«Тура жүр және асылық етпе!»: Құран аятының тәпсірі
«Тура жүр және асылық етпе!»: Құран аятының тәпсірі
1 ай бұрын 1613 islam.kz/ Фото: bbc.com
А. Қасым
 فَاسْتَقِمْ كَمَا أُمِرْتَ وَمَن تَابَ مَعَكَ وَلَا تَطْغَوْا ۚ إِنَّهُ بِمَا تَعْمَلُونَ بَصِيرٌ (112)

"Әмір етілгеніңдей (дін жолында) тура жүр! Сондай-ақ сенімен бірге тәубе еткендер де (тура жүрсін). Асылық жасамаңдар! Шынында, Ол (Алла) не істеп жатқандарыңды көруші (Басыр)." (Һуд сүресі, 112-аят).


Имам Бәғәуиден аятқа түсіндірме:

Алла Тағаланың: "(فَاسْتَقِمْ كَمَا أُمِرْتَ) Әмір етілгеніңдей тура жүр!" деген сөзі: Раббыңның дінінде тура жүр және онымен амал етуде әрі дінге шақыруда, әмір етілгеніңдей тура болу дегенді білдірмек. Ал "(وَمَن تَابَ مَعَكَ) Сондай-ақ сенімен бірге тәубе еткендер де (тура жүрсін)" дегені: Сенімен бірге иман келтіргендер де тура жолда болсын дегені.

Омар ибн әл-Хаттаб (р.а.) былай деген:

"Тура жолда болу (әл-Истиқама) – Алланың бұйрықтары мен тыйымдарын (орындауда) тура болу, түлкідей бұлтақтап, айла жасамау".

Имам әл-Хұсейін ибн Мұхаммед әл-Қади риуаят еткен деректе.. Суфйан ибн Абдулла әс-Сақафидан (р.а.) мынадай хадис жеткен, онда ол былай деді:

"Уа, Алла елшісі! Маған Ислам туралы сондай бір сөз айтыңызшы, сізден кейін ол туралы ешкімнен сұрамай-ақ қояйын", - дедім. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.у.): "Аллаға иман келтірдім деп айт, сосын тура жүр (истиқама ет)!" – деді. («Сахих Мүслім»).

"(وَلَا تَطْغَوْا) Асылық жасамаңдар (шектеуді аспаңдар)!" дегені: Менің бұйрығымнан асып кетпеңдер және Маған қарсы келмеңдер. Басқаша айтқанда: әмір еткен және тыйым салған нәрселерден асып, шектен шықпаңдар дегенді білдірмек (әл-Ғулуу - шектен шығу).

"(إِنَّهُ بِمَا تَعْمَلُونَ بَصِيرٌ) Шынында, Ол (Алла) не істеп жатқандарыңды Көруші (Басыр)": Сендердің істеріңнің ешқайсысы Оған жасырын қалмайды.

Ибн Аббас (р.а.) былай деген:

"Расулуллаһқа (с.а.у.) бұл аяттан (Һуд сүресінің 112-аятынан) ауыр және қиынырақ ешбір аят түскен емес. Сондықтан да Пайғамбар бір сөзінде (с.а.у.): "Менің шашымды Һуд сүресі және оның сияқты (сүрелер) ағартты" – деген.

Абдулуахид әл-Мәлиһи риуаят еткен деректе... Әбу Һурайра (р.а.) мынадай хадис жеткізеді, онда Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деген: "Шын мәнінде, дін жеңіл. Дінге кімде-кім қаттылық қылса, дін оны жеңеді (яғни, шамасы келмей қалады). Сондықтан туралықты ұстаныңдар, Аллаға жақындаңдар, қуанышты хабар айтыңдар (жәннатпен сүйіншілеңдер) және таңертеңгілік, кешке және түннің бір бөлігінде (құлшылықпен) жәрдем тілеңдер". («Сахих Бұхари»).1

Жоғарыдағы аталмыш аяттың тәпсірін Имам Құртұби былай деп өрбітеді:

Алла Тағаланың "Әмір етілгеніңдей тура бол! (фастақим кәмә умирта)" деген сөзіндегі үндеу Пайғамбарға (с.а.у.) және басқаларға да қатысты. Ал, Сүдди (атты ғұлама) оның Пайғамбарға (с.а.у.) арналғанын, бірақ мақсаты - бүкіл үмбет екенін айтқан. Басқа бір пікірде: "тура бол" (истәқим) деген сөз – Алладан дінде тұрақтылықты сұрау, Одан соны тілеу деген мағынаны білдіреді. Бұл жердегі (истәқим сөзінің арабшасындағы) "с" әрпі сұрауды білдіреді, құдды "Алладан кешірім сұраймын (астағфирулла)" дегеніңіздегідей» -делінген.

Негізі "истиқама" (тура болу) – оңға да, солға да ауытқымай, бір бағытта тұрақты болу дегенді білдіреді. Демек, Аллаһтың әмірін орындауда олай, былай ауытқымай тура орында дегендік. Дәрими Әбу Мұхаммед өзінің "Мүснәдінде" Осман ибн Хадыр әл-Әздиден мынадай мәліметті келтірген, онда былай делінеді: "Мен Ибн Аббасқа бардым да: Маған өсиет айтыңыз! – дедім. Ол: "Иә! Саған Алладан қорық (тақуалық қыл) және тура жүру (истиқама) міндет. (Сүннетке) ер дінге жаңалық (бидғат) енгізбе» – деді.

Ал «Шектен аспаңдар» (лә тәтғау)» деген сөзге келсек – бұл жерде асылық жасауға және шектен шығуға тыйым салынып отыр. Аяттағы "Туғйан" (асылық ету, шектен шығу) сөзі – белгіленген шектен асып кету дегенді білдірмек. Мысалы, "Су тасығанда (иннә ләммә тоға әл-мә-у)» - «су шегінен асқанда» деген аяттағыдай. Басқа бір пікірде: «ешкімге тәкаппарлық жасамаңдар» деп те тәпсірлегендер бар2.

1Тәфсируль Бәғауи, «Һуд» сүресінің тәпсірі.
2Имам Құртуби: «Тәфсиру Құртуби», «Һуд» сүресінің тәпсірі.

0 пікір