Оның мұсылман екенін естіген Меккелік мүшріктер де қорлайтынды шығарды. Олар Хаббаб ибн Әратты аптап ыстықта күйіп тұрған құмға жатқызады. Үстін ыстық таспен бастырады. Тіпті отқа тастайды. «Сондай бір күнім есте. Сол күні мүшріктер мені ұстап алып, от жағып, мені сол отқа салды. Біреуі аяғымен кеудемнен басты. Барлық жағым күйді. Отты денемнен аққан майлар сөндірген еді» деп, сол күнгі қиындықтарын еске алған. Бір жолы «Сондай қиын күндерді бастан өткердік, Расулалла тыйым салмағанда, өле салғанды артық көрер едік» деген. Алайда хазірет Хаббаб қанша зорлық-змбылық көрсе де сенімінен бас тартпады.

Меккелік мүшріктер құл деп қор санаған хазірет Хаббаб үшін сол қиын күндерде паналайтын бір ғана адам Пайғамбарымыз (саллаллаһу алайһи уә сәлләм) еді. Қатты қиналған бір күні Расулалланың жанына барып, «Уа, Алланың елшісі, (тап болған мына қиындықтардан құтқарсын деп) Аллаға дұға етіңізші?» дегені бар. Сонда мына хабарды естиді: «Сендерден бұрын небір ұлттар болды. Оларға құдық қазылып, сол құдыққа тасталатын, арамен басынан екіге бөлінетін, бірақ сонда да діннен қайтпайтын. Темір тарақтармен еттерін сүйектерінен ажырататын, сонда да діндерінен қайтпайтын. Уаллахи, Алла бұл дінді тамамдайды. Ешқандай қауіп-қатер болмастан, Алладан басқа ешкімнен қорықпастан атты кісі Санадан Хадрамаутқа сапарлап бара алатын болады. Ешкім отар қойыма қасқыр шаба ма деп қорықпайтын болады. Бірақ сендер асығудасыңдар».

Хазірет Хаббаб Пайғамбарымыз (саллаллаһу алайһи уә сәлләм) айтқан болашақтағы сол күндерді қуана күтіп, екінші жағынан өзге кісілерді де исламға шақыру үшін әрекеттер жасады. Ол хазірет Омардың тура жолға келуіне себеп болады. Хазірет Омар (р.а.) қарындасы Фатима мен күйеубаласы Сайыдқа Құран оқып, үйреткен Хаббабтың әуезді дауысына таңғалады. Хазірет Хаббабтың ертуімен Расулалланың жанына барып, исламды қабылдау бақытына бөленеді.

Хазірет Хаббаб мұсылмандар үшін Мәдинаға қоныс аударуға мүмкіндік туғанда, Расулалладан рұқсат алып, хижрет жасайды. Хазірет Пайғамбар (саллаллаһу алайһи уә сәлләм) Хаббаб ибн Әратты Жабир ибн Атықпен бауыр етеді. Бәдір, Ұхыд, Хандақ секілді Исламның қиын күндеріне куәгерлік етеді. Бәрінен де ең ауыры Пайғамбарымыздың қайтыс болған күні болды. Хазірет Әбу Бәкір қайтыс болғанда да қайғырады. Жұртқа исламды насихаттағысы келеді, осы себепті хазірет Омардан рұқсат алып, Куфаға барады. Өмірінің соңына дейін сонда ғұмыр кешеді.

Өмірдегі дәм-тұзы аяқталуға жақындағанын сезген сайын қиын күндерді бірге бөліскен достарынан айрылуға мұңайып, екінші жағынан олармен кездесетін күнді де сағынатын. Қалын сұрап келгендерге достарын сағынатынын айтатын. Неге жылайтынын сұрағандарға соғыста емес, төсекте өлмегіне өкінетінін айтатын. Жанындағыларға Бәдірді, Ұхыдты еске салып, көмер кезде бір кебін де табылмаған достары хазірет Хамза мен хазірет Мұсғабтарды үлгі ететін.

Хазірет Хаббаб ибн Әрат (р.а.) хижри 37 жылы, 73 жасында Куфада өмірден өтті. Кейіннен қабірін зиярат еткен хазірет Али (р.а.) ол туралы былай деген:  «Алла Хаббабқа рақымын төксін! Өз қалауымен мұсылман болды, шын көңілмен хижрет етті, бүкіл өмірін жихад еткен мұжахид ретінде өткізді. Көрген қорлықтарына сабыр етті. Алла жақсылық жасағандардың сауабын кемітпейді. Хаббабтың да сауабын еш кемітпейді».

0 пікір