Жел неден болады?
Жел неден болады?
6 жыл бұрын 6744
Ахмет Байтұрсынұлы

Желсіз тып-тынық күн болмайды. Ертеңгісін күні тып-тынық болып тұрса, зауал ауа жел біліне бастайды. Мәселен, жазды күні ауа әлі тынық болса, әлі жел соғып кетіп басыла қояды. Мұны қазақ бөгелектің желі дейді. Тып-тынық жел білінбей тұрса да, атқа мініп шапсақ қоңыр салқын жел есіп қоя береді. Тымырсық ыссыда қазақ атына мініп жолаушылап тарта береді. Атқа мінген соң қазір жел соғып салқын болады дейді.

Сол жел қайдан шығады? Сол желді қандай күш соқтырады? Мұсылмандар жел кереметпен соғатындай көреді. Сырапыл періште желді басқарып тұрады, желді соқтырып, соқтырмау Сырапылдың қолында дейді. Бұл рас па? Ғылым не дейді?

Ауа – серпімді нәрсе. Серпімді нәрсе деп қысса қысылып, қысуды қойса жазылып кететін нәрсені айтады. Мәселен, түтін - серпімді нәрсенің бірі. Жан-жағынан қоршамаса, түтін сияқты, ауаны ұстап тұруға болмайды, жан-жаққа тарап кетеді. Мәселен, түтінді жібермейін десең жан-жағын бітеп қоясың ғой. Қимайы я ыс салғанда түтіннің жан-жағын бітемесе болмайды. Ауа да сол түтін сықылды, жан-жағына тарап кетеді. Неге тарап кетеді? Ол мынадан: қатты тас сияқты нәрсені бітемей-ақ, кез-келген жерге тастасаң азаймайды да, көбеймейді де, орнында жатады. Қатты нәрсе түтінше жан-жағына тарап кетпейді. Үйткені, тастың түйірлері бір-бірімен мықтап ұстасулы. Ол түйірлерін тарату үшін өзінен де қаттырақ нәрсемен ұру керек. Суды аузы ашық болса да, түбі айналасы бар ыдысқа құймасаң, тарап ағып кетеді, оның себебі, тастан гөрі су түйірлерінің ұстасуы әлсізірек. Ауаны ауызы ашық ыдысқа да ұстап тұра алмайсың, үйткені ауаның түйірі бірімен-бірі ұстаспайды. Ауа серпімді. Серпімділігімен жан-жаққа тарай бермеске амалы жоқ. Сонымен, ауа өрісі тозғанда сусып, жерге тоқтамайтын мал сықылды болады.

Ауа жылжымалы болса, қалай жылысады? Ауа бұлай жылысады. Жылы ауа жоғары шығады. Салқын ауа төмен түседі. Ол неліктен? Ол мынадан: қызған нәрсенің тұлғасы ұлғайып, көп орын алады, суыған нәрсенің тұлғасы семіп аз орын алады. Мәселен, қазандағы сүт қайнаса тасып төгіле бастайды. Үстіне қатындар мұздай су құйса, салқындаңқырап басыла бастайды. Ауа да сондай: қызса ауа да сүтше орынды көп ала береді. Орынды көп алғанмен арасы сирейді, бірақ салмағы артпайды. Салқын ауа тығызырақ. Сирек ауадан тығыз ауа әрине, салмақтырақ болады. Салмақты нәрсе астына түсіп, жеңіл нәрсе үстіне шығады. Мәселен, ағаш судан жеңіл, соның үшін ағаш су бетінде жүзеді, батпайды. Су майдан ауыр, соның үшін еріген май құйған ыдыстың ішіне су құйсаң май бетіне шығып, су астына кетеді. Ет асқанда астында жатқан еттің майы сорпаның бетіне шығатыны да сонан. Қызған ауаны салқын ауа сығып, еттің майы сорпаның бетіне шыққаны сықылды жоғары шығарады. Жердің бетін Күн жылытады, бір жерді көбірек, бір жерді азырақ жылытады. Көбірек жылынған жердегі ауа жоғары көтерілмеске амалы жоқ. Жылы ауа жоғары көтерілген соң, орны бос қалады. Оның босаған орнына қарай екінші жердегі сыбайлас суық ауа жылысады, үйткені ауа жылысқақ, серпімді екенін көрдік.

Суық ауа ауыр болған соң, жердің бетімен жылысады. Ауаның жылысқанын жел дейміз. Міне, желдің соғатын себебі осы. Жел табиғаттың заңымен амалсыз соғады. Оны ешкім я соққызып, я қойғыза алмайды. Күн әлі жылынып, әлі салқындап тұратынын біз білеміз. Соның үшін жел де әлі соғып, әлі тынып тұрады.

Желдің соққаны керемет емес, қайта соқпағаны керемет болар еді. Неге десең, Күн жерді қыздырмай, жердің бәрінің суықтығы бірдей болса ғана жел болмас еді, мұндай нәрсе болып көрген емес. Күн қыздырып тұрса да, әр жердің жылылық, суықтығы түрліше болып тұрса да, жел соқпаса керемет сонда да болар еді. Сүйтіп ауа қызып, бір жерде жоғары шығады, бір жерде салқындап төмен түседі. Қызған ауа салқын жаққа қарай жөнеледі, салқын ауа ыссы жаққа қарай жылысады.

Жоғары-төмен де, жер бетімен де жылжып тұрған ауа. Ауа тынбай дүниені мәңгілік шырқ айналады да жүреді. Желдің себебі не екенін білген соң, қалай қарай соғатынын да түсінуге болады. Біздің қазақ даласында жел қысты күні көбінесе Арқадан соғады. Орал, Торғай халқы, «Жайық басынан жел тұрды; Жайық басынан жел тұрса, жаз да болса қыс болар» дейді. Ол неліктен? Оның себебі мынау: біздің Арқа жағымыз суық, күн жағымыз қысты күні де жылы. Жылы жақтың ауасы қызып, жоғары шыққан соң, қысы ылғи суық болып тұратын мұз теңіз жағының суық ауасы оңтүстікке қарай ауады. Жазды күні күндіз қырда ыссы болып тұрғанда, суға жақындағанда, бетке қоңыр салқын жел тиеді ғой, үйткені қырда тез күндіз ысып, ауасы жылып, жоғары шығады, су жерден кешел жылынады, олай болған соң, ауасы да салқын болады. Судың салқын ауасы қырдың ысып, жоғары көтерілген ауасының бос орнына қарай жылысады.

Тек жер бетінде ғана емес, аспанда да жел болады. Неге десеңіз, ауа тек жер бетімен ғана жылыспай, аспанмен де жылысады, аспанға шыққан жылы ауа салқын жаққа қарай ауады. Аспанға ұшқан адамдар айтады: жоғарыда жел ерсілі-қарсылы соғып тұрады деп. Желдің ерсілі-қарсылы соғатынын бұлттан байқауға да болады. Мәселен, бір жақтан жел соғып тұрғанда, екінші жақтан қарсы бұлт ойнап шыға келіп, қарсы жел тұрғызады. Биік тауларда да осыны аңғаруға болады. Атлант мұхитының ортасында «Ненереб» деген аралда биік тау бар. Сол таудың бауырында жел Арқадан оңтүстікке қарай соғады да, басына үш жарым шақырым шыққанда оңтүстіктен Арқаға қарай соғады. Онан жоғары барсаң, аяз болады. Әлгі үш шақырым биікте оңтүстіктен жүретін жылы ауа. Аралдан оңтүстікке қарай жылы жел енді үш жарым шақырым емес, 5-8 шақырым жоғарыда жүреді. Бұл оңтүстік жылы жақтан солтүстік суық жаққа қарай жүрген ауа салқындап, төмен түсетінін көрсетеді.

Міне, желдің қалай соғатыны: ауа жер жүзін кезеді. Әуелі ауа бір жерден екінші жерге жылысады. Ілгері-кейін жылысады, екінші, ауа жоғарыдан төмен, төменнен жоғары жылысады, жерден көкке шығады, көктен жерге түседі, өмірде тыным таппайды.

0 пікір