Бүгінде әлеуметтік желілерде ажырасқандарын жар салу құбылысы белең алып барады. Қазақтың келіншектері отбасынан ажырасқанын еш жасырмай, керісінше жұртқа жар салып жариялап, оның себебін егжей-тегжейлі түсіндіріп жатады. Бірі күйеуінің мінін айтып ақталады, енді бірі «енді бақыттымын» деп көрсетуге тырысады, бірі шеттей бала-шағасы бола тұра он-жиырма жылдық некені бұзғандарын айтып, сүйінші сұрап жатқандарын аз көрмейсіз. Бұл құбылыс, өкінішке қарай, қоғамда ажырасуды қалыпты, тіпті сәнге айналған құбылыс ретінде насихаттау деген сөз. Отан – отбасыдан басталады десек, отауы ортасына түскен отбасылар көбейген отанда не береке қалады дейсіз.
Бұрындары ер мен әйелдің арасындағы дау мен жанжал, тіпті ажырасу сияқты мәселелер — отбасының ішкі ісі саналып, оны сыртқа жаю ұят, арға сын іс деп есептелетін. Қазақ әйелдері «қол сынса жең ішінде» деп, ерінің абыройын да, өз ұяты мен баласының болашағын да сақтауды бірінші орынға қойған. Ал қазір әлеуметтік желіде «еркіндік», «жаңа өмір» ұранының астында ұят ұғымы жоғалып бара жатқандай.
Мәселенің ең ауыр тұсы – мұндай жазбаларды мыңдаған әйел оқиды. Ал олар да тұрмыстық бір қиындыққа тап болғанда, әлгі жазбалар естеріне түсіп, «мен де ажырасып кетсем бе екен?» деген ойға қалуы әбден мүмкін ғой. Осылайша бір адамның жеке әрекеті жүздеген адамның санасына әсер етіп, ажырасуды «қалыпты шешім» ретінде қабылдатуда. Бұл — ашық насихаттың ең қауіпті түрі.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзінің хадисінде:
«Халал істердің ішінде Алла Тағалаға ең сүйкімсізі – талақ (ажырасу)» – деген. Яғни дінде ажырасу рұқсат етілгенімен, ол соңғы амал болып саналады, шарасыз сәтте ғана қолданылатын шешім болуы керек. Ал оны ашық түрде жарнамалау – күнәні әшкере ету, әбес нәрсені мақтан етумен бірдей.
Негізінде әлдебір күнәні немесе оғаш ісін әңгімелемей, оны жасырғаны абзал. Оны Алланың кешіріміне қалдырғаны жақсы.
Жалпы айтқанда, төл дініміз өткен күнәні айтып отыруды құптамайды, "жақсы нәрсе айт, не болмаса үндеме" дейді. Ондағысы – сол күнәні естіген өзге біреу де істегісі келіп, осылайша қоғамда күнә жайылуы мүмкін дегендік. Бұның мақсатына қарасақ, тек күнә істерге ғана емес, қоғамға зияны тиетін өзге оғаш тірліктерді де лаж болса жарияламаған дұрыс екендігін түсінеміз. Кімде-кім өз айыбын жасырып, тәубе етсе – Алла оның айыбын екі дүниеде де жасырады. Ал біз болсақ, ұят істерді жасырмақ түгілі, көпшілікке жариялап, лүпіл мен пікір жинауға ұмтылудамыз. Бұл – діннің рухына, иманның тәрбиесіне кереғар жағдай. Әрине, жалпы алғанда қоғамның проблемаларын айтып, елге естірткен жақсы нәрсе, бірақ онымыз насихатқа айналмауы тиіс.
Онсыз да ажырасу саны өсіп жатқан мына заманда, оны қолдап, өршітудің қажеті шамалы. Әрине, әркімнің өмірі өзіне. Ажырасу да – өз шешіміңіз. Оған құрметпен қарауға болады. Бірақ оны дүйім жұртқа жар салу – өзіңізді ақтап алудан гөрі, өзгеге "сен де ажырас!" деуге көбірек жақын. Ол қоғамға зиян. Ешкімге де пайда әкелмейді. Керісінше, сіздің сол әрекетіңіз өзге біреудің отбасына сызат түсіріп, қоғамның іргесін шайқалтуы ықтимал. Сондықтан әркім жеке өміріндегі ажырасқандығын мақтанышпен жұртқа жарияламай, іштей өзарасында қалғаны абзал.
Ендеше, бізге керегі – ажырасуды насихаттау емес, берекелі отбасы құндылығын дәріптеу. Келіспеушілік болса да сабыр сақтау, кеңесіп шешім табу, кешіре білу мәдениетін қайта жаңғырту қажет. Әлеуметтік желіде ажырасуды емес, татуласуды, сүйіспеншілікті, сабыр мен түсіністі насихаттайтын жазбалар көбейсе – сонда ғана қоғам сауықпақ деп ойлаймыз.
Алла Тағала баршамызға тауфиқ пен һидаят сыйласын. Отбасымыз баянды болсын!