Отбасы – тек қана қоғамның діңгегі емес, ол – Алла алдында жасалған қасиетті келісім, екі жанның Жаратушының қалауымен біріккен одағы. Қасиетті Құранда неке "мисақон ғализан" – яғни, "ауыр да берік серт" деп сипатталған. Бұл – адам өміріндегі ең маңызды, ең жауапкершілігі мол қадамдардың бірі. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) өз хадистерінде отбасының құндылығын, ер мен әйелдің бір-бірі алдындағы міндеттері мен құқықтарын айқын көрсеткен. Мұсылман үшін неке – иманның жартысы.
Алайда, бүгінгі күні осы қасиетті келісімнің оңай бұзылып, неке орамалының жыртылып жатқаны алаңдатады. Статистиканың сөзіне сенсек, шаңырақтардың шайқалуы азаймай, керісінше, белең алып барады.
(2024 жылдың басындағы дерекке қарағанда, Қазақстандағы ажырасу коэффициенті – әр 1000 адамға 4,6 келеді екен (4,6\1000). Бұл көрсеткішпен еліміз әлемде екінші орынға шығып отыр. 2023 жылы 40,2 мың неке бұзылған, яғни күніне жүзден аса отау шайқалған деген сөз. Сан ғана емес, әр санның астында сынған жүрек, шырқы кеткен шаңырақ, шырылдаған бала бар).
Бір кездері ерлі-зайыптылар үшін ең ауыр сөз болған «ажырасам» сөзінің жиі айтылуы – бұл ненің белгісі? Бұл тек қана әлеуметтік мәселе ме, әлде рухани, имандылық әлсіздігінің де көрінісі ме? Ажырасу дертінің тамыры қайда жатыр? Төменде қоғамдағы ажырасудың белең алуының себептерін анықтап, оларды ислами тұрғыда түсіндіруге тырысалық:
1. Рухани әлсіздік пен нашар қарым-қатынас
Ажырасудың ең тереңде жатқан себептерінің бірі – бұл жүректегі иманның әлсіреуі және содан туындайтын рухани азып-тозу. Иманы кәміл адам бірінші кезекте Алладан қорқады, Оның бұйрықтарын орындап, тыйымдарынан сақтанады. Неке – Алланың берген аманаты. Аманатқа қиянат жасау – имандыға сын.
2. Көп жағдайда отбасының шырқының бұзылуы арадағы қарым-қатынастың дұрыс болмауынан басталады.
Бір-біріне деген құрметтің, жанашырлықтың жоғалуы – алғашқы сызаттар. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мұсылмандардың ең жақсысы туралы айтқанда: "Сендердің ең жақсыларың – әйелдеріне (отбасына) жақсы қарағандарың" деген. (Тирмизи). Бұл хадис ер адамға өз жарына мейіріммен, құрметпен қарау керектігін көрсетеді. Сол сияқты, әйел де ерінің аманаты, оған адал болуы тиіс. Егер осы қағидалар ұмыт қалса, арада суықтық пайда болып, екі жақ бір-бірінің қателігін іздеуге, ұсақ-түйекке бола ренжісуге көшеді. Сөйлеспеу, бірге шешім қабылдамау, жанашырлық танытпау – бұл хадисте айтылған "жақсы қарау" деген ұғымға қайшы келеді.
3. Сабырсыздық пен ашуға берілу
Отбасылық өмір – сынақ пен сабырдың мекені. Кез келген отбасында келіспеушілік, түсініспеушілік болуы мүмкін. Мәселе оны қалай шешуде. Ашуға бой алдыру, сабырсыздық таныту – отбасының іргесін шайқалтатын қауіпті дерт. Ислам діні сабырлыққа, кешірімшілдікке үндейді. Алла Тағала Құранда: "...және ашуларын жеңген, адамдарды кешірген жандарды (Алла) жақсы көреді" дейді ("Әли Имран" сүресі, 134-аят). Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) да ашуды жеңудің маңыздылығын айтқан. Егер ерлі-зайыптылар бір-бірінің қателігіне сабыр етіп, кешіріммен қараса, көптеген даулардың алдын алуға болар еді. Сабырсыздық керісінше, ұсақ отты үлкен өртке айналдырады.
3. Материалдық қиындықтар және оған деген көзқарас
Жетіспеушілік пен қаржылық қиындықтар – отбасы үшін ауыр сынақ. Алайда, мұсылман адам үшін бұл сынаққа сабырмен қарап, Алладан жәрдем сұрау – иманның көрінісі. Күйеуінің отбасын асырау міндеті бар, әйелі оның тапқанына шүкір етіп, жоққа сабыр етуі керек. Қасиетті хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): "Мұсылман әйелі үшін ең жақсы әйел – күйеуі қарағанда көңілі толатын, айтқанын тыңдайтын әрі жоқ кезінде өзін және күйеуінің мүлкін қорғайтын әйел" деген. (Әбу Дәуд). Яғни, екі жақ та барға қанағат етіп, жоқты сабырмен қарсы алуды үйренбесе, материалдық қиындықтар ажырасуға себеп болып жатқандығын күнделікті өмірімізде көріп жүрміз.
4. Адалдық пен өзара сенімнің жоғалуы (опасыздық).
Неке – сенім мен адалдыққа құрылған қамал. Опасыздық – бұл қамалдың қабырғасын оңдырмай қирататын зілзала. Ислам діні зинаны (жеңіл жүріске бару) ауыр күнәлардың қатарына жатқызады. Адалдықтан таю – тек қана адамдық қасиеттен айырылу емес, Аллаға қарсы жасалған үлкен күнә. Опасыздық орын алған жерде сенім аяққа тапталып, отбасылық өмірдің жалғасуы мүмкін болмай қалады.
5. Гендерлік рөлдердің өзгеруі мен көзқарастар қайшылығы
Ғасырлар бойы қалыптасқан отбасылық рөлдердің жүйесі бүгінгі күні айтарлықтай өзгерді. Ер мен әйелдің қоғамдағы, отбасындағы орны мен міндеттеріне қатысты бұрынғы түсініктер мен бүгінгі шындық арасында үлкен алшақтық пайда болды. Бұрын ер адам – асыраушы, әйел – ошақ қасының күтушісі деген анық шекаралар болса, қазір бұл рөлдердің шекарасы бұлдыр тартып, алмасып жатады.
Әйелдердің білім алып, қызмет етіп, қаржылық тәуелсіздікке қол жеткізуі – қоғам дамуы үшін құптарлық жағдай. Алайда, бұл өзгерістер отбасы ішінде жаңа келіспеушіліктер тудыруда. Үй шаруасы, бала тәрбиесі, отбасы бюджетін жоспарлау, тіпті кімнің мансабы маңыздырақ деген сауалдар жиі дауға арқау болады. Бұрын ер адамның сөзі заң болып, шешімді көбіне ол қабылдаса, қазір әйелдер де тең құқықтылықты, шешім қабылдау процесіне толық араласуды талап етеді.
Бұл жерде мәселе гендерлік теңдіктің өзінде емес, осы өзгерістерге ерлі-зайыптылардың дайын болмауында, бір-бірінің жаңа рөлдерін қабылдай алмауында және ортақ мәмілеге келе алмауында болып тұр. Әрқайсысы өз "құқығын" талап етіп, "міндетін" атқарудан жалтарғанда, отбасы – ортақ келісім алаңы емес, қайшылықтар майданына айналады.
Ислам діні де отбасыдағы ер мен әйелдің міндеттері мен құқықтарын айқындап берген. Ер адам – отбасының басшысы, оны асыраушы, қорғаушы. Әйел – үйдің берекесін кіргізуші, бала тәрбиелеуші. Алайда, бұл міндеттер бір-біріне деген мейірім, құрмет және кеңесу негізінде жүзеге асуы тиіс. Құран Кәрімде: "Олар (әйелдер) сендердің киімдерің, сендер де олардың киімдерісіңдер" ("Бақара" сүресі, 187-аят) делінген. Бұл аят ер мен әйелдің бір-біріне қаншалықты жақын, бір-бірін толықтырып, қорғап тұратынын көрсетеді. Киім адамның денесін жауып, қорғайтыны сияқты, ер мен әйел де бір-бірінің кемшілігін жасырып, ар-намысын қорғап, өміріне жылулық әкелуі тиіс.
6. Заңдық рәсімнің жеңілдеуі
Отбасының шайқалуына тек ішкі келіспеушіліктер мен сыртқы әсерлер ғана емес, кейде тіпті заңдық жүйе де жанама түрде ықпал етуі мүмкін. Бұрын ажырасу рәсімі ұзаққа созылатын, күрделі әрі шығынды процесс болып, көптеген отбасылар үшін ең соңғы амал саналатын. Бұл оларға татуласуға, мәселелерді шешуге уақыт пен мүмкіндік беретіндей еді.
Алайда, соңғы өзгерістер бойынша азаматтық некені рәсімдеу де, ажырасуды тіпті онлайн жүргізу де бұрынғыдан әлдеқайда жеңілдей түскендігі жасырын емес. Бір жағынан бұл – заман талабына сай ыңғайлылық, бюрократияны азайту. Бірақ, екінші жағынан – бұл ыңғайлылық кейде ерлі-зайыптыларды қиындықтармен күресудің орнына, "оңай жолды" таңдауға итермелейтін кең дәліз іспетті. Асығыс, жеткілікті ойланбастан қабылданған шешімдердің артында үлкен өкініш жатады.
Қорытынды: Ажырасу – ең соңғы амал
Ислам діні некені сақтап қалуға баса назар аударады. Тіпті келіспеушіліктер туындаған жағдайда да, алдымен араны дұрыстауға, екі жақтан жаңашырларды шақырып, мәселені шешуге кеңес береді (Құран, "Ниса" сүресі, 35-аят). Ажырасу – барлық мүмкіндік сарқылған кездегі, амалсыз қалатын ең соңғы шешім. Бұл жөнінде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): "Аллаға рұқсат етілген амалдардың ең жеккөрініштісі – талақ (ажырасу)" деген. (Әбу Дәуд, Ибн Мажа). Бұл хадис ажырасудың қаншалықты ауыр әрі Аллаға ұнамсыз екенін көрсетеді. Яғни, мұсылман адам үшін ажырасу – оңай қабылдай салатын шешім емес, керісінше, ең ауыр жүк.
Бүгінгі қоғамда ажырасудың көбеюі – рухани құндылықтардың азаюының, имандылықтың әлсіреуінің, сабырсыздықтың, нәпсіге ерік берудің, отбасы институтына жеңіл қараудың салдары. Ажырасу – тек қана ерлі-зайыптылардың емес, олардың балаларының, туыстарының, бүтін қоғамның қасіреті. Оның алдын алу үшін бірінші кезекте жүрегіміздегі иманды нығайтып, Алланың бұйрықтарына мойынсұнып, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннетіне сай өмір сүруге ұмтылуымыз керек. Отбасы – Алланың бізге берген аманаты, оны қастерлеп, сақтау – әрбір мұсылманның міндеті. Шаңырағымыз шайқалмай, балаларымыз жетім қалмай, қоғамымыз тыныш болуы үшін осы қасиетті аманатқа адал болайық.
Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!