«Зайыбы» — ерінің елеусіз қалдырғанына, үнемі жұмысбастылығына шағымданады.
«Ер азамат» — жарының жүзінен жылулық пен күлкі кеткеніне налиды. Соңында не болады? Шаттық пен қуаныштан жұрдай, берекесі қашқан үй...
Күн көзі түспеген жерді кесел жайлайтыны секілді, шуақ кеткен шаңырақты да мұң мен реніш торлайды. Әр тараптың өзінше «қисынды» сылтаулары табылары сөзсіз. Біз өз кезегімізде ерлі-зайыптыларға үй ішіндегі «салқындықты» жойып, татулық орнатудың бірнеше қадамын ұсынамыз.
Бірінші: Екі тарапқа да ортақ насихат
-
Іштегі кірбіңді сақтамаңыз: Ерлі-зайыпты арасындағы өкпе-реніштің жиналуы және оны айтпай іште сақтау — жылы сезімдерді жегідей жеп, өткен күндердің тәтті естеліктерін өшіреді. Реніштің соңы кекке айналмауы тиіс.
-
Ашық сөйлесу — татулықтың кілті: Көңілдегі кірбіңді бірін-бірі кінәламай, жылы үнмен, ашық әрі түсінікті етіп дер кезінде жеткізе білу керек. Сөзіңіздің нысанасы — адам емес, мәселе болсын.
-
Қажеттілікті жасырмаңыз: Екі тарап та бір-бірінен не күтетінін, не нәрсеге мұқтаж екенін қымсынбай, ашық диалог арқылы талқылағаны маңызды.
-
Қыңырлық — шаңырақтың жауы: Егесу мен қырсықтық — үйдің берекесін қашыратын ең төте жол. Ерлі-зайыптының бірін-бірі тыңдамай, тек өз дегенін істетуі — олардың ақыл тоқтатпағандығының белгісі.
-
Төрелік айтқандай кесіп сөйлемеңіз: Отбасылық қарым-қатынаста «Менің айтқаным — заң», «Үзілді-кесілді қарсымын» деген сияқты соңғы үкімдер болмауы тиіс. Өзара түсіністік — қарым-қатынастың арқауы.
-
Тек біреудің ғана дегені болмайды: Салауатты отбасында біреуі ылғи «құрбан», екіншісі ылғи «өктем» болмауы керек. Бір тарап тек өз пікірін өткізуге тырысып, екінші тарап үнемі өз ойынан бас тарта берсе, ол одақтың ғұмыры ұзақ болмайды.
Екінші: Отағасына құлаққағыс.
-
Жарыңның жүзінен күлкі қашса, демек ол саған белгі беріп тұр: Есіңде болсын, әйеліңнің қабағы түсіп, үнсіз қалғаны — «маған сенің қолдауың мен назарың керек» деген жан айқайы. Сондықтан тосылып қалмай, бірден жылы сөйлеп, әңгімеге тарт.
-
Әйел затының намысы мен нәзіктігін ескер: Оның іштегі өкпесін айтпай жүруі — тәкәппарлықтан емес, кейбір нәзік немесе сезімтал мәселелерді айтуға қымсынатын асыл намысынан болуы мүмкін.
-
Үнсіздікке үнсіздікпен, елемеуге суықтықпен жауап берме: Арадағы «мұзды» еріту үшін алғашқы қадамды өзің жаса. Сөйлеспей қалу — арадағы алшақтықты ұлғайтады, сондықтан «судың қайта арнасына түсуіне» мүмкіндік жаса.
-
Жан жарыңның көңіліне тиетін, әсіресе сырт келбетіне қатысты кекесін сөздер айтпа: Тілдің уы мен ащы мысқыл — отбасылық жанжалды өршітетін ең қауіпті «жанармай».
-
Әйеліңмен «жеңісемін» деп егеспе: Ер мен әйел — бір-біріне бәсекелес емес. Оған қожайын емес, қорған, төреші емес, сүйеніш бола біл. Кең болсаң — кем болмайсың.
Үшінші: Отанасына (Хауа анаға) құлаққағыс:
-
Отағасының жұмыстан шаршап келуін ескер: Ерің табалдырықтан аттағаннан суық хабар мен жағымсыз жаңалықты алдынан жайма. Кез келген мәселені талқылау үшін оңтайлы сәт пен жылы тәсілді таңдай біл.
-
«Бала-шаға, үй тірлігі» деп еріңді назардан тыс қалдырма: Оның материалдық қажеттілігімен қоса, рухани және сезімдік мұқтаждығына басты назар аудар. Үйінен жылулық таппаған еркек, сол жылуды түзде іздеуге бейім келеді.
-
«Ол менің жағдайымды біле тұра елемейді» деп тон пішпе: Көп жағдайда ер азаматтар әйелінің ішкі мұңын сезбеуі мүмкін. Ол әдейі істеп жатқан жоқ, тек сен іштегіні ақтарып айтпаған соң, ол сені түсінбей жүр. Өзіңді білдіре біл.
-
Еріңнің абыройы мен еңбегін қадірле: Оның адал нәпақа тауып жүрген қауқарын бағала. Оны өзгелермен, табысы көп немесе тұрмысы жақсы таныстармен салыстырып, намысына тиме.
-
Көңіл кірбіңін «май сезім» кезінде айт: Саған ұнамайтын әрекеттерін іште сақтамай, екеуара сырласып, жайраңдап отырған сәтте биязы жеткіз. Оған: «Маған мына нәрселер ауыр тиеді, осыны істемеуге көмектесші» деп жәрдем сұрағандай айтсаң, ол міндетті түрде саған құлақ асады.
Қасиетті Рамазан айының берекесін пайдаланып, осы кеңестерді өмірде қолданып көріңіздер. Отбасындағы ұрыс-керіс пен берекесіздік тек көңіл-күйді ғана емес, адамның денсаулығын да құртады. Үнемі күйзелісте жүру — ер мен әйелдің ағзасындағы гормондарды (кортизол) бұзып, созылмалы ауруларға алып келеді. Бақытты өмір — денсаулықтың да кепілі.
Шетелдік араб тілді діни сайттан аударылды. Қазақшалаған: islam.kz