ҚҰРАНДА ӘЙЕЛДЕРДІ ҮШ ТҮРГЕ БӨЛІП АТАҒАН
ҚҰРАНДА ӘЙЕЛДЕРДІ ҮШ ТҮРГЕ БӨЛІП АТАҒАН
1 ай бұрын 2409 islam.kz/
Дайындаған Райхан Мухаммед

Қасиетті Құранда әйелдер үш түрлі атаумен бөлінген:

  • ЖҰБАЙ (заужаزوجة);
  • ӘЙЕЛ (имра'аامرأة);
  • СЕРІК (сахибаصاحبة).

ӘЙЕЛ АДАМ - ҚАШАН ЖҰБАЙ, ҚАШАН ӘЙЕЛ, ҚАШАН СЕРІК БОЛАДЫ?

Қасиетті Құран жұбай (زوجة) мен әйел (امرأة) ұғымдарының аражігін айқын ажыратқан:

  • Егер еркек пен әйелдің арасында тек физикалық жақындық қана болса, онда ол күйеуі үшін тек әйел (имра'атуһуامرأته) болып саналады.
  • Егер жыныстық қатынаспен қоса, екеуін ортақ ой, үйлесімділік, сүйіспеншілік және бір сенімді ұстану деген құндылықтар біріктірсе, онда ол күйеуі үшін жұбай (зәужә) болып табылады.

«Заужә» (жұбай) сөзіне мысал ретінде, Аллаһ Тағаланың мына аятын келтіруге болады:

{وَمِنْ آيَاتِهِ أَنْ خَلَقَ لَكُم مِّنْ أَنفُسِكُمْ أَزْوَاجًا لِّتَسْكُنُوا إِلَيْهَا وَجَعَلَ بَيْنَكُم مَّوَدَّةً وَرَحْمَةً إِنَّ فِي ذَلِكَ لَآيَاتٍ لِّقَوْمٍ يَتَفَكَّرُونَ} 

«Сендер жүрек тыныштығына қол жеткізулерің үшін өздеріңнен ЖҰБАЙЛАР жаратып, араларыңа сүйіспеншілік пен мейірімділік орнатуы - Оның (Алланың) белгілерінен болып саналады. Расында, мұнда ойланатын қауым үшін белгілер бар» [1].

Немесе:

وَالَّذِينَ يَقُولُونَ رَبَّنَا هَبْ لَنَا مِنْ أَزْوَاجِنَا وَذُرِّيَّاتِنَا قُرَّةَ أَعْيُنٍ وَاجْعَلْنَا لِلْمُتَّقِينَ إِمَامًا 

«Олар: "Раббымыз! Бізге ЖҰБАЙЛАРЫМЫЗ бен ұрпақтарымыздан көз қуанышын бер және бізді тақуаларға үлгі ет!" – деп айтады»[2].

Бұл екі аятта - сені дүниелік және ақыреттік (діни) тұрғыдан қолдайтын әйел ғана "жұбай" бола алатынына нұсқау бар. Көз қуанышы – тек сенімен тура жолда жүретін иманды, тақуа әйел ғана бола алады, сондықтан Құран оны жай әйел емес, «жұбай» деп атап отыр. Тура жолды ұстанбайтын әйелдің жұбай деп аталуға құқығы жоқ, ол тек әйел болып қалады.

Құран Кәрім мүміндердің аналарын (Пайғамбардың жұбайларын) тілге алған кезде, оларды «әзуадж» (أزواج) деп атаған, бұл сөз жұбай мағынасын береді, әйел емес. Себебі олар Пайғамбармен (صلى الله عليه وسلم) – яғни өз жарларымен – ортақ сенімде болып, оны әрдайым қолдаған және Алла мен Оның Елшісінің ({صلى الله عليه وسلم) разылығын алып бұл дүниеден өткен.

Алла Тағала былай дейді:

النَّبِيُّ أَوْلَى بِالْمُؤْمِنِينَ مِنْ أَنفُسِهِمْ وَأَزْوَاجُهُ أُمَّهَاتُهُمْ 

«Пайғамбар мүміндерге олардың өздерінен де артық, ал оның ЖҰБАЙЛАРЫ – олардың аналары» [3].

Алайда, белгілі бір себептермен немесе жағдайларға байланысты, еркек пен әйелдің арасында жыныстық қатынастан басқа екеуін байланыстырып тұратын ішкі жан дүниелері немесе ортақ идеологиялары болмаса, ұстанымдары бөлек, ішкі жан дүниелері үлеспейтін болса, Құран ондай әйелді «ӘЙЕЛ» деп атайды. Мысалы, «Әт-Тахрим» сүресінде Алла Тағала Нұх пен Лұттың (عليهما السلام) әйелдері туралы сөз қозғаған кезде, оларды "ЗАУЖӘ" деп  емес, "ИМРА'А" (әйел) сөзін қолданған. Алла Тағала «Нұхтың жұбайы» немесе «Лұттың жұбайы» деместен, айқын түрде «Нұхтың әйелі» және «Лұттың әйелі» деп айтқан. Алла Тағала былай дейді:

{ضَرَبَ اللَّهُ مَثَلًا لِّلَّذِينَ كَفَرُوا امْرَأَتَ نُوحٍ وَامْرَأَتَ لُوطٍ} 

«Аллаға иман етпейтіндерге Нұхтың ӘЙЕЛІН және Лұттың ӘЙЕЛІН мысалға келтірді...» [4]

Шындығында, бұл екі әйел де пайғамбарлардың әйелдері болғанына қарамастан, иман етпей, кәпір болып өткен. Олардың бұл күпірлігі оларға күйеулерінің жұбайы болуға мүмкіндік бермеді. Осы себепті олар пайғамбарлардың қамқорлығындағы әйелдер ғана болды.

Сондай-ақ, Перғауынның әйелі Әсия бинт Музахимді де Құранда жұбай емес, әйелі деп атаған, себебі Әсия анамыз бір Құдайға сенетін, күйеуінің құдай екендігін жоққа шығарған еді, сол себепті де күйеуімен ортақ сенімге ие емес, сол себепті оған "имра-а", яғни, "әйел" сөзін қолданған. Алла Тағала ол туралы былай дейді: 

{وَضَرَبَ اللَّهُ مَثَلًا لِّلَّذِينَ آمَنُوا امْرَأَتَ فِرْعَوْنَ} 

«Ал, иман келтіргендерге Алла Тағала перғауынның ӘЙЕЛІН мысалға келтірді...» [5]

Себебі, оның және перғауынның арасында жанды байланыс, сүйіспеншілік пен үйлесімділік болмады, өйткені ол мүмін, ал күйеуі кәпір еді. Осы себепті ол оған жұбай (заужа) емес, тек әйел (имра'а) ғана болды.

Жұбай (заужа) және Әйел (имра'а) сөздерінің Құрандағы керемет тәпсіріне Зәкәрия пайғамбардың ({عليه السلام) мысалын да келтіруге болады. Ол Аллаға мұрагер сұрап дұға еткенде:

وَكَانَتِ امْرَأَتِي عَاقِرًا فَهَبْ لِي مِن لَّدُنكَ وَلِيًّا 

«...себебі ӘЙЕЛІМ бедеу. Маған Өз тарапыңнан мұрагер бере гөр...» – деді.

Аяттан көріп тұрғанымыздай, Зәкәрия (عليه السلام) «жұбай» емес, «әйел» сөзін қолданған, ал оның әйелі иманды болғаны белгілі. Ол неге «жұбай» деп айтпады? Бұған ғалымдардың өз түсіндірмесі бар. Ғалымдар айтқан: "Оның және әйелінің арасында көп жылдар бойы бала тумауына байланысты келіспеушіліктер болғандықтан, Зәкәрия пайғамбар оны жұбай емес, әйел деп атаған болуы мүмкін", – дейді.

Бірақ Алла Тағала оның әйелін дұрыстыққа бастап, пайғамбарына Яхя атты ұл дүниеге келетінін сүйіншілегеннен кейін, оның әйелі оған жұбай болды. Бұған дәлел ретінде Алла Тағала оны «заужә» – жұбай деп атаған аятты келтіреміз:

{فَاسْتَجَبْنَا لَهُ وَوَهَبْنَا لَهُ يَحْيَى وَأَصْلَحْنَا لَهُ زَوْجَهُ} 

«Біз оның дұғасын қабыл еттік, оған Яхяны сыйладық және оның ЖҰБАЙЫН оған қабілетті еттік...» [6]

Сондай-ақ, Құранда Әбу Ләһабтың әйеліне қатысты "әйел" сөзін қолдануы арқылы, оны мен әйелінің арасындағы алшақ қарым-қатынастың барын әшкереленгенін түсінеміз. Алла Тағала олар туралы былай дейді:

 t{وَامْرَأَتُهُ حَمَّالَةَ الْحَطَبِ} 

«ӘЙЕЛІ де (тозаққа) отын тасушы болады...» [7]

Яғни, екеуі де кәпір болып, Алланың дінін жек көргеніне, екеуі де ортақ жаман сенімді ұстанғанына және Алланың Елшісіне (صلى الله عليه وسلم}  дұшпандық жасағанына қарамастан, оның және әйелінің арасында үнемі мәселелер, ұрыс-керістер туындап отырған. Осы себепті, Алла Тағала оның әйелін Әбу Ләһабтың жұбайы демей, онымен күйеуінің арасындағы тұрақты ұрыс-керіс салдарынан "әйел" деп атаған.

Қиямет күні, еркек пен әйел арасындағы мейлі физикалық, мейлі жанды болсын, барлық байланыс үзілгенде, айыру күні әйел сахиба ({صاحبة), яғни серікке айналады.

Бұл туралы Аллаһ Тағала былай дейді:

يَوْمَ يَفِرُّ الْمَرْءُ مِنْ أَخِيهِ، وَأُمِّهِ وَأَبِيهِ، وَصَاحِبَتِهِ وَبَنِيهِ 

«...ол күні адам өз бауырынан, анасынан және әкесінен, әрі өз серігінен (әйелінен, сахибатиһи, яғни серігінен), өз ұлынан қашады...» [8]

Алла Тағала жұбайларымыз бен ұрпақтарымызды намаз оқитындардан еткей! Әмин!

(Мақала орыс тілінен аударылды).


 [1] (ар-Рум, 21).
[2] (аль-Фуркан, 74)
[3] (аль-Ахзаб, 6).
[4] (ат-Тахрим, 10).
[5] (ат-Тахрим, 11).
[6] (аль-Анбийа, 90).
[7] (аль-Масад, 4).
[8] (Абаса, 34-36).

0 пікір