Асығыстық пен тойымсыздық жайында бірер сөз
Асығыстық пен тойымсыздық жайында бірер сөз
4 жыл бұрын 3577

АСЫҒЫСТЫҚ

«Асығыстық біраз істің бұзылуына әкеп соғады. Қалаған ісіңді бірте-бірте, бірақ мықтылап жасауың керек. Есіңде болсын, Алла адам баласын әсте-әсте, біртіндеп қырық жылда кемелдендіреді». Мәуләнә Ж. Руми.

Уақыт пен тағдырға байланысты етілген көптеген істер бар. Олардың нәтижесі біздің асығыстығымызға қарай емес, өзінің табиғи барысына орай іске асады. Оның табиғи жүйесіне асығыстықпен араласу – оны бұзуға әкеп соғады. Мысалы, бір ана ішіндегі шақалақтың жетіліп, дүниеге келуі үшін тоғыз айдың толуы қажет. Ал, егер ерте туылсын деп асығатын болса, яғни уақыты толмаса да оның туылуына араласу шақалақтың өмірін қатерге тігу болмақ. Қазіргі таңда, тек жазда өнім беретін жемістер мен көкөністерден мезгілсіз әрі аз уақыт ішінде өнім алу үшін химиялық қоспалар қосады, алайда ол жемістердің денсаулығымызға қаншалықты зиян екені баршамызға мәлім.

Тоқ етерін айтқанда, «ақырын жүр де, аңдап бас» демекші, дұрыс әрекет әрқашан да байсалдылықтың жемісі болмақ. Сондықтан да, Әзіреті Пайғамбарымыз саллаллаһу алейһи уә сәлләм өз хадисінде былай деп өсиет еткен:

«Байсалдылық – Алладан, ал асығыстық – шайтаннан»[1].

ТОЙЫМСЫЗДЫҚ

«Тойымсыздық пен дүниеқұмарлық адамды ақысы болмаған, өзіне тиесілі болмаған нәрселерге қол сұғуына итермелейді». Мәуләнә Ж. Руми.

Тойымсыздық пен дүниеге деген жүгенсіз құштарлық сезімі адамның өз мүддесін басқалардан жоғары қою, яғни экоистік қасиетінің шарықтау шегіне жеткендігінің нәтижесі. Мұндай адамдар өздеріне де, өзгелерге де зарар беруден басқа қандай да бір пайдаға қол жеткізе алмақ емес.

«Қазы (сот) жүрегімен пара алуға шешім қабылдаса, залым мен мазлұмды (жәбірленуші, әділетсіздікке ұшыраушы) әсте ажырата алмайды». Мәуләнә Ж. Руми.

Амалдар ниетке байланысты. Егер ниет түзу болмаса, амал да дұрыс болмайды. Қисық сызғышпен түзу сызық сызылмайды. Қисықтың көлеңкесі де қисық болады.

«Адам деген жұмбақ әлем» атты кітаптан.


[1] Имам Тирмизи: «Сүнән» - Бирр (66) №2012.

0 пікір