Ерекше үлгі-өнеге иесі хазірет Пайғамбардың (с.а.у.) отбасылық өмірінен үзінділер
Ерекше үлгі-өнеге иесі хазірет Пайғамбардың (с.а.у.) отбасылық өмірінен үзінділер
8 жыл бұрын 4858
Алдаберген Үсен

Отбасы – қоғамның ұйытқысы. Ол салауатты қоғам құра білу үшін де өте маңызды. Ислам діні жаратылыс талабы ретінде үйленуді, шаңырақ құруды маңызды деп біліп, өзара сыйластық пен сүйіспеншілікке негізделген, жауапкершілік санасындағы бақытты отбасын құруды мақсат еткен. Әлдекімнің отбасылық өмірі, оның тәрбиесін, іс-әрекеттерінің және мінезінің шынайы айнасы. 

Жастарды үйленуге әрі шаңырақ көтеруге шақырған Расулалла (с.а.у.) да көтерген шаңырағымен бізге барлық жағынан үлгі көрсеткеніндей бұл тұрғыда да тамаша үлгі көрсетуде. Хазірет Пайғамбар отбасылық өмірді тура бір осы дүниедегі жұмақ бақшаларының біріне айналдыра алған. 

Көтерілген шаңырақты махаббат пен сыйластыққа сүйенетін ошақ ретінде сипаттаған. Өйткені өзара сүйіспеншілік, құрмет пен мейірімге сүйенетін отбасылық жүйеде бақыт та, шаттық та бар. Сүйіспеншілік пен құрмет жоқ отбасында бақыт пен шаттық туралы әңгіме етудің өзі артық.  Расулалла (с.а.у.) жұбайлары арасындағы сүйіспеншілік пен құрметті иманмен байланыстырып «Иманы ең ізгі мүмин – тәрбие тұрғысынан ең жақсы мүмин». «Сендердің ең қайырлыларың – жұбайларымен жақсы сыйласқандар» деген (Aхмед ибн Ханбәл, әл-Mүснад, IV, 47; Әбу Дәуіт, Тирмизи).

Расулалла (с.а.у.) үмбеті үшін барлық қырынан жолбасшы, ізінен еруге тұрарлық тұлға. Ол кісі пайғамбар бола тұра бір жағы адам еді. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) отбасының әлемде бұрын-соңды, әрі болашақтағы бүкіл отбасылардың ең қарапайым, ең бақытты әрі ең шынайысы болғанын көреміз. Ол шаңырақ бақыт пен шаттыққа тола болатын. Қанша жерден бұл отбасы материалды мүмкіндіктер тұрғысынан кедей болса да, оның отбасында рухани байлық, мейірім мен жанашырлық, сүйіспеншілік пен махаббат салтанат құрған. Хадис пен сияр кітаптарында Пайғамбарымыздың жарлары, сахабалары, балалары мен көршілері және басқа да адамдарға деген іс әрекеттері егжей-тегжейіне дейін баяндалған.

Исламға дейінгі кезеңде әйелге баға беру былай тұрсын, әйелді адам қатарына санамаған және қыз балаларды тірідей көмген уақытта хазірет Хадиша анамыз бен Расулалланың (с.а.у.) арасында сүйіспеншілік пен махаббат қалай қалыптасты? Өзі құралпылас балалар тірідей көміліп жатқан уақытта хазірет Фатима мен өзге сіңлілері қалай әкелерінің көзайымына айналды? Анағұрлым бай туыстары барда, орташа деңгейдегі өмір сүруді таңдап, Пайғамбарымыздың жанынан екі елі айрылмаған хазірет Али қандай себеппен осы отбасыны таңдады? Бұлардың барлығы да ойлантатын жағдайлар. Өйткені сүйіспеншілік пен құрметке негізделген бұндай отбасы Исламға дейінгі он бес жыл бұрын құрылған. Уахи келмеген, дүние мен ақыреттік жаза мен марапаттар әлі орнықпаған ортада хазірет Мұхаммедтің (с.а.у.) әлі пайғамбар болмаған кезінде бір демде бұндай ізгі отбасы қалай құрылды? Бүгін ислами мәліметтер болуына қарамастан, уахиға дейін негізі қаланған бұл шаңыраққа әлі де сағынышпен қараудамыз. Ал уахи келгеннен кейінгі отбасының кемелдігі туралы ойлану тіптен өзіне ынтықтыра түседі. Расулалла (с.а.у.) отбасында қандай жар еді? Бұл жайлы қысқаша мәлімет берер болсақ, сүйікті Пайғамбарымыз (с.а.у.) көбіне таңертең және екінді намаздарынан кейін міндетті түрде жарларын зиярат ететін, қал-жағдайларын сұрайтын. Мұң-мұқтаждары болса тыңдайтын, көңілдерін аулап жұбататын, араларында әділеттілікті сақтайтын. Қысқаша айтқанда, оларды қадірлейтінін сездіретін. Әркез осындай уақыттарда жарларының үйі ішілік істеріне де қолғабыс ететін.  «Жарының қолын алақанына салып, сол мезет бір-біріне қараса, Алла ол ерлі-зайыптыларға рақымын төгеді» деген. Өйткені бәрімізге мәлім, қол мен саусақтар сезімді жеткізуде маңызды рөл ойнайды. Нәтиже ретінде мынаны айта аламыз, жұбайлардың, қолынан ұстап, бір-біріне махаббатпен қарауының өзі сүннет ретінде оларға сауап әкелетін іс-әрекет үкіміне айналады.

Жұбайларына үлкен махаббат пен жақындық көрсеткен Расулалла оларға ұнамды түрде үн қататын. Хазірет Айша анамызды Ууайш (Айшатай), Аиш не Хұмайра (қызылшырайлы) деп атауы осыған дәлел.

Өзінен ең көп кімді жақсы көресіз деп сұрағанда, жарын айтуы және оны айтуға тартынбауында үлкен мән бар. Өйткені адамның жарына оны жақсы көретінін айтуы, махаббатын көрсетуі, отбасының жалғастығы әрі арадағы сүйіспеншілік байланысының қуаттанып, тамыр ала түсуіне себеп.

Расулалла (с.а.у.) жарларымен отырып, олармен шүйіркелесіп әңгімелесетін, тіпті жақын досындай көріп олармен әлдебір мәселелерді талқылайтын.  Шын мәнінде уахимен әрекет ететіндіктен, жарларынан пікір сұрамауына да болар еді. Алайда жарларымен ақылдасу арқылы үмбетіне әлдене үйреткісі келген. Дереккөздерінде бұл тақырыпқа қатысты көп мәлімет кездеседі. Бұдан бөлек, Пайғамбарымыз (с.а.у.) әркез жарларының қарсылықтары мен талаптарымен де бетпе бет келген. Егер үнемі бұйырушы болғанда, жарларымен ақылдаспағанында, олардан еш нәрсе сұрамаса, қандай да бір қарсылыққа тап болмас еді. Алғаш уахи алған кезінде өзі куә болған қиын жағдайды жарымен ақылдасқан. Хазірет Хадиша әрі күйеуінің көңіліне демеу сөзін айтып, әрі нақты шешім тауып, жөн білетін кісіге Уарақа ибн Нәуфалға ертіп апарған.

Тағы бір дерек, хазірет Пайғамбар (с.а.у.) Хұдайбия сапарында бейбітшілік келісімінен кейін сахабаларға құрбан шалуды әрі шаш қидыруды бұйырады. Сахабалар ол келісім сырттай мұсылмандарға тиімсіз болып көрінгендіктен, құлықсыздық танытады. Ешбірі барып ол бұйрықты орындамайды, Расулалла айтқанын қайталаса да қозғала қоймайды. Бұл жағдайды көңіліне алған Расулалла (с.а.у.) жары Үмму Сәламаның шатырына барып, оған жағдайды білдіреді. Үмму Сәлама былай дейді: «Уа, расулалла, өзіңіз барып құрбан шалып, шашыңызды қысқартыңыз. Сонда олардың бәрі де тапсырмаңызды орындайтын болады». Пайғамбарымыз (с.а.у.) Үмму Сәламаның ақылын орындайды. Сахабалардың сезіміне сай әрекет етпей, жарының айтқанын істеген.

Өзі жарларына өте жұмсақ әрі кеңшілікпен қарайтын. Бір күні Пайғамбарымыздың жанында Құрайыш әйелдері де бар еді, ол кісіге сауалдарын қойып жатты. Осы мезет ішке кіруге хазірет Омар (р.а.) рұқсат сұрады. 

Пайғамбарымыз оған рұқсат еткенде, әйелдер дереу перденің артына жасырынды. Бұдан кейінгісін хазірет Омардың өзі былай деп әңгімелеген: «Ішке кірдім. Байқасам, Расуллалла жиі күлімсірей берді. «Уа, расулалла, Алла сізді мәңгілік қуанышты етсін» дедім. Тағы да жымиып былай деді: «Мына әйел кісілерге күлудемін. Менің жанымда әңгімелесіп отырған. Сенің даусыңды естігенде, дереу бәрі тығыла қалды». Бұны естігенде, даусымды көтеріп: «Әй, құрғырлар, сонда менен қорқып, Расулалладан қорықпағандарың ба? Бұл Расулалланы құрметтемеу емес пе?» дедім. Сонда ол кісі маған былай деді: 

«Омар, сен қатал әрі ауыр мінездісің» (Бұһари, Әдеп, 68)

Қандай да бір сапарға шыққанда, керуенде әйел кісілер болса, Пайғамбарымыз (с.а.у.) оларды мазаламау үшін көңіл бөлетін. Бір жолы сапар кезінде Әнжаша атты Эфиопиялық бір құл әдемі дауыспен жылдам өлең оқып, түйелерді де жылдам айдап бара жатты. Түйелердің жылдам жүрісі әйел кісілерге сәл қиындық тудырғанын байқаған Расулалла Әнжашаға «Әй, Әнжаша, сыңғыр-сыңғыр еткен әйнектерімізді шытынатпа, түйелерді ақырынырақ айда» деп ескерту жасады. Әйел кісілер әлсіз әрі нәзік болғандықтан, Пайғамбарымыз (с.а.у) оларды нәзік әйнекке ұқсатқан. Әйел кісілердің қабағына кірбің ұялағанын, жаны ауырғанын ұнатпайтын.

Пайғамбарымыз (с.а.у.) Табук немесе Хайбар шайқасынан қайтқан еді.  Хазірет Айша заттарын қойған сандықтың бетіне мата жабылыпты. Жел соғып, хазірет Айшаның ойыншықтарының беті жабылған матаның бір шеті ашылып қалды. Пайғамбарымыз (с.а.у.) бұны көріп: «Әй, Айша, мынау не?» деп сұрады. Айша анамыз: «Қыздарым» деп жауап берді. Хазірет Пайғамбар ойыншықтардың арасынан екі қанатты атты көріп: «Ал мынау не?» деп сұрады. «Ол ат» деді хазірет Айша. Хазірет Пайғамбар (с.а.у.): «Үстіндегілері не?» дегенде, «Қанаттары» деген жауапты естіді. Пайғамбарымыз «Аттың қанаттары бола ма?» дегенде, хазірет Айша: «Сүлеймен пайғамбардың аттарының қанаттары болғанын естімеп пе едіңіз?» деп жауап берді. Айша анамыз былай дейді: «Расулалла (с.а.у.) бұны естігенде, күлді. Тіпті азу тістерін де көрдім» (Әбу Дәуіт, Әдеп, 62)

Байқалғандай, Пайғамбарымыз (с.а.у.) отбасында әзілдегенді ұнататын. Үнемі жылы жүзді еді. Алланың бұйрықтары мен тыйымдары аяқасты етілсе ғана ашуланатын. Онда да Алланың бұйрығын орындау не харам істен бас тартқызу үшін барынша соған әрекет жасайтын. Расулалла (с.а.у.) отбасы мүшелерінің алдындағы өзінің міндеттерін ойлап, жиі алаңдайтын. Оларды үнемі осы дүниемен салыстырып, арғы дүниенің марапаты мен әсемдіктеріне ынталандыратын. Түнде тахажжуд намазына тұрғанда, жарларының да осы бір ізгі нәпіл құлшылыққа қатысуын қалайтын. Сүйіспеншілікпен әрі жұмсақтықпен осындай нәпсіл құлшылықтарға ынталандыратын (Құртуби, Ахкамул-Құран, 1995, т. VI, 174; Tирмизи, Tәпсір, 34)

Қорыта келгенде, жұп жазбай өмір сүреміз деп шешім қабылдаған ерлі- зайыптылар бір-бірінің қадірін білуі тиіс, өзара құрмет пен жанқиярлықпен ислам белгілеген ұстанымдарға бас ие отырып, Ұлы Алланың разылығын алуға тырысуы керек. Өмірді әйелдің де, ер кісінің де қиындатуға құқы жоқ.

1 пікір