Отанаға құрмет
Отанаға құрмет
3 жыл бұрын 3049
Асылбек Әуезханұлы

Мұсылман отбасылары – сонау Адам атамыздан бері тазалық пен пәктікті, имандылықты, адалдық пен туралықты, бүкіл адамдық құндылықтарды бойына жинаған ұлыкеруенніңжалғасы. Бүкіл пайғамбарлардың, сахабалардың, шынайы тақуа құлдардың, тіпті кешегі ата-бабаларымыздың отбасылары да осы жолмен жүріп келген. Тура жолдың біреу ғана екенін ескерсек, онда бұл жолдың сыртынан бақыт іздеудің қаншалықты орынсыз екенін көреміз. Бүгінгі қоғамда көп мән берілмегенімен, бұл өмірдің ең маңызды байлығының бірі − отбасы. Өкінішке қарай, бүгінгі таңда еліміздің көптеген отбасыларында жылылықтың, өзара сүйіспеншіліктің, құрметтің азайғанын байқаймыз. Мұның негізгі себебі біздің имандылық жолынан ұзап кеткендігіміз. Тіпті, бүгінгі қоғамда ер адамның өз әйелін құрметтеп, қадірлеуін қорлық санайтындар да кездеседі. «Неге сонша әйелжанды болып кеткенсің? Әйелдің ақылын тыңдаған еркек еркек пе?» деген секілді надандықтан ақылсынған сөздер аз айтылмайды. Шынында ақиқат дінімізде әйелді адам қатарынан шығарып тастау бар ма? 

Алдымен айтарымыз, ешкім әйелін көшеде керексіз болып жатқан жерінен тауып алмаған. Біреудің үкілеп өсіріп отырған аяулы қызын өмірлік серігім болса екен деп таңдап алады. Өзіміздің де қызымыз ертең бір үйге келін болып барады. Ал қызының барған жерінде айтқан сөзі еленбейтін, ойы бағаланбайтын, еңбегі адал,  ақылы арам саналып, қор адамдай күн кешкенін қай ата-ана қалайды? Екіншіден, әйел жер бетінде Алланың сынағынан өтетін адамдар нәсілін көбейтудің ең негізгі себепкерлері. Әйелсіз біздің де артымызға ұрпақ қалдыра алмасымыз анық. Ендеше, Алланың назарында әйелдің алар орны үлкен. Жаратушы иеміз Адам атамыздан соң Хауа анамызды бекерге жаратпаған. Бұл кішкентай деп қарауға болмайтын маңызды мәселелер. Сондықтан болар, ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадистерінің бірінде былай деген:

«Сендердің ең жақсыларың –әйелімен ең жақсы мәміледе болғандарың. Араларыңда отбасына ең жақсы қарайтын менмін».

Сондай-ақ «әйелді анда-санда ұрып тұрғанның пайдасы бар» деп кейбіреулердің ділмарситынын білеміз. Бұл Алла тағаланың екі дүниеге қатысты заңдарынан бейхабар, ақыретінен қорықпайтын ғапыл адамның сөзі. Біріншіден, күштінің әлсізді қорлауы сау ақылға сыймайды. Егер әлімжеттік жасау орынды болғанда, онда біздің жас кезіміздегі бұзықшылықтарымыз үшін әке-шешеміз бізді тірі қалдырмауы керек еді. Әйелге қол көтеру − еркектің рухани осалдығы. Әйелдің табиғатында ақылдан гөрі сезім басым жаратылған. Сондықтан кейде сезімге беріліп қателік жасауы мүмкін. Бұл, әрине, еркекті ашуландырады, жоспарлап отырған ісіне кедергі келтіреді. Алайда қанша жерден себебі бар болғанымен, әйелге жұдырық ала жүгіргеннің соңы неге апарады? Қатты ызаланған күні орнынан тұрмастай етіп сабап тастап, аузымызға түскен дөрекі сөздің бірін қалдырмай айтқанмен, ол түзеле қала ма? Ал одан кейін сыйластықпен бірге өмір сүру мүмкін бе? Бұл тұрғыда сүйікті пайғамбарымыздың мына бір хадисінің тәлімі мол:

«Сендердің біреуің қандай оймен өз әйелін құлды сабағандай ұрып-соғады? Түн болғанда сол әйелмен бір төсекте жатпай ма?»

Қорқытып-үркіту арқылы адам еш уақытта түзелмейді. Керісінше, көп еститін ұрысқа еті өлген әйел күйеуін мүлдем елемей де қоюы ықтимал. Әйел тәрбиесі ақылмен, хикметпен, мейіріммен жүзеге асады. Дініміздің де негізгі тәлімі осы. Мәселенің бір ұшығын алып қарасақ, біз әрбір күнә жасаған сайын төбемізден ұрып отыратын бір періште жіберуге Алла тағаланың құдіреті жетеді. Бірақ олай еткен жоқ. Исламды мейірім діні етіп, Мұхаммед Мұстафаны (с.ғ.с.) мейірім пайғамбары етіп жіберді. Ендеше, әр отбасында мейірім мен өзара құрметтің орын алғаны өте-мөте қажет. 

Ардақты пайғамбарымыз жер бетіндегі ең ұлы тәлімгер саналады. Оның тәрбиелеп шығарған адамдары жер былай тұрсын, көк әлемінің шоқ жұлдыздарына айналды. Айша анамыз өзінше бір әлем де, хазірет Әбу Бәкір, Омар, Осман, Әлилер бір-бір әлем. Пайғамбарымыздың сүйікті қызы Фатима да, немерелері Хасан мен Хүсейін де айрықша бір төбе. Олардың әрқайсысын жеке-жеке даралайтынымыз – олардың сүріп өткен өміріне, артына қалдырған мұрасына, өшпес, өлмес үлгі-өнегелеріне байланысты. Мәселен, белгілі бір қажеттілікке байланысты садақа жинауға тура келгенде, хазірет Осман бес жүз түйені жүгімен ортаға әкеліп берді. Қазір кімнің қолынан мұндай жомарттық келеді? Пайғамбарымыз сахабаларын осылай тәрбиелегенде, оларды ұрып-соққан ба еді? Әрине, жоқ. Дәл сол секілді әйелін дұрыстап тәрбиелегісі келген ер Ислам дінінің құндылықтарын түсіндіруі керек.

Мәселеге тағы бір қырынан келсек, бұрыннан таныс емес, жаңа бір елге келін боп түскен әйелдің ең жақын әрі жанашыр адамы − оның күйеуі. Өзге ешкімді танып білмейді. Туған әке-шешесін, аға-інісін, бауырларын, туған жерін – бәрін тастап бейтаныс елге келді. Сол кезде арқа сүйеген күйеуінен қолдау таппаған, дұрыс құрмет көрмеген әйелдің жүрегі қатайып кетуі әбден ықтимал. Анасының орнын енесі, әкесінің орнын қайын атасы басуға тырысады. Бірақ оларға үйреніп, үйлесудің өзі уақытты қажет етеді. Үйлену оңай, үй болу қиын дегеннің бір мәні осында. Сондықтан әйелді ұрып жүріп емес, құрметтеп жүріп тәрбиелеу керек. Қысқасын айтқанда, отбасындағы бақыттың негізгі себебі ерлі-зайыптылар арасындағы өзара құрметке байланысты. Ендеше, Аллаға сенген, ақыретке иман келтірген адамдар бір-біріне барынша құрметпен қарағаны дұрыс. 

"Даналық ойдан дән ізде" атты кітаптан.

 

0 пікір